Тұлға • 01 Наурыз, 2025

Ғылымның қия шыңында

133 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дейтін жадыда жүретін нақылы бар. Бұл – әсіресе ғылым жолына түскен ғалымдарға тән қасиеттер. Мұны атыраулық ғалым Ерсайын Ихсанов темірқазықтай жарқырап тұратын бағдаршамына айналдырды.

Ғылымның қия шыңында

Еліміздің батыс шебіндегі Қиғаш өзеніне таяу орналасқан қазіргі Бөкейхан ауылында 1950 жылы өмір­ге келген. Қиырдағы ауылда бала­лық шағы өтіп, ержеткен ол мек­­тепті бітірген соң педагогика са­ла­сын таңдады. Сөйтіп, 1966 жылы Ала­тау бөктеріндегі Алма­тыға же­тіп, Абай атындағы Қазақ педа­гоги­калық институтының математика факультетіне құжатын тапсырды. Білімге құштар жас 1971 жылы атал­ған оқу орнын бітірді.

Еңбек жолын алдымен бұрынғы Гурьев педагогика институтында бас­тады. Тәуелсіздіктің елең-ала­ңында Алаш қайраткері Х.Дос­мұхамедовтің есімі берілген универ­ситеттің математикалық анализ кафедрасында 20 жыл жұмыс іс­теді. Кейін Атырау мұнай және газ инс­титутындағы жоғары мате­ма­тика және есептеу техникасы ка­фед­расының меңгерушісі, УНАТ инсти­туты Атырау филиалының дирек­торы, Атырау инженерлік-гума­нитарлық институтының ректоры қызметін атқарды. Елу жылдан астам мерзімде мыңдаған шәкіртті тәрбиелеп, математика ғылымының қыр-сырына баулыды.

Ақырын жүріп, анық баса­тын қалпынан таймаған Ерсайын Уәлит­ханұлы ұстаздық кәсібін ғы­лым­мен ұштастырды. Жоғары білім алған институттағы аспиран­ту­раның күндізгі бөліміне түсіп, дифференциалдық және инте- г­ралдық теңдеулер саласын таңдады. Ғылыми ізденісінің нәтижесінде 1990 жылы «Динамикалық симметриял спутниктің конустық прецессиясына туындайтын периодтық қозғалыстар» тақырыбында кан­дидаттық диссертациясын сәт­ті қор­ғады. Ал 2005 жылы «Аспан ме­ханикасының жаңа модель­де­рін­дегі Ляпунов бойынша орнықты­лық мәселесі» бойынша докторлық диссертациясын қорғап, физика-­математика ғылымдарының док­торы атанды. 2007 жылы ғалым­ға Жоғары аттестациялық комис­сия­ның шешімімен математика профессоры ғылыми атағы берілді.

«Ерсайын Уәлитханұлының ғы­лыми зерттеу еңбегінде аспан ме-х­а­никасының жаңа моделі құрас­ты­рылды. Толық симметриялы 9 және 10, толық емес симметрия­лы 10 аспан денесінің шектеулі есебі­не байланысты динамикалық модельдер үшін дифференциалдық теңдеулер жүйесі енгізілді. Евклид­тік және фазалық Гамильтон кеңіс­тіктеріндегі координаталар жүйе­сінде сапалы әрі сандық есептеу­лер жүргізілді. 9 және 10 аспан денесі­не қатысты шектелген мәселені анық­тайтын дифференциалдық теңдеудің стационарлық шешімін анықтайтын функционалдық тең­деу құрылды. Компьютерлік алгеб­ра әдістерімен дифференциал­дық тең­деулер жүйесінің жиіліктер арасындағы резонанстық қатынас­тар анықталды. 3 және 4-рет­ті жиіліктер резонанстары үшін Ля­пунов мағынасында тепе-теңдік жағ­дайдағы орнықтылық және ор­нықсыздық туралы теоремалар дәлелденді», дейді профессор, ха­лықаралық Ақпараттандыру ака­демиясының академигі Серік Өтепқалиұлы.  Оның ғалым ретіндегі қалыптасу кезеңі М.Ломоносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік университеті, С.Орджоникидзе атындағы Мәскеу Авиациялық институты және КСРО Ғылым академиясының Теориялық астрономия институты секілді же­текші ғылыми мектептерде өтті. Мәсе­лен, кандидаттық диссертация тақырыбы бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстарына КСРО Мем­лекеттік сыйлығының лауреаты профессор Е.Гребеников, профессор А.Сокольский жетекшілік етті.

Ғалым ғылыми зерттеулеріндегі тұжырымдары туралы халықаралық және республикалық ғылыми басылымдарда 114 ғылыми мақала, 3 ғылыми монографиясын жария­лады. Оның жетекшілігімен 1 док­торлық жұмыс дайындалды. Жо­ғары оқу орындарында 12 ғылым магистрін даярлады.

Ол бірнеше рет облыстық мәс­лихаттың депутаты болып сайланды. Үлкен шаһарда тұрмаса да жергілікті ғалымның жоғары білімді, білікті ма­мандар даярлау ісіндегі және ғылымдағы қа­жырлы еңбегі үшін лайықты баға­сын алды. Мемлекет басшы­сының Жарлығымен 2010 жылы Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері атағы беріліп, 2020 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал былтыр ғылымның қия шыңына өрлеген ғалым Ерсайын Ихсанов Ұлттық ғылым ака­демиясының академигі болып сайланды.

 

Атырау облысы