
Терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл
Ал күн тәртібіндегі «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келісімге және Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов баяндады. Ал заң жобасы жөнінде Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Мұрат Ергешбаев қосымша баяндама жасады.
Мәжіліс қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама мен Еуразиялық топтың бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы ережені ратификациялады. Құжатқа Қаржы мониторингі агенттігі бастамашылық етіп отыр.
Қысқасы, Мәжіліс қылмыстық жолмен келген ақшаны жылыстатуға қарсы күресті қамтамасыз ететін заң қабылдады. Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов депутаттарға таныстырған заң жобасы ақшаны жылыстатуға және терроризмге қарсы күрес саласындағы халықаралық стандарттарды белгілейтін 1989 жылы құрылған FATF (Financial Action Task Force on Money Laundering) талаптарына негізделген.
– Бұл стандарттар БҰҰ-ға мүше елдердің бәріне, оның ішінде Қазақстан үшін де міндетті. Сонымен қатар елдер FATF түрінде құрылған топтың біріне қатысу керек. Бүгінгі таңда осындай 9 аймақтық топ құрылған. Соның ішінде Ақшаны жылыстатуға және терроризмге қарсы күрес іс-қимыл жөніндегі еуразиялық топты 2004 жылы 6 ел құрған. Қазақстан – солардың қатарында, – деді ол.
Ж.Елемесовтің айтуынша, ұйымның хатшылығы Мәскеуде орналасқан. 2011 жылы Еуразиялық топ үкіметаралық ұйым мәртебесіне ие болып, оның құрамы 9 елге дейін кеңейді. Осы 9 мемлекеттен басқа 17 мемлекет пен 24 халықаралық ұйым бақылаушы болып тіркелген екен.
– 2012 жылы FATF мандаты қайта кеңейтіліп, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері қосылды. Осыған байланысты хаттама мен келісім мәтіні толықтырылды. Хаттамада Еуразиялық топ бюджетінің көздері кеңейтілді. Қазір топқа мүше 9 мемлекеттің жетеуі хаттаманы ратификациялады. Осы уақытта Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы құжатты ратификациялау бойынша ішкі мемлекеттік рәсімдерін жүргізіп жатыр. Хаттаманы ратификациялау республикалық бюджеттен қосымша шығындарды қажет етпейді. Бұл топқа мүше болған 20 жылдың ішінде Қазақстан бір рет 300 мың рубль көлемінде ерікті жарна енгізді. Мақсаттық жарналар нақты міндеттер мен мақсаттарға ғана төленеді, – деді Ж.Елемесов.
Қазақстан және Кипр: сот жүйесіндегі келісім
«Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев баяндама жасады.
Келісім 2024 жылғы 25 наурызда Астана қаласында жасалған. Құжатқа сәйкес тараптар бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды өз елінде (азаматтығы бар) жазасын одан әрі өтеу үшін бір-біріне беруге міндеттеледі. Сотталғандарды беру үшін үш негізгі шарт сақталуға тиіс. Яғни сотталған адамда екі елдің бірінің азаматтығы болуы, сотталған адамды беруге қатысты оның өзінің ерікті келісімі, сотталған адамның әрекеті екі елде де қылмыс деп танылуы керек. Егер үкім шығарушы тарап оны ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін деп есептесе, сотталған адам үкім бойынша залалды өтемеген болса, үкім шығарушы тарап жағында сотталушыға қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылса, беруден бас тартуы мүмкін.
Десе де талқылау барысында депутат Анас Баққожаев мәселеге басқа қырынан қарап, баяндамашыға сауалын қойды.
– Еліміздің азаматы Кипрде ұсталып, сотталып, кейін Қазақстан жағына беріліп, өз жазасын отанында жалғастырады делік. Біздің заңнамаға сәйкес, егер жазасының бір бөлігін өтейтін болса, онда оның шартты түрде ертерек босап шығуға мүмкіндігі бар. Ал Кипрде ондай жоқ. Енді аталған келісімшарттың 20-бабында «сот үкімін қайта қарауды сот үкімін шығарушы тарап қана қайта қарайды» деп жазылған. Осы жерде бір сұрақ туып отыр. Егер осындай жағдай болатын болса, Қазақстан өз шешімін дербес қабылдай ма, әлде Кипрдегі сот үкімін қайта күте ме, – деп сұрады депутат.
Бас прокурордың орынбасары мұндай шешімдерді біздің ел дербес қабылдай алатынын жеткізді.
– Мерзімінен ерте босату, рақымшылық, кешірім беру деген сияқты шараларды қабылдай аламыз. Мұндай жағдайда Кипр тарапынан рұқсат сұраудың қажеті жоқ. Бірақ біз шешім қабылдағаннан кейін міндетті түрде Кипр тарапына қандай шешім қабылдағанымыз туралы хабарлаймыз, – деді Ғ.Қойгелдиев.
Сондай-ақ бұл мәселе бойынша Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Данабек Исабеков қосымша баяндама жасады. Осылайша, талқылаудан кейін Мәжіліс Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялады.
