Қоғам • 19 Ақпан, 2025

Мейірім сезінбеген бала тығырыққа тіреледі

95 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздегі балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы кейінгі кездері бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көтерілетін күрделі мәселелердің біріне айналды. Алғашында қайғылы оқиғалардың басты себебі ретінде ҰБТ, компьютерлік ойындар, атышулы «Көк кит» ойыны аталатын. Қазір себептерінің ауқымы кеңейген. Сарапшылардың пікірінше, себепті сырттан іздемей, отбасындағы қарым-қатынасты жақсартып, тәрбиеге мұқият қараған жөн.

Мейірім сезінбеген бала тығырыққа тіреледі

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Қазақстан қоғамдық даму инс­ти­ту­ты­ның зерттеулеріне сүйенсек, сауалнамаға тар­тыл­ған респонденттердің 13,8%-ы туыстары немесе таныстары арасында баланың немесе жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсау фактілері болғанын айтқан. Мұндай қайғылы оқиға жиі байқалған өңірлердің көш басында Алматы (25,4%), Астана (19%), Шымкент (16%), Қарағанды облысы (21,2%), Батыс Қазақстан облысы (17,2%), Атырау облысы (15,4%) тұр.

Респонденттердің пікірінше, балалар мен жасөспірімдерді суицидке итермелеуге негізінен күштік және психикалық зорлық-зомбылық (30%), ата-аналар тарапынан түсіністік пен қолдаудың болмауы (29,2%), достарының немқұрайдылығы (28,3%) себеп болып жатады екен. Сондай-ақ сауалнамаға қатысушылардың төрттен бірінен астамы (27,3%) компьютер мен интернетке тәуелділікті басты мәселе ретінде атап өткен.

Осылайша, еліміз үкіметтік деңгей­дегі үлкен істерді қолға ала бастады. Түрлі бағ­дарлама жүзеге асырылып, оқушылар­дың әр адымын аңдып жүретін жағдайға жеттік.

Биыл жыл басында бұрынғы вице-премьер Тамара Дүйсенова журналистер сұрағына жауап бере келе, мектептерге фин бағдарламасы енгізіліп, ол бойынша ақпан айының соңында өрескел және қайғылы жағдайдың себептері белгілі болатынын айтқан еді.

«Қорқыту, суицидке қатысты қоғамда өзекті мәселе бар. Бізде жобалық кеңсе құрылды. Төрт мемлекеттік органның төрт вице-министрі төрт топты басқарады. Біз еліміздегі 200 мек­теп­ті алдық, онда осы мәселелер өзекті болып, фин бағдарламасын енгізе бас­тадық. Ұлттық, халықаралық институт­тардың психологтері тартылды», деді Т.Дүйсенова.

Психологтер балалар суицидіне үй­дегі ұрыс-керістің де себеп болып жат­қанын жиі айтады. Яғни ата-ананың бір-бірімен жанжалдасуынан бөлек, олардың балаға деген қатал, қатыгез қарым-қатынасы оны өмірден қажытып, тығы­рыққа тірейтіні аян. Психолог Мөл­дір Сабырбекова ата-ананың баламен ашық сөйлесуі, бүкпесіз әңгімеге тартуы суицидтің алдын алудың алғашқы қадамы деген пікірін жеткізді.

«Оқушылар арасындағы өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін негізгі фактор – стресс. Менталитет пен тұрмыстық жағ­дай­дың виртуалды әлеммен сәйкес кел­меуі салдарынан қоғамда стреске тұрақ­сыздық туындап жатыр. Мәселен, қаза­қы ортадағы түрлі шектеу, белгілі қағида­лар мен талаптарды сіңірген бала шека­ра аймағында тәрбиеленген адамнан күн­нен-күнге дамып келе жатқан әлем ақпараттарын қабыл­дап, еркіндікке толы шектеулерсіз өмірлік қағидаларға сәйкестенуге мәжбүр. Сонымен қатар өзі түгіл ата-анасына бей­мәлім болып келетін, маңызды ақпаратқа қатысты таңдау жасап, шешім шығаруы қажет. Шешім шығарайын десе, тұрмысы рұқсат етпейді. Тұрмысын түзейін десе, ақша жоқ, ақша табайын десе, жасы жет­пейді. Ал есеюге уақыт керек. Сөйтіп, пси­хикалық және физика­лық тұрғыда энергия жетіспеушілігін сезінеді. Нәтижесінде, ойын айтса, ата-анасы дұрыс түсінбейді», дейді Мөлдір Өнерқызы.

