Қоғам • 01 Наурыз, 2025

Ұлыстарды ұйыстырған ұя

110 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл. Осы айтулы мерекеге орай Астана қаласындағы Достық үйіне арнайы соғып, бір шаңырақ асты­нан пана тапқан этномәдени ошақтардың жұмысымен танысып қай­ту­ды жөн санадық. Бізді Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» меке­месінің баспасөз бөлімінің жетекшісі Арман Жәниев күтіп алды.

Ұлыстарды ұйыстырған ұя

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Достық үйі – Маңғыстаудың сыйы

Кейінгі отыз жыл бедерінде қазақ халқымен тағдырдың тәлейімен бір арнаға тоғысқан түрлі диаспора болашақ бағдарын, арман-аңсарын ортақ етіп, тәуелсіз мемлекеттің ша­ңырағында бір үйдің балаларындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Осы іргесі мығым қаланып, уығы берік қадалған бірлікті сақтап, әрі қарай кемелдендіру үшін не істе­­мек керек? Бұл бағыттағы «Қоғамдық келісім» меке­ме­лерінің қызметі қандай? Көкей­де­гі осы сұрақтарға жауап алмақ ниетпен Достық үйінің табалдырығын аттадық.

«Қоғамдық келісім» мекемесі­нің баспасөз хатшысы Арман Жәниев­пен бірге Достық үйін саяхаттап жүр­міз. Кейіпкеріміз әңгімесін Астана қаласындағы түрлі этностың қа­ра­­шаңырағына айналған салтанатты­ сарайды Маңғыстау облысының әкімдігі Ассамблеяның 20 жылдығы қарсаңында салып бергенінен бас­тады.

«Сіздер көріп отырған бұл ғимарат­ты Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Астана қаласына Маңғыстау облысы жұртшылығы сыйға тартты. Қазір бұл орда еліміздегі этностардың рухани-мәдени ошағы саналады. Бүгінгі таңда Достық үйін­де Қазақстан халқы Ассамблеясының Астана қалалық филиалына қарас­ты ­22 этномәдени бірлестік жұмыс іс­теп тұр. Біздің Астана қаласы әкімдігі жа­нын­дағы «Қоғамдық келісім» мекемесі осы бағыттағы кешенді жұмыстарды үйлестіреді», деді өз сөзінде.

 а

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінен пана тапқан диаспоралардың мәдени құнды­лықтарының сақталуы, дамуы,­ насихатталуы үшін жайлы күй ке­рек­тігі анық. Ол жайлы жағдайды Астанадағы Достық үйі толық қам­тамасыз етіп отыр. Мәселен, осы ­ша­ңырақта 36 шығармашылық ­ұжым, 3 этнолингвистикалық мектеп, Ғылыми-сараптамалық топ, Аналар кеңесі, Ассамблея жас­тары республика­лық қоғамдық бірлестігінің Астана қаласындағы өкілдігі, Ақсақалдар ке­ңесі, «Жомарт жан» қайырымдылық қыз­метін үйлестіру орталығы, «Аналар аманаты» қолөнер шығармашылы­ғы орталығы, «Мәміле» ситуациялық қазақ тілі пікірталас клубы», «ANK Live» тікелей эфир студиясы, медиа орта­лық, Журналистер клубы, т.б ұжым­­дардың жұмыс жасап тұруы жоға­рыдағы сөзімізге дәлел бола алады.

 

Сыйлы қонақтар бас сұғатын орда

Достық үйінің кіреберісіндегі үлкен залда орналасқан «Аналар аманаты» қол­өнер шығармашы­лығы орталығын тама­шалап жүрген­біз. Астана қаласы әкім­дігі жанын­дағы «Қоғамдық келісім» меке­ме­сі­нің басшысы Нұрал Бағытұлы Айда­шев бастаған бір топ қонақ музей жәді­­герлерін тамашалауға кірді. Топ ішінен мемлекет­тік және қоғам қай­раткері Владимир Божко мен Бела­русь­тың Қазақстандағы төтенше және өкі­летті елшісі Алексей Богдановтарды таны­дық.

