Құрылтай • 04 Сәуір, 2025

Шекара маңындағы аудандарды дамыту – уақыт талабы

42 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шекара шебіндегі ауылдардың дамуы – стратегиялық тұрғы­да еліміздің экономикалық, әлеу­­меттік және саяси тұрақ­­­тылығының кепілі. Сол тұрақ­тылықты сақтап, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, көші-қон мәселелерін шешуге, көрші елдермен экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға тиіспіз.

Шекара маңындағы аудандарды дамыту – уақыт талабы

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында осы мәселеге қатысты ойын білдіріп, елдің шеті, шекараның өтіндегі елді мекендерді дамытуға қатысты жаңа заңды жан-жақты саралауды ұсынды.

Алтай мен Атыраудың ара­сындағы ұлан-ғайыр атырап­ты ен жайлаған еліміздің құр­лықтағы шекарасы 13 394 ша­қырымға созылып жатыр. Каспий теңізіндегі ше­кара сызығының өзі 2 мың шақырымнан асады. Ресей­мен – 7 591, Қытаймен – 1 782, Түрікменстанмен – 426, Өз­бекстанмен – 2 354, Қырғыз­станмен 1 241 шақырым ортақ шекарамыз бар.

Осы шекара бойын жағалай қоныстанған 65 ауданға қарасты 1 293 ауылда 3,5 млн халық тұрады. Оның ішінде шекараның түбінде, яғни шекарадан 50 шақырымдық аралықта 1,7 млн адам өмір сүріп жатыр. Ел халқының небәрі 8,5 пайы­­зы ғана шекара маңына қоныстанған. Ол 8,5 па­йыз халықтың басым бөлігі оңтүстік өңірлерде өмір сүріп жатқанын ескерсеңіз, кейінгі отыз жылдықта шекара маңы жалаңаш қалғанын аңғару қиын емес. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда мемлекетіміз елдің шегін халықаралық шарттармен шегендеп, делимитация, демаркация үрдіс­терін сәтті жүзеге асырып, территориялық дау-дамайдың жолын біржола кесті. Десе де, «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім» деп Махамбет жыр­лағандай, ел қауіпсіздігі үшін шекарадағы халықтың саны­ның өскені, бұқара әлеуетінің аяққа нық тұрғаны керек.

ап

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртін­ші отырысында: «Менің тапсырмам­мен Абай және Шығыс Қа­зақ­стан облыстарында шека­ра маңындағы бірнеше аудан ­қал­пына келтірілді. Мұны жұрт өте жақсы қабылдады. Жаңа аудандарда тіршілік жан­­данды, инфрақұрылым жақ­сара бастады. Ауылды дамыту тұжырымдамасында шекаралық аумақтарға қатысты жұмыстың негізгі бағдары айқындалған. Шеткері жатқан елді мекендердің ахуалы ел іргесінің бекем болуына тікелей әсер етеді. Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты бел­сенді түрде жалғастыру керек. «Amanat» партиясы шекара маңындағы аудандарды дамы­туға қатысты жаңа заң қабыл­дауды ұсынып отыр. Үкімет­ке депутаттармен бірге бұл бас­таманы жан-жақты қарас­тыруды тапсырамын», деуі бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін білдіреді.

Президент бастамасымен қабыл­данатын ол заңда қан­дай мәселелер қамтылуы керек? Дәл қазір шекаралы аудан­дардағы халық санының азаюы, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, экономикалық белсенділіктің төмендігі секілді проблемаларды шешу­дің қандай жолдары бар?

Әлем елдерінің шекара маңын­дағы елді мекендері эко­номикалық тұрғыдан үлкен мүмкіндіктерге ие. Дамы­ған елдер шекара жағалай қо­ныс­танған өңірлерді халық­аралық сауда, логистика және ауыл шаруашылығы салалары үшін қолай­лы аймақтарға айналдырған. Ұлттық құрылтай мүшесі, заңгер Қазыбек Дәуіт­әлі шекара маңындағы аудандарды дамытудың негізгі жолы осы бағытта болуы қажеттігін айтады.

«Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары экономикалық ахуалға қатысты бірқатар облыстар мен аудандарды біріктіру саясаты жүрді. Бұл саясат еліміздегі шекаралы аудандарға салқынын тигізіп, шекара маңындағы халықтың санын кемітіп, теріс демографиялық әсер туғызды. Қазір сол қателіктерді түзеуге бет алдық. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы болғалы еліміздегі үш облыс қайта құрылып, жеті облыстың әкімшілік-аумақтық мәртебесі өзгерді. Яғни Қазақ­станның 30 пайыздан кем емес жерінің әкімшілік аумағында өзгеріс болды деген сөз. Шекаралық елді мекендерге баса көңіл бөлу бас­тамасы сол өзгерістердің заңды жалғасы», дейді Қ.Дәуітәлі.

