
Фото – автордан
Баянауыл аудандық сотында Майқайың алтын кенішінде 4 құтқарушының өліміне себепкер болған қайғылы оқиға бойынша қылмыстық істің негізгі процестері өтіп жатыр.
Сотта марқұм құтқарушы Олег Тышкевичтің қызы Яна Осолодкова куәгер ретінде оқиғаға қатысты өзі білетін жайттармен бөлісті. Янаның айтуынша, ол әкесімен сол күнгі қайғылы оқиғадан жарты сағат бұрын сөйлескен.
«Әкем марқұм телефон арқылы сөйлескенімізде өзінің бұл күні резервтік құрамда болғанын, демалыс бөлмесінде тынығып отырғанын айтқан еді. Оның қалайша оқиға орнына баруға пәрмен алғаны мен үшін түсініксіз. Бір сөзбен айтқанда, ол ойыққа құлаған әлгі автобус салонында болуға тиіс емес еді. Әкемді және жанындағы серіктерін апат орнына заңсыз жіберген деп есептеймін. Олар жауапсыздықтың құрбаны болды. Ал қыршын кеткен Сарқыт Бердіқан деген жас жігіттің (1999 жылы туған) ондай апаттық оқиғаға баратындай тәжірибесі болмаған. Жақында ғана жұмысқа тұрғандықтан ол күрделі құтқару операцияларына тіпті үйретілмеген көрінеді. Ал жұмыс беруші - Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабында (КӘАҚҚ РОШ) қызметкерлерін мұндай іске үйретуге рұқсат беретін тиісті лицензиясы жоқ екенін анықтадым. Сондықтан бұл жерде үлкен заңсыздық болған. Мен бұл сотта КӘАҚҚ ұйымының да жауапқа тартылуын сұраймын», деді сотта Яна Осолодкова.
Янаның сөзінше, марқұм әкесі жұмыста үнемі құтқарушылардың жетіспейтініне, техникалардың ескілігіне шағымданған. Оның үстіне арнайы киімдері де тозығы жеткен, нашар күйде болған көрінеді.
«Автобуста арнайы құралдарды қойып, респиратор да болмаған. «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС жұмыс беруші ретінде қызметкерлерінің қауіпсіздігіне жауап беруі тиіс. Алайда мен сотта оларға қатысты айыптау актілерін көрмей отырмын. Аталған құтқару ұйымын жауапқа тарту, тергеу жүргізу туралы өңірлік антикор қызметіне, прокуратураға шағым түсіргенмін. Олардың нәтижесі болады деген үміттемін», деп қосты Яна Осолодкова.