Достық үйінің директоры Нұрал Бағытұлы Беларусь елшісіне көрмеге қойылған қазақтың қамшы, сандық, қалқан секілді ұлттық жәдігерле­рі­мен таныстырып, қоғам қайрат­кері Владимир Божко басшының әңгімесін әзілмен көм­керіп отырды. Нұрал Бағытұлының айтуынша, қонақтар «Родны кут» беларусь мәдени орталығының ұйытқы болуымен өткелі жатқан «Қазақстан халқы Ассам­белеясы – бірліктің бірегей моделі» атты дөңгелек үстелге қатысуға келіпті. Дөң­гелек үстел аясында еліміздің ең бас­ты құн­дылығы ынтымақ пен бірлік тақы­ры­бын­да әңгіме қозғалып, Қазақстан халқы Ассам­блеясының жұ­мысы талқыға түспек екен.

Баспасөз хатшысы Арман Жәниев Достық үйінде мұндай делегациялар жиі келетінін сөз етті.

«Достық үйі халықтық дип­ломатия тәжірибесін дамыта­ оты­рып, өз алаңында шетелдік ­деле­­гацияларды тұрақты түрде қабыл­­дайды. Мысалы, осыған дейін Достық үйінде Болгарияның вице-президенті Илияна Йотова, Нельсон Манделаның немересі Тембикеле Мандела, Италия, Ресей, Армения, Ингушетия, Әзербайжан, Өзбекстан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжік­стан пар­ламенттерінің спи­керлері мен депу­таттары, Помор академиясының ­(Поль­ша) өкілі Дорота Сметана-Боловко, Баш­құртстан Республикасының басшысы Р.Ф.Хабировтар қонақта болды. Сіз, міне, Беларусь елшісінің келуіне куә болып отырсыз», деді ол.

Сондай-ақ баспасөз хатшысы Дос­тық үйіне 2024 жылдың 6 тамызында таны­мал поляк түркітанушысы, саясаттану магистрі Якуб Якусик келіп, кездесу өткіз­ге­нін, іс-шара барысында түркі мәдени мұрасын сақтау мен дамытуға қатысты мәселелерді талқыланғанын тілге тиек етті.

 

Қайырымдылық мекені

Қайырымдылық жүректерге жы­лу­ сыйлайды. Астанадағы Достық үйі жабырқағанның көңілін көтеріп, мұқ­­­таждарға жәрдем қолын созуға әр­­дайым дайын. Елордалық ассамблея қайырымдылық жасауды басты қағи­даларының біріне айналдыр­ған. Этномәдени бірлестіктердің мүше­лері әрқашан түрлі қайырымдылық акция­сына қатысып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғыз­ілік­ті жандарға, мүмкіндігі шектеулі бала­ларға, соғыс ардагерлері мен тыл еңбек­керлеріне көмек көрсетеді екен.

ро

Біздің жолбасшымыз Арман Жәниев: «Ассамблеяның негізгі жоба­ла­рының бірі – «Жүректен – жүрек­ке» бағдарламасы. Осы жоба аясында Дос­тық үйінің базасында Өзбек этно­мәдени орталығы төраға­сы­ның орынбасары Х.Шәріповтің төраға­лығымен қалалық штаб құрылған. Был­тырғы су тасқыны кезінде бұл штаб күн-түн демей қарқынды жұмыс істеді. Біз елордалық этностардың ауыз­бірлігінің, ынтымақты күш-жіге­рінің арқасында су тас­қынынан зардап шек­кен Ақмола, Қара­ған­ды, Солтүстік Қазақ­стан облыстары мен Петропавл және Ақтөбе қалаларына 42 тонна гу­ма­ни­тар­лық көмек бердік. Бұл көмегіміз 12 авто­кө­лікпен межелі жерге жеткізілді», деді.