Оның айтуынша, мектеп жасындағы оқушы ойын түсінікті етіп жеткізе алмайтын кезеңде болады екен. М.Сабырбекова ересектердің балаға түсіністік танытпауы­на қазақы ортаның да менталитеті әсер етпей қоймайтынын атап өтті.

«Көмекке қол созса, ешкім көмек бере алмайтынын сезінген бала алға жылжыса, терең жарға құлап кететіндей күйге еніп, өз-өзін түсінуден қалады. Өзін түсіне алмаған бала жүрген ортасынан қысы­лып, ашушаң, әлсіз, дәрменсіз бейшара күйге түседі. Сөйтіп, жалғыздықтың дәмін та­тып, өз-өзіне сыймайтындай күйге тү­­седі. Түбі жоқ болып кетуді ойлап, «Мен керек емеспін, мені ешкім жақ­сы көр­мейді, түсінбейді» деген ұғым­ды қа­лыптастырады. Осылайша, өзіне қол жұм­сауға бекінеді. Міне, осыны тұжы­рым­дасақ, өз-өзіне қол жұмсаудың негізгі ши­пасын «ашық әңгімелесу» деп қарас­тыруға болады. Қазіргі ғасырдың мәселесі – отбасында ашық әңгімелесуге уақыттың жеткіліксіздігі. Ашық әңгіме болған жағдайда ғана бала санасында туындаған ішкі менталитет пен түрлі жаңа қағидалардың сәйкессіздігі жайын талқылап, сезімдермен бөлісіп, түсін­беген сұрақтарға жауап алып, түсін­бестіктерді шешуге мүмкіндік алып, стресті жіберіп, ересектердің қолдауын, жылулығын сезіне алады», деген психолог Мөлдір Сабырбекова өз-өзіне қол жұмсауды тоқтату ата-ананың ғана қолында еместігін де жеткізді.

Оның айтуынша, бала қоғаммен тығыз байланыста болғандықтан, мектеп ішіндегі мамандардың психологиялық жай-күйге қатысты қолға алған әрбір іс-шарасы құнды.

«Себебі суицидтің алғашқы белгілерін мектеп психологінің анықтау мүміндігі бар. Күйзеліс деңгейін анықтайтын диаг­ностика жүргізу барысында нақтылан­ған жағдайда тренингтер, жеке кездесу жүргізу немесе арнайы мамандарға жүгіну арқылы алдын алу шараларын жүргізеді. Нәтижесінде іштей қысым тудырып жүрген мәселенің сұрағына жауап алып, өз-өзін түсінуге мүмкіндік алады», дейді психолог.

Сондай-ақ М.Сабырбекованың психолог маман ретінде ата-анаға айтар кеңесі бар.

«Баланы тәрбиелеуге күшіңіз де, ақылыңыз да, мүмкіндігіңіз де, махаб­батыңыз да жеткілікті екеніне сеніміңізді нығайтыңыз. Өзіңіз қалағандай идеа­лыңыздағы ата-ана бола алмасаңыз да, сіз – балаңыз үшін ең керемет анасыз, қамқор әкесіз! «Сенде қайдағы мұң? Саған не жетпейді осы? Кіп-кіш­кент­ай болып алып қандай проблема сендегі? Неменеге жылайсың? Неге үнемі мыңқиып жүресің?» деген сияқты буллингке толы сұрақтар мен сынға бергісіз сөздердің орнына бір сәт балаңыздың көзқарасымен бір деңгейге түсіп көріңіз. Сынап-мінеусіз сырласа білсеңіз, жылу­лыққа, мейірімге, түсіністікке толы ашық әңгіме жүргізсеңіз жеткілікті. Ба­ла­ның отбасында маңыздылығын алға тартып, қолдаушысы бар екенін сезінуге мүмкіндік беріп, құнды тұлға екенін айтып отыру өте маңызды. Осылайша, бағасын көтеріп, мәртебесін асырып қана қоймай, қиын сәтте қолұшын созатын жақын адамы бар екенін ұғындырып, қорқынышсыз өмір сыйлай аласыз»,  дейді балалар психологі.

Осы ретте елімізде отбасы, әйелдер және балалардың құқын қорғау мәсе­лелері бойынша бірыңғай сенім телефоны іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және зорлық-зомбылық пен буллинг құр­бандарына көмек көрсетудің пәр­менді бағдарламасын әзірлеу міндетін қойған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары «111 – Amanat» бірыңғай мемлекеттік байланыс орта­лығына тәулік бойы хабарласа алады.

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15