Бюджет кодексі мен кейбір түзетулер туралы
Сонымен қатар Мәжіліс Бюджет кодексіне Сенат енгізген түзетулермен келісті. Бұл туралы, яғни Бюджет кодексінің Сенат жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптары жөнінде Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева хабарлады.
– Бюджет кодексі және оған ілеспе заң жобасы Парламент Мәжілісіне 2023 жылғы 22 қыркүйекте енгізілген. Бұл құжаттар Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында әзірленді. 2024 жылдың 13 желтоқсанында Бюджет кодексі мен ілеспе заңды Мәжіліс Сенатқа жолдады. Биыл 6 ақпанда аталған құжаттар Мәжіліске қайтарылды. Сенат 92 түзету енгізді, оның 70-і – Бюджет кодексіне, ал 22-сі – ілеспе құжатта. Түзетулер арасында 55-і – редакциялық нақтылау сипатында, 36-сы Қазақстанның жекелеген заңнамалық актілеріне сәйкес келтіруге бағытталған, – деді Т.Савельева.
Оның айтуынша, Сенат ұсынылған түзетулер Парламент Мәжілісі қабылдаған заңның тұжырымдамасын өзгертпейді.
– Осыған байланысты Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті Сенаттың Бюжет кодексі мен ілеспе заңның жекелеген баптарына толықтырулармен келісуді ұсынады, – деп сөзін түйіндеді депутат. Палата депутаттары ұсынысқа қолдау білдірді.
Сондай-ақ жұмыс тобы ғимараттар мен құрылыстарда, онлайн-платформалар мен басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салуға қатысты түзетулерді қабылдады. Бұған спорттық іс-шаралар өткізу кезінде спорт нысандарының ішінде орналасқан жарнама, букмекерлік кеңселердің интернет-ресурстары мен спорттық бағыттағы БАҚ пен абоненттік мобильды құрылғылардағы жарнама кірмейді. Бұған қоса депутаттар бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаға, оның ішінде шартты түрде сотталғандарға құмар ойындарға қатысуға тыйым салуды ұсынды.
Еңбек қауіпсіздігіне мән берілді
«Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Арман Қалықов Ұлытау өңіріндегі «Жомарт» кенішіндегі қайғылы оқиға бойынша Премьер-министр Олжас Бектеновке, Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауалын жолдады.
Мәжіліс атынан апат салдарынан жақындары мен туыстарынан айырылған отбасыларға көңіл айтып, «Қазақмыс» кәсіпорындарындағы жазатайым оқиғалардың көбеюі өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне көңіл бөлінбеудің тікелей салдары екенін айтты. Сондай-ақ әр жылдарда болған қайғылы оқиғалардың статистикасын тізіп, кәсіпорынды айыптады.
– Осыған байланысты еліміздегі ең озық әрі ең табысты кәсіпорынның бірі үздіксіз жоғары табысқа кенеледі, бірақ неге жылдар бойы еңбек қауіпсіздігін қажетті деңгейде қамтамасыз етпейді деген сұрақ туындайды. Мұндай техногендік апаттар еліміздегі шахталарда, карьерлерде, мұнай кен орындарында жыл сайын қайталанып отырады. Бұл – мемлекеттік өнеркәсіптік қауіпсіздік институттарының маңыздылығы мен олардың ауадай қажеттілігін көрсетіп, айқын дәлелдеп отыр, – деді депутат.
TikTok-ты шектеуді ұсынды
Ал депутат Жанарбек Әшімжанов өз сауалында Премьер-министр Олжас Бектеновтің назарына TikTok әлеуметтік желісіне жас шектеуін қою туралы мәселе ұсынды.
– Бүгінгі таңда балалардың әліппесі – әлеуметтік желі, емізігі – TikTok, бесік жыры Instagram десек артық болмас. Адамзат баласын отырғызып-тұрғызған осы құбылыстардың әсері, әсірелеп айтсақ, атом бомбасынан кем болмай тұр. Өткен жылы әріптесім Ерлан Сайыров TikTok платформасының қоғамдағы кері әсері туралы тиісті орындарға дабыл қағып еді, селт еткен жан жоқ. Сенатор әріптесіміз Нұртөре Жүсіп «бұрын балаларды «тәк-тәкпен» тәрбиелейтін едік, қазір TikTok-пен тәрбиелеп жатырмыз» деп еді мінбеден. Өлі тыныштық, – деген депутат балалар мен жасөспірімдерді меңдуана жегендей меңіреу әлемге бастап бара жатқан жағдайдың алдын алмасақ, опық жейтінімізді ескертті.
Ж.Әшімжановтың айтуынша, TikTok-қа кейінгі екі жылда 14,1 млн қазақстандық тіркеліпті. Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр. Осыны айтып дабыл қаққан депутат Үкімет басшысына елімізде TikTok-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру керектігін ұсынды.
Ал «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа қоғам қайраткері, жазушы Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуге қатысты депутаттық сауал жолдаса, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев ақбөкендердің санын реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу мәселесін көтерді.