
Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында осы мәселеге қатысты ойын білдіріп, елдің шеті, шекараның өтіндегі елді мекендерді дамытуға қатысты жаңа заңды жан-жақты саралауды ұсынды.
Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр атырапты ен жайлаған еліміздің құрлықтағы шекарасы 13 394 шақырымға созылып жатыр. Каспий теңізіндегі шекара сызығының өзі 2 мың шақырымнан асады. Ресеймен – 7 591, Қытаймен – 1 782, Түрікменстанмен – 426, Өзбекстанмен – 2 354, Қырғызстанмен 1 241 шақырым ортақ шекарамыз бар.
Осы шекара бойын жағалай қоныстанған 65 ауданға қарасты 1 293 ауылда 3,5 млн халық тұрады. Оның ішінде шекараның түбінде, яғни шекарадан 50 шақырымдық аралықта 1,7 млн адам өмір сүріп жатыр. Ел халқының небәрі 8,5 пайызы ғана шекара маңына қоныстанған. Ол 8,5 пайыз халықтың басым бөлігі оңтүстік өңірлерде өмір сүріп жатқанын ескерсеңіз, кейінгі отыз жылдықта шекара маңы жалаңаш қалғанын аңғару қиын емес. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда мемлекетіміз елдің шегін халықаралық шарттармен шегендеп, делимитация, демаркация үрдістерін сәтті жүзеге асырып, территориялық дау-дамайдың жолын біржола кесті. Десе де, «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім» деп Махамбет жырлағандай, ел қауіпсіздігі үшін шекарадағы халықтың санының өскені, бұқара әлеуетінің аяққа нық тұрғаны керек.
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында: «Менің тапсырмаммен Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында шекара маңындағы бірнеше аудан қалпына келтірілді. Мұны жұрт өте жақсы қабылдады. Жаңа аудандарда тіршілік жанданды, инфрақұрылым жақсара бастады. Ауылды дамыту тұжырымдамасында шекаралық аумақтарға қатысты жұмыстың негізгі бағдары айқындалған. Шеткері жатқан елді мекендердің ахуалы ел іргесінің бекем болуына тікелей әсер етеді. Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек. «Amanat» партиясы шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынып отыр. Үкіметке депутаттармен бірге бұл бастаманы жан-жақты қарастыруды тапсырамын», деуі бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін білдіреді.
Президент бастамасымен қабылданатын ол заңда қандай мәселелер қамтылуы керек? Дәл қазір шекаралы аудандардағы халық санының азаюы, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, экономикалық белсенділіктің төмендігі секілді проблемаларды шешудің қандай жолдары бар?
Әлем елдерінің шекара маңындағы елді мекендері экономикалық тұрғыдан үлкен мүмкіндіктерге ие. Дамыған елдер шекара жағалай қоныстанған өңірлерді халықаралық сауда, логистика және ауыл шаруашылығы салалары үшін қолайлы аймақтарға айналдырған. Ұлттық құрылтай мүшесі, заңгер Қазыбек Дәуітәлі шекара маңындағы аудандарды дамытудың негізгі жолы осы бағытта болуы қажеттігін айтады.
«Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары экономикалық ахуалға қатысты бірқатар облыстар мен аудандарды біріктіру саясаты жүрді. Бұл саясат еліміздегі шекаралы аудандарға салқынын тигізіп, шекара маңындағы халықтың санын кемітіп, теріс демографиялық әсер туғызды. Қазір сол қателіктерді түзеуге бет алдық. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы болғалы еліміздегі үш облыс қайта құрылып, жеті облыстың әкімшілік-аумақтық мәртебесі өзгерді. Яғни Қазақстанның 30 пайыздан кем емес жерінің әкімшілік аумағында өзгеріс болды деген сөз. Шекаралық елді мекендерге баса көңіл бөлу бастамасы сол өзгерістердің заңды жалғасы», дейді Қ.Дәуітәлі.
Оның пікірінше, біріншіден, шекаралы аудандарда Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы секілді халықаралық сауда орталықтарын көптеп құру керек. Екіншіден, көлік және логистика инфрақұрылымды дамытып, автомобиль және теміржол дәліздерін жасау арқылы сыртқы сауданы жандандыруға болады. Үшіншіден, шекара маңындағы елді мекендердің тұрғындарына ауыл шаруашылығымен айналысуына жағдай туғызып, субсидиялар мен жеңілдетілген несие беріп, өз өнімдерді экспорттауға мүмкіндік жасау қажет.
Шекара маңындағы ауылдарды дамытуды Парламент Мәжілісінің мінберінен депутат Ерлан Саиров жиі көтеріп келеді. Өткен аптада ол шекаралы аудандардағы қордаланған проблемаларды тізіп, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, шекаралық аудандарға қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырушы органның нақты бекітілмеуі, аудандарды біріктіру, климаттың қолайсыздығы, жұмыссыздық, көлік қатынасының нашарлығы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның тозуы, кеңес одағы кезінде шекаралық аудандарда халық санын тұрақтандыру үшін қолданылған жеңілдіктердің жойылуы секілді көптеген себеп шекара маңындағы 65 ауданның 40-ында халық санын азайтып жіберген. Депутат бұл ахуал әсіресе Солтүстік және Шығыс Қазақстан аймақтарында айқын байқалатынын айта келіп, Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай, Мақаншы аудандарының ашылуы өте орынды іс болғанын, бұл сол аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер еткенін тілге тиек етті.
«Қазақта «Бос жатқан жер жау шақырады» деген сөз бар. Сондықтан бұл мәселеге жіті назар аударып, оны тиімді шешу жолдарын шұғыл қарастырғанымыз жөн. Мәселен, Канада, Норвегия, Аустралия секілді аумағы үлкен және халқы аз елдер шалғайдағы және шекара маңындағы елді мекендерді дамыту үшін жергілікті тұрғындарға түрлі жеңілдіктер (салықтық, әлеуметтік, несиелік, энергетикалық және т.б.) берген. Біздің елге де сол тәжірибені пайдалану керек. Сондықтан еліміздің шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шекаралық аудандарда халықтың тұрақтауын ынталандыру, ішкі көші-қонды реттеу және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану үшін шекаралық аудандарға арнайы мәртебе беруді көздейтін «Қазақстан Республикасының шекаралық аумақтарын дамыту туралы» атты арнайы заң қабылдау өте маңызды. Бұл заң қабылданса, ел аумағын тиімді пайдалануға, шекаралық аудандарды мемлекеттік қолдау шараларын бір жүйеге түсіруге, халықтың шекаралық аумақтарда тұрақтануына, өңірдің дамуына және аумақтық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге зор серпін береді деп есептеймін», деді өз сөзінде.
Шекара маңындағы аудандар әлеуметтік-экономикалық жағынан әлсіз болуы заңсыз көші-қон, контрабанда және басқа да қауіптердің туғызатыны бұған дейін талай айтылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты пікірі сол қауіптерді сейілтіп, шекаралық аймақтарда жаңа жұмыс орындарын ашу, жастарға арналған арнайы бағдарламалар қабылдап, мемлекеттік гранттар мен қолдау көрсету, елдің шетіндегі бұқараға арналған тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру секілді жұмыстарды бастайтын кез жеткенін аңғартты.