Өшпес даңқ • 09 Сәуір, 2025

Тәжік-ауған шекарасында болған қарулы қақтығысқа – 30 жыл

72 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл тәжік-ауған шекарасында болған қарулы қақтығысқа 30 жыл болады. Соған орай Көкшетау қаласында орналасқан 55/10 әскери бөлімшесінде Пшихавр шатқалында қаза тапқан әскерилерді еске алуға арналған іс-шара өткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тәжік-ауған шекарасында болған қарулы қақтығысқа – 30 жыл

Фото: ашық дереккөз

Сонау 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында содырлармен болған қарулы қақтығыста 17 қазақстандық оққа ұшып, отыздан астам  сарбаз жарақат алғаны есте.

«Біз жыл сайын боздақтарды еске аламыз. Бір жағынан есіл ерлердің аруағына көрсетілген құрмет болса, екінші жағынан желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақты ерлікке тәрбиелеудің мысалы. Негізінде жастар ел қорғау жолында опат болған батырлардың ерлік ісін білуге тиіс», дейді «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дуанбай Ыбырай.

Естелік айтушылардың сөзіне қарағанда, жетінші құрама бітімгершілік ротасы тұтқиылдан жасалған шабуылға тап болған. Қарулы қақтығыс бес  сағатқа созылыпты. Біздің жауынгерлер әскери борышын абыроймен атқарған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қаза тапқан жауынгерлердің бесеуі екінші дәрежелі «Айбын» орденімен, өзгелері «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Қақтығысқа қатысушылардың бірі Талғат Қадыржанов өз сөзінде қанды оқиғаның қалай өрбігені туралы айтып берді. Жүрек тебірентерлік әсерлі естелік болды.