Кітаптың тұсауын Еуразия ұлттық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай, Ұлттық ғылым академиясының академигі Шерубай Құрманбайұлы, Жазушылар одағының Астана филиалы директоры, «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, белгілі қаламгер Ораз Қауғабай, филология факультетінің деканы, ақын Серікзат Дүйсенғазы кесті.
Ардақ Бейсенбай қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолына қатысты ойын ортаға салды. «Белгілі жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт ағамыз ұзақ жыл бойы біздің университеттің филология және журналистика факультеттерінде ғалым ретінде өнімді еңбек етіп, жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Артында қаншама ғылыми және әдеби еңбегі қалды. Алдағы уақытта сол еңбектерді университетіміздің магистранттары мен докторанттары зерттеп, диссертациялар қорғалуы керек деп ойлаймын», деді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Тұрлыбек Мәмесейіттің есімін ел есінде қалдыру мәселесіне тоқталып, бастама көтерді. «Өмірін шығармашылыққа арнаған тұлға. Тұрлыбек аға таулы өңірде мекендеген қарапайым халықтың басынан өткерген қилы кезеңді шығармашылығына арқау етіп, ел басынан өткен түрлі тағдырды қағазға кестеледі. Қаламгердің қай туындысын оқысаңыз да, уақыттың тынысын, адамның іс-әрекетін, кейіпкерлерінің мінезін табиғи болмысымен қоса сезіне аласыз. Ел аралап, жер кезіп, көзбен көріп, қолмен ұстаған дүниесін көркем шығармаға айналдыратын. Тұрлыбек аға Астана қаласының рухани тұрғыда өсіп-өркендеуіне де өлшеусіз үлес қосты. Шәкірт тәрбиелеу ісінде тер төкті. Алдағы уақытта қаламгердің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатып, Жазушылар одағының Астана қалалық филиалымен бірлесіп, түрлі іс-шараны қолға аламыз», деп атап өтті.
Кітап тұсаукесеріне Алматыдан онлайн қосылған белгілі жазушы, сыншы Нұрдәулет Ақыш пен ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы қаламгер шығармашылығы туралы кең мазмұнды әңгімелерін айтты. «Алғашында Тұрлыбек Мәмесейіт бұқараға сыншы ретінде танылды. Сын жанрынан «Тоғысқан толқын», «Зерделілік айнасы», «Дидар», «Таным таразысы» кітаптарын, зерттеу бағытында «Егіз елдің әуені», «Шерхан Мұртаза», «Шер мен Шерхан» атты еңбектер жазды. Ол ғылымға да түрен салып, қазақтың қайсар ұлы, қазыналы жазушы Шерхан Мұртазаның шығармашылығын індете зерттеп, филология ғылымдарының кандидаты атанды. Яғни, біріншіден, қаламгердің сыншы, зерттеуші бағытындағы қырына мән беруіміз керек. Екінші бағыты – жазушылық. Өзі жазушылыққа сыннан келгенін жиі айтатын. Алғашқы жазған туындысын қазақтың классик жазушысы Сайын Мұратбеков ұнатып, батасын берген. Сол батадан кейін тау табиғатының тамылжыған көріністері мен қаһарлы мінезін адам тағдырымен, көңіл күйімен астастыра суреттей білді. Үшінші қыры – драматургия.
Ол кісі күрделі жанрға да тәуекел етіп, «Бәкей қыз», «Тулақ», «Таңжарық», «Құлқынның құлы» қатарлы пьесаларды өмірге әкелді», деді Дәулетбек Байтұрсынұлы.
Әдеби іс-шарада «Тоғысқан толқын», «Зерделілік айнасы», «Дидар», «Беторамал», «Түсіме тау кіреді», «Бесік пен несіп», «Плач охотника», «Әулие-шоқы», «Тектінің кегі», «Тау», «Қарқара көтерілісі», «Жасын түскен маусым», «Таңжарық», т.б кітаптардың авторы Тұрлыбек Мәмесейіт туралы академик Шерубай Құрманбайұлы, Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, ақын Бауыржан Бабажанұлы, ЕҰУ филология факультетінің деканы, ақын Серікзат Дүйсенғазы, т.б. ақын-жазушы, әдебиеттанушылар ой-пайымдарын ортаға салды.