Спикердің айтуынша, мұқ­таждарға қолдау көрсету – бір мезеттік, мерзімдік акция емес. «Жүректен – жүрекке» бағ­дарламасы көптеген қайырымды­лық бас­тамасын іске асыру орталығына ай­нал­ған. Мысалы, былтыр 8 маусымда «Вайнах» шешен-ингуш халық ансамблі қайы­рымдылық концерт ұйымдастырып, жиналған қаражат Темірлан Сейчанов атты науқас бала­ны емдеуге беріліпті.

«Этномәдени бірлестіктеріміз балалар мен білім саласын қол­дау бағытын­да да игі бастамалардың бас­тамашы­­сы болып жүр. Мысалы, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында биыл 200-ден аса бала мектепке арналған сөмкелер мен оқу құралдарына ие болды. Іс-шара «Аналар кеңесі» мен «Жомарт жан» орталығының белсенді қолдауымен өткізілді. Осылайша, аз қамтылған отбасы­лардың балаларына көмек көр­сетілді», деді А.Жәниев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың мем­ле­кеттің экономи­касы мен әлеуметтік дамуының қозғаушы күші екенін бірнеше рет атап өткен еді. Сондықтан да Достық үйі әр іске бел­сен­ді, алға ұмтылғыш жеткіншектердің күш-жігерін игі іске бағыттау, олардың шек­сіз қиял­дары мен тың идеяларын отан­сүй­гіш­тік қасиеттермен ұштастыру, жас­тар­дың ­қия­лын шын­дыққа айналдырып, батыл жоба­­ла­рын қолдау жұмыстарын жүргізе бермек.

 

Келелі кеңес келісімді күшейтеді

Елордалық Достық үйінде қоныс тепкен «Ақсақалдар кеңесі» мен «Аналар кеңесі» маңызды қоғамдық институт саналады. Бұл қоғамдық институттар отыз жыл бедерінде Ассамблеяның халықпен жұмысын қамтамасыз етіп, этносаралық коммуникация тетігін табуда, өткір де, өзекті мәселелерді шешу барысында мол тәжірибе жинаған. Содан да болар, «диалог алаңы» ретінде өз қызметін атқарып жатқан Ақсақалдар және Аналар кеңестері ел азаматтарына керекті консультациялық, құқықтық, заңгерлiк көмек көрсету жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді.

Сондай-ақ Астанадағы Достық үйінде түрлі дау-дамайды бітім­гер­ші­лікпен шешуге ұйытқы болатын «Этно­медиация орталығы» өз жұмысын бас­тады.

«Бүгінгі таңда этно­саралық қа­тынас­тар­ды реттеу ісінде бітім­гер­шілікті, яғни медиа­цияны дамыту өте өзекті. Кез келген кикілжіңді сотқа дейін жеткізу, елдегі диаспоралар арасын алшақтатып, ұлт­аралық араздықтың өршіп кетуіне жет­кізуі мүмкін. Сондықтан да этносаралық шиеленістің алдын алу, ортақ бітімге келу Ассамблеяның басты міндетіне айналғаны дұрыс», дейді мамандар.

P.S. Достық үйіндегі барлық этномәдени бірлестіктің жұмысымен танысып шыққан соң, қайтуға бет алдық. Мекеменің мәжіліс залының жанынан өте бергенімізде «Родны кут» беларусь мәдени орталығының «Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірліктің бірегей моделі» атты іс-шарасы басталып жатты. Бір топ қазақ өнерпаздары дәстүрлі ән-жырымызды әуелете шырқап, оны Беларусьтің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Богданов бастаған жиын қатысушылары еліте тыңдап отыр екен. Біз баспасөзде жиі айтатын «бірліктің бірегей моделі» деген осы екен ғой деген ойға нық бекідік. 

Соңғы жаңалықтар