Оның пікірінше, бірінші­ден, шекаралы аудандарда Қа­зақстан мен Қытай ше­кара­сындағы «Қорғас» халық­аралық шекаралық ынты­мақ­тастық орталығы секіл­ді ха­лықаралық сауда орталық­та­рын көптеп құру керек. Екін­шіден, көлік және логистика инфрақұрылымды дамытып, автомобиль және теміржол дәліздерін жасау арқылы сырт­қы сауданы жандандыруға болады. Үшіншіден, шекара маңындағы елді мекендердің тұрғындарына ауыл шаруа­шы­­лығымен айналысуына жағдай туғызып, субсидия­лар мен жеңіл­детілген несие беріп, өз өнім­дерді экспорттауға мүм­кін­дік жасау қажет.

Шекара маңындағы ауылдарды дамытуды Парламент Мәжілісінің мінберінен депутат Ерлан Саиров жиі көте­ріп келеді. Өткен аптада ол шекаралы аудандардағы қор­да­лан­ған проблемаларды тізіп, Үкі­мет басшысы Олжас Бек­теновтің атына депутаттық сауал жолдады. Оның айтуын­ша, шекаралық аудандарға қолдау көрсетуге бағытталған мем­лекеттік бағдарламаларды жүзеге асырушы органның нақты бекітілмеуі, аудандар­ды біріктіру, климаттың қолай­сыздығы, жұмыссыздық, көлік қатынасының нашарлығы, әлеу­меттік және инженерлік ин­фра­құрылымның тозуы, кеңес одағы кезінде шекара­лық аудандарда халық санын тұрақтандыру үшін қолданыл­ған жеңілдіктердің жойылуы секілді көптеген себеп шекара маңындағы 65 ауданның 40-ында халық санын азайтып жіберген. Депу­тат бұл ахуал әсіресе Сол­түс­тік және Шығыс Қазақ­стан аймақтарында айқын байқа­латынын айта келіп, Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай, Мақан­шы аудандарының ашылуы өте орынды іс болғанын, бұл сол аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер еткенін тілге тиек етті.

«Қазақта «Бос жатқан жер жау шақырады» деген сөз бар. Сондықтан бұл мәсе­ле­ге жіті назар аударып, оны тиім­ді шешу жолдарын шұ­ғыл қарастырғанымыз жөн. Мәсе­лен, Канада, Норвегия, Аустралия секілді аумағы үл­кен және халқы аз елдер шал­ғайдағы және шекара маңын­дағы елді мекендерді дамы­­ту үшін жергілікті тұрғын­­дар­ға түрлі жеңілдіктер (салық­тық, әлеуметтік, несие­лік, энер­гетикалық және т.б.) берген. Біздің елге де сол тәжі­рибені пайдалану керек. Сон­дықтан еліміздің шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шекаралық аудандарда халықтың тұрақтауын ынталандыру, ішкі көші-қонды реттеу және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану үшін шекаралық аудандарға арнайы мәртебе беруді көздейтін «Қазақстан Республикасының шекаралық аумақтарын дамыту туралы» атты арнайы заң қабылдау өте маңызды. Бұл заң қабылданса, ел аумағын тиімді пайдалану­ға, шекаралық аудандарды мем­ле­кеттік қолдау шараларын бір жүйеге түсіруге, халық­тың шека­ралық аумақтарда тұ­рақта­нуына, өңірдің дамуына және ау­мақтық қауіпсіздігімізді қамта­масыз етуге зор серпін береді деп есептеймін», деді өз сөзінде.

Шекара маңындағы аудандар әлеуметтік-эко­номикалық жағынан әлсіз болуы заңсыз көші-қон, контрабанда және басқа да қауіптердің туғыза­тыны бұған дейін талай айтыл­ған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты пікірі сол қауіптерді сейілтіп, шека­ралық аймақтарда жаңа жұ­мыс орындарын ашу, жас­тар­ға арналған арнайы бағ­дар­ламалар қабыл­дап, мемле­кеттік гранттар мен қолдау көрсету, елдің шетіндегі бұқа­ра­ға арналған тұрғын үй бағ­дар­ламаларын жүзеге асыру секілді жұмыстарды бастай­тын кез жеткенін аңғартты.