
Авторлар екіжақты ынтымақтастықтың өңірлік форматтарға қатысу, көлік дәліздерін дамыту, гуманитарлық бастамалар және басқа да маңызды мәселелерін қарастырған. Жинақтың кіріспесінде Әзербайжан мен Қазақстанның табысты ынтымақтастығы ежелден келе жатқан достық пен өзара құрмет, сондай-ақ мәдени құндылықтардың, дәстүрлердің, тілдердің, діннің және т.б. ұқсастық аясындағы берік негізге ие екені айтылған.
«Екі тәуелсіз мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар сонау 1992 жылдың тамыз айында орнатылып, 2004 жылғы 1 наурызда Астанада Әзербайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы достық қарым-қатынас пен стратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойылды. Ал 2005 жылғы 24 мамырда Бакуде Әзербайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік және одақтастық туралы шартқа қол қойылды. Осылайша, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар саясат, экономика, көлік-логистика, инвестиция, мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл және т.б. сияқты ынтымақтастықтың әртүрлі саласын қамтып келеді. Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы көп жылғы табысты серіктестік қарым-қатынастары уақыт сынынан өткен және табысты дамып келеді. Айта кету керек, екі мемлекеттің өзара іс-қимылы екіжақты және көпжақты қарым-қатынастар аясында да құрылған», делінген жинақ кіріспесінде.
Сондай-ақ халықаралық Транскаспий көлік бағыты аясындағы ынтымақтастық, елдердің қолайлы транзиттік әлеуеті мен логистикалық мүмкіндіктері олардың халықаралық жүк тасымалдаудағы маңыздылығының артуына ықпал ететіні де қамтылған.
Жинақта ҚСЗИ басшылығы мен сарапшыларының мақалаларына да ерекше орын берілген. Институт директоры Еркін Тұқымов «Қазақстан мен Әзербайжан: ынтымақтастық перспективалары» атты мақаласында екі елдің өз өңірлерінде көшбасшы рөл атқара отырып, тұрақты өңіраралық байланыстарды қалыптастыруға әлеуеті бар екенін атап өтеді. Қазақстан мен Әзербайжанның экономикалық, технологиялық және адами ресурстары өзара тиімді әріптестіктің негізіне айнала алады. Автор цифрлық мемлекет қалыптастыру, транзиттік қауіпсіздік және білім экономикасын дамыту сияқты басым бағыттарға назар аударып, қазіргі заманғы сын-қатерлерді еңсеру үшін ұзақмерзімді серіктестіктің сараптамалық көзқарасын қалыптастыру қажеттігін баса көрсетеді.
Өз мақаласында еліміз цифрлық технологияларды енгізу бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы ел екеніне тоқталған Е.Тұқымов қазіргі уақытта БҰҰ рейтингінде Қазақстан онлайн қызмет көрсету бойынша әлемде 8-орында, ал электронды үкіметті дамыту бойынша 28-орында екенін атап өткен.
«Кейінгі жылдары Әзербайжанда ақпараттық қауіпсіздік пен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін елеулі қадамдар жасалды. Мұндай шаралар Әзербайжанның киберкеңістігін нығайтып қана қоймайды, сонымен қатар елдің цифрлық экономикасының дамуына ықпал етіп, оны шетелдік инвестициялар үшін тартымды етеді және ұзақмерзімді келешекте тұрақты дамуды қолдайды. Бұл даму бағыты Қазақстан мен Әзербайжанның цифрландыру саласындағы ынтымақтастығының кеңістігін кеңейтеді. Цифрлық және қаржылық технологияларды дамыту екі елдің де бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырып, олардың экономикасының цифрлық трансформациясын қолдауға мүмкіндік береді», дейді ҚСЗИ директоры.
Осы орайда қазіргі таңда Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып жатқанын айта кеткен жөн. Бұл жоба Еуропадан Қытайға цифрлық телекоммуникация дәлізін құруды көздейді. Жоба 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Жалпы алғанда, екі мемлекеттің ынтымақтастығы цифрлық мемлекетті дамыту тұрғысынан жаңа тынысын ашып келеді.ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әлия Мұсабекова «Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастық» атты мақаласында екі елдің энергетика саласының кеңестік кезеңнен бастап тарихи дамуын талдайды. Әзербайжан әлемдегі ең көне мұнай өндіруші елдердің бірі ретінде көмірсутектерге баса назар аударса, Қазақстан көмір генерациясына басымдық бере отырып, қуатты отын-энергетикалық кешен қалыптастырды. Автор тәуелсіздік алған сәтке дейін екі елдің энергетика саласында жеткілікті деңгейде дамығанын, бұл 90-жылдардағы дағдарыстардан аман шығуға мүмкіндік бергенін атап өтеді. Технологиялық жетіспеушілікке жауап ретінде Қазақстан мен Әзербайжан шетелдік серіктестермен бірлескен кәсіпорындар құру стратегиясын әзірлей бастады.
ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекшісі және бас сарапшылары Айдар Құрмашев пен Әлішер Тастенов «Қазақстан мен Әзербайжан: жаңа орта державалар» атты мақаласында мемлекеттің әлемдік аренадағы мәртебесінің маңыздылығы туралы ой қозғайды. Елдерді «шағын», «орта», «ірі» державалар ретінде жіктеудің нақты критерийлері болмағанына қарамастан, авторлар мемлекеттің сыртқы сын-қатерлерге қарсы тұру және халықаралық қоғамдастыққа ықпал ету қабілетінің маңыздылығын атап көрсетеді. Мақалада Оңтүстік Корея, Түркия, Израиль, Индонезия сияқты елдердің мәртебесін айқындаудың жаңа тәсілдері қарастырылады. Олар әлемдік саясатта маңызды рөл атқаратын елдер ретінде талданады.