
Университет мамандары Іле-Балқаш өңірінде өсетін бұршақтүсті түйетабан өсімдігін зерттеп, оны қатерлі ісік ауруына қарсы дәрілік препараттар құрамында қолдануға болатынын анықтады.
Бұршақтүсті түйетабан ертеректе халық медицинасында кеңінен қолданылғанмен, ғылыми тұрғыда толық зерттеліп болмаған. ҚазҰУ ғалымдары алғаш рет фитохимиялық және биологиялық құрамындағы белсенді заттарды анықтау сараптамасын жасап, алдағы уақытта отандық фармацевтиканы дамытуға септігін тигізетіндігіне зор сеніммен қарайды.
«Жоба нәтижесінде бұршақтүсті түйетабан өсімдігінің биологиялық белсенділігі жоғары екені анықталды. Өсімдік сығындылары антиоксиданттық, микробқа қарсы және цитоуыттылық қасиеттерімен ерекшеленді. Мәселен, этанол сығындысы күшті антиоксиданттық белсенділік көрсетсе, этил ацетатының сығындысын бактерияларға қарсы қолдануға болады. Сондай-ақ өсімдіктің белгілі бір сығындылары лейкемия жасушаларына қарсы тұра алатыны зерттелді. Мұны болашақта қатерлі ісік ауруына қарсы дайындалатын дәрілерде пайдалануға болады», дейді ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, докторант Гүлзат Қайранова.
Қазіргі кезде ғылыми жобамен қауымдастырылған профессор Әсем Мамурова, PhD, Түркия профессоры Ахмет Бейатлы және ҚазҰУ докторанты Гүлзат Қайранова айналысып жатыр.
Университеттің баспасөз қызметінен хабарлағандай, алдағы уақытта мамандар патент алу жағын жоспарлап, жоғары рейтингтік ғылыми журналдарға мақала жарияламақшы.