Өндіріс • 01 Наурыз, 2025

Қаптама өндірісінің көшбасшысы

63 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көкшетаудағы полимер­лік қаптама өндірумен айна­­лы­са­тын «Новопэк кәсіпо­рны 1 200-ден аса адамды тұ­рақ­ты жұмыспен қамтып отыр. Өндірісте бастапқы полимерлік шикізат және сапалы шетелдік қоспалар пайдаланылады. Толық циклді өндіріс ошағы ретін­де кез келген сусымалы жүкке арналған қаптардың бірнеше түрін өндіреді.

Қаптама өндірісінің көшбасшысы

Дәл қазір жұмыс қайнап жатыр. Аумағы атшаптырым өндіріс цехтарында ұзын-ырғасы 500-ден аса заманауи құрал-жаб­дық орналастырылған. Цех басшыларының айтуына қара­ғанда, дайын өнім көлемі де күн­нен-күнге көбейе түсуде. Айына 1 500 тонна өнім шығарады. Өндірілген сапалы өнімге сұраныс та мол. Әзірге өнім өткізуден кедергі болған емес.

Тұтынушылар саны 700-ге жуық. Кәдімгі қаптың әлденеше түрін өндіретін компания құрамында «Асыл арна», «Көкше сити», «Көкше упаковка», «Азия полимер», «Нитро Продакт» тәрізді 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Бір ғажабы кәсіпорын жұмысшыларының 65 па­йызы қыз-келіншектер.

Міне, алдымызда тоқыма цехы. Күнделікті шаруасынан бас көтере алмай жатқан жұмыс­шылардың бейуақытта келген бөгде адамдарға бұрылып қарауға мұршасы жоқ. Біреуімен жөн сұрастық. Тоқымашы-нұсқаушы Ризагүл Исмағұлова осыдан 22 жыл бұрын фабрика іске қосылғанда жұмысқа орналасқан алғашқы мамандардың бірі екен.

па

«Біздің өңірде полимерлік қаптама өн­діретін өндіріс орнында жұмыс істейтін тоқымашылар мен тігіншілерді даярлайтын оқу орындары жоқ. Бір қиындық осы тарапта. Тығырықтан шығар жол іздеген компания басшылары жұмыс істеуге ынталы адамдарды өздері оқытып алады. Осы жерде жұмыс тәжірибесінен өткізеді. Болашақ жұмысшыларды даярлайтын екі нұсқаушы бар. Жұмысшылардың ынтасы жақсы, өз істеріне жауапкершілікпен қарайды. Барлығы бір мақсатта жұмыс істегендіктен, ырыс үйіріліп тұр. Біздің компания кәдімгі кішігірім қаптардан бас­тап сыйымдылығы 10-20 тонналық биг-бэгтерге дейін шығарады», дейді ол.

Фабрика жаңа ашылған кезде жұмысшылар саны аз болыпты. Алғашқы бетте төрт ауысыммен жұмыс істеуге тура келген. Небәрі 20 тоқымашы еңбек етсе керек. Станоктар да аз. Күн өткен сайын жұмыс ауқымы да көбейген. Қазір екі цехты қосқанда 120-дан астам тоқымашы жұмыс істейді, тігіншілердің саны жүзге жуық. Ризагүл Мүлікқызының өзі отызға жуық тоқымашыны үйретіп, тәжірибесімен бөліскен.

Қай жерде болмасын, іс тетігі кадрға байланысты. Кәсіпорынның алғашқы жұмысшылары Ресей­де оқып, үйренген. Кейін оқып келгендер қап тоқу, тігу жұмыстарын өзгелерге үйреткен. Ал­ғашқы бетте бір станокпен 700–800 қап тігіп шы­ғар­са, бүгінде бұл көрсеткіш әлденеше есе өскен.

«Қазір де төрт ауысыммен кезектесіп жұмыс істейміз. Осы кесте бойынша жұмыс істейтіндер айына 200 мың теңгеден артық еңбекақы алады. Жұмысшылар үшін әлеуметтік көмек ай­рықша маңызды. Ал бізде әлеуметтік пакет то­лық қарас­тырылған. Жазғы маусымда демалыс орын­да­ры­на жолдамамен жібереді. 2022 жылы Қос­танай облы­сындағы «Сосновый бор» шипажайына ба­рып демалып қайттым. Әрине, оңай жұмыс бол­­майды ғой. Бәріне төзу керек. Әйтсе де көңіл ауда­ратын бір мәселе бар, қазір жастар жағы «ауыр­дың үстімен, жеңілдің астымен» жүргісі келеді. Бәрі бірдей болмағаны­мен көпшілігі солай. Демек «баланы жастан» демекші, еңбекке ерте ара­ластырып, тәрбиелеу маңызды», дейді.

Кейіпкеріміздің айтуынша, кәсіпорында жұмыс істейтіндердің басым көпшілігі аға буын өкілдері. Жастар жағы жұмысқа орналасқаны­мен, бір-екі күннен кейін айнып қалады екен. Тоқымашылар тапшылығы бар екені де рас. Сондықтан болар, шалғайдан келіп жұмыс істеп жатқандар да кезігеді. Мәселен, Ризагүл Мүлікқызының қарамағында Маңғыстаудан тоғыз, Қарағандыдан екі адам келіп жұмыс істеп жатыр екен. Өзге өңірлерден келгендерге жақсы жағдай жасалған. Кәсіпорын жатақханасынан орын бөлінген. Асханадан түскі асты тегін ішеді, жол шығыны да компанияның мойнында.

«Новопэкте» жылыжайға арналған поли­этиленді жамылғы шығарылады. Мұндай жа­мылғыларды жылыжайда қолдануға әбден болады. Ауа райы қолайсыз солтүстік өңірде бақша өнімдерін өндіргісі келетіндер үшін таптырмайтын зат. Жамылғының бір ерекшелігі, жылыжайдағы жылу ұзақ уақытқа сақталады. Мұндай жамылғыларды жалғыз жылыжайда ғана емес, ауыл шаруашылығының кез келген саласында пайдалануға болады. Мәселен, мал азығы ұраларын қаптаса, ылғал өткізбей, суық кіргізбей, сақтауға мүмкіндік туғызбақ. Сондай-ақ азық-түлік қоймалары үшін де аса қажет. Тіпті құрылыста да пайдалануға болады.

Зауыт ауқымы 45 мың шаршы метрді алып жатыр. Айына 8 млн дана дайын өнім шығарады. Барлық жұмыс осы жерде атқары­лады. Шеттен келетіні азын-аулақ шикізат қана. Өнім өңірдегі барлық өндіріс орындары үшін қажетті дүние шығарып отыр. Мәселен, азық-түлік өнімдерінен бастап, құрылысқа қажетті заттарды қаптайтын өнім осы жерде.

 

Көкшетау