
Сурет: news.un.org
Дегенмен кеше «Euronews» бастаған Батыс БАҚ-тары сенімді ақпарат көзіне сілтеме жасап, Украина мен АҚШ табиғи ресурстарға қатысты келісімге келгенін сүйіншіледі. Яғни Киев пен Вашингтон Украинаның табиғи ресурстарын – сирек кездесетін құнды металдарды, мұнай мен газды бірлесіп игеруге уағдаласты.
«Euronews» ақпаратына сүйенсек, АҚШ бұған дейінгі 500 млрд доллар алу талабынан бас тартқаннан кейін Украина келісімнің әлдеқайда тиімді шарттарына көнген көрінеді. Тіпті Украина президенті Владимир Зеленский 28 ақпан күні келісімге қол қою үшін АҚШ-қа ұшып баруы мүмкін екені хабарланды. Журналистер сұрағына жауап берген Трамп: «Мен оның жұма күні келетінін естідім. Әрине, қарсы емеспін және ол менімен бірге қол қойғысы келеді. Және бұл өте маңызды», деп Зеленскийдің маңызды миссиямен мұхит асатыны туралы ақпаратты нықтағандай болды.
Сондай-ақ Украина-Ресей қақтығысына қатысты санкциялық саясатта да біраз өзгеріс болды. Соғыстың басталғанына осы ақпанда үш жыл толды. Соған байланысты бірқатар ел Ресейге көрсеткен қысым ретінде санкциялық пакеттерін жариялады. Еуроодақ та Ресейге қарсы санкциялардың 16-пакетін мақұлдады. Сол бойынша Ресейдің тағы 13 банкі SWIFT жүйесінен ажыратылмақ. Сондай-ақ ресейлік 8 телеарнаның Еуропада хабар таратуына тыйым салынды. «Көлеңкелі флоттағы» 70-тен аса кеме «тұсауланды». Ал санкциялық тізімді Ресейдің тағы 48 жеке және заңды тұлғасы толықтырды. Бұл жолы санкцияға ілінгендер қатарында Үндістан, Қазақстан, Қытай, БАӘ, Сингапур, Түркия мен Өзбекстан компаниялары бар екен.
Ресей мұнай мен газ өндірісіне қажетті технологиялар мен бағдарламалық қамту жүйелерінен қағылып отыр. Сондай-ақ аваиция, сауда-саттық, тасымал, өнімдерді қоймада сақтау бағытында да Ресейді алға аттап бастырмайтын тыйымдар қосылды. Бұған қоса алыстағы Аустралия мен Жаңа Зеландия да Ресейге қарсы ауқымды санкциялар жариялап, санкция тізіміне елдің 70 жеке тұлғасы мен 80 компаниясын іліп жіберді.
Кейінгі 1-2 аптада бейбіт келісім туралы мәселе күн тәртібіне шығарылғалы Украинаны қалпына келтіру тақырыбы да өзекті бола бастады. Үш жылдық соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіруге шамамен 500 млрд еуро қажет. 24 ақпанда Украина премьер-министрі Денис Шмихал Министрлер кабинеті мен Еурокомиссияның бірлескен отырысында осылай мәлімдеді. Бұл туралы немістің «Deutsche Welle» басылымы жазды.
Денис Шмихалдың айтуынша, қалпына келтіруге жұмсалатын негізгі ресурстардың бір бөлігі Ресейдің тыйым салынған активтері есебінен болуы керек. Ол активтерді тәркілейтін уақыттың келгенін айтты.
24 ақпанда Киевке сапары кезінде Еуропалық Одақ пен бірқатар елдердің басшылары жаңа көмек пакеттерінің бөлінетінін мәлімдеді. Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен Еуроодақ Украинаға 3,5 млрд еуро көлеміндегі жаңа көмекті наурыз айында аударатынын жеткізді. Бұл қаражат Ресейдің бұғатталып, қозғалыссыз жатқан ақшасынан түскен кіріс есебінен өтелмек.
Ал Канада премьер-министрі Джастин Трюдо Киевке 5 млрд доллар (4,77 млрд еуро) көлемінде қаржылық көмек көрсетуге уәде берді. Ол көмек те Ресейдің осы күнге дейін бұғатталған қорлары есебінен қаржыландырылмақ. Испания, Норвегия, Финляндия, Дания және басқа елдер де Киевке жаңа көмек пакеттерін бергенін жариялады. Украиналық БАҚ елдегі соғыстың үш жылдығында шетелдік серіктестер шамамен 10 млрд еуро көлемінде көмек көрсететінін жариялағанын жазып жатыр.
Сондай-ақ Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруіне байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі екі қарар қабылдады. Украина мен Еуроодақ ұсынған Ресейдің басқыншылығын айыптайтын қарар жобасын БҰҰ Бас Ассамблеясында алдыңғысына қарағанда азырақ ел қолдады. Екі елді «берік бейбітшілік орнатуға» шақыратын қарарды он мемлекет қолдап, қарсы дауыс бергендер болмады, бес мемлекет қалыс қалды. Ал АҚШ ұсынған құжат қайта қаралып, ол да қабылданды. Екі қарар да 93 дауыспен қолдау тапса, АҚШ ұсынған құжатқа – 8 ел, Украинаның нұсқасына 18 ел қарсы шықты. Қалған мемлекеттер, соның ішінде Қазақстан қалыс қалды. Жалпы алғанда дауыс беруге 193 ел қатысты.