Жансарай • 10 Сәуір, 2025

Жақсы ісі жалғасады

42 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ел құрметіне бөленген Атымтай жомарт кәсіпкер марқұм Данияр Молдиярұлы атындағы қор құрылып, жұмысын бастайды. Үлкен ұжымның басшысы, отбасының қамқоры болған Данияр Молдиярұлы Нұрбаевтың кіндік қаны Жетісу облысының Ақсу ауданында тамған. Десе де ол Жамбыл ауданында, ақындар мен батырлар елінде өмірдегі өз орнын тапқан абыройлы азамат еді. Сол жылдары ол азаматтық жақсы ниетімен соңына жақсы сөз, ізгілікті із қалдырды.

Жақсы ісі жалғасады

Атымтай жомарт жанның Алматы облысы Жамбыл ауданын табиғи газбен қамтамасыз етіп, алдына келген жерлестерінің жай-күйіне қарап, мəселесін шешуде аза­маттық танытқанына жұртшылық әр кез риза болды. Сұм тағдыр, қатыгез ажал кім­ді аяған? Аяулы жан 2024 жылы дүние сал­ды. Əкесі мен анасының, жарының жүрек­тері қан жылады. Аймақтағы халықты «көгіл­дір отынмен» қамтуды бірге бастаған əріп­тесі Жанжігіт Байжігітұлы замандасы Мол­диярдың сол кездегі жайын әңгімелеген еді.

«Құрдасым 1992 жылдан жеке кəсіпкер ретінде жемісті еңбек етті. Молдияр алғашқылардың бірі болып тұрғындарды табиғи газбен жабдықтайтын жоғары, орта қысымдағы газ тарту желілерінің құрылысын қолға алды. Бұл нартəуе­кел­ге барумен тең. 2001 жылдан бері ұйым­дастырған жұмысын жолға қойған «Тəуекел-Т» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің құрылтайшысы жəне директоры болды. Оның басшылығындағы серіктестік 2001–2012 жылдары Алматы облысының Қарасай, Жамбыл аудандарының, Алматы қаласындағы Наурызбай ауданының тұр­ғындарын табиғи газбен жабдықтауды жеке инвестиция есебінен жүзеге асырған жанкешті еңбегіне куә болдық.

Жалпы, Молдияр бəсекеге қабілетті, ізденгіш екенін дəлелдеді. Саладағы табысы өрге басқан кəсіпкер 2013 жылы «Алматы облысы газ шаруашылығы» қауымдастығы заңды тұлғалар қоғамын ұйымдастырды. Осы еңбегі үшін ордендермен, Алғысхаттармен марапатталды. Ерекше жомарттығымен танылып, әсіресе əлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтыл­ған отбасыларға, балалар үйіне айрық­ша қолдау көрсетті. Қайырымдылығы үшін «Алтын жүрек – Золотое сердце» республикалық жобасының жеңімпазы болып, арнайы марапат иеленді.

Көп жылғы еңбегінің зейнетін көрді. Кейін компания жұмысын ұлы Даниярға тапсырды. Бұған дейін ол əкесі басқарған компанияда қатардағы шебер болып еңбек етіп, тəжірибе жинақтады. Кейін оны өзі басқарды. Данияр əкесі құрған серіктестіктің жұмысын бірден дөңгелентіп əкетті. Бұған өткен жылдардағы жұмысы дəлел.

Даниярдың мұқтаж жандарға жəрдем бергенінің өзі ерекше əңгімеге арқау болғандай. Оған өзім де куə болғаным бар. Ұзынағаш ауылындағы соғыс жəне еңбек ардагерлеріне, «Алтын алқалы» аналардың шаңырағына, басқа да елді мекендердегі жеткіліксіз қамтылған отбасыларға газ құбырын тегін кіргізді. Арнайы есептегенде төрт жүзден астам отбасы оның қолдауымен шаңырақтарына жылуды су тегін кіргізіп, азаматтың жан жылуын сезінген.

Дәл қазір оны алғаш кездестірген кез есіме түсіп отыр. Сонау жылдары жыр сүлейі Сүйінбай бабаның басына бір топ əріптеспен бара қалдық. Зират жанынан құрылыс жұмыстары қызу басталыпты. Әртүрлі техника қаптап тұр. Оның басы-қасынан Даниярды кездестірдік. Кішіпейіл қалпымен ақын-жазушылардың қолын алып, бəйек болды. Əдеттегі жөн-жоралғымен амандық-саулық сұрастық.

«Шырақшы Үсен ағаның бір өтінішін орындап жатырмыз. Бабамыздың басына алыс-жақыннан зиярат етіп келетін­дер қыраулы қыста жылынып, Құран бағыштайтын баспана қажеттігін айтты. Міне, құрылысты бастап кеттік. Мұны «қатымхана» десе де болар. Алла қаласа, тез арада құрылысты бітіріп, пайдалануға береміз. Арнайы дастарқан жайып, Құран бағышталады. Бес шақырымға жуық жерден арнайы газ құбыры тегін тартылады. Қаламгерлер қауымы екенсіздер, келіңіздер», деді ақжарқын мінезімен. Біткен кезде бір қауым жұрт жиналды. Ақын баба жайлы естелік айтылды. Кел­гендер «Бəрекелді, Данияр!» деп ал­ғыс­та­рын жаудырды. Ол Ұзынағаш ауылын­да тұратын көпбалалы, жалғызбасты ана Сарқыт Бай­батырованың отбасындағы қайғылы жағдайды естіген екен. Барса, балалар суық үйде тұмауратып, жағдайлары болмағанын көреді. Бірден баспанаға жылу жүйесін жүргізіп, тегін газға қосады. Көпбалалы ана ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды. Мұндай жақсылығын тізе берсек жеткілікті.

Өз мамандығын жетік меңгерген Данияр бірнеше іргелі оқу орнын бітірген. Жоғары білімді заңгер, экономист еді. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік техникалық университетінің мұнай-газ факультетін газ шаруашылығы мамандығы бойынша бітірді.

Еткен еңбек еленбей қалмайды. Сай­лаушылар сенім білдіріп, Алматы облысы мəслихатының депутаттығына бірнеше мəрте сайлады. Мерекелік медальдармен, облыс, аудан əкімдерінің Алғысхаттарымен, Мақтау қағаздарымен марапатталған. Бұдан басқа да алған сый-марапаттары жетерлік. Рухани саланы қолдауы ескеріліп, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлыққа да ие болыпты. Ал халықтан алған «Рахмет, балам Данияр» деген сөз бəрінен қымбат, бəрінен жоғары. Даниярдың жары Лейла – Алтынсарадай анадан тəрбие алған аяулы жар. Қазіргі кезде ұлы Дарын екеуі мар­құм отағасының жақсы ісін жалғастырып, басталған жақсы істі дамытып келеді.

Мына бескүндік жалған өмірдегі төккен тері, жарқын бейнесі, қалдырған ізі көпшіліктің жадында қалатын жандар бар. Сол қатарда Алатаудың бөктері мен Жетісуды мекендеген жұртшылық Данияр Молдиярұлын да ұмытпайды. Ұл-қызының жақсы ісін жалғайды, шаңырағын шаттық пен бақытқа бөлейді. Бұл – өміршең заңдылық, ұрпақ сабақтастығы.

Ең қуаныштысы, алыстағы Ақсудан келген мына бастама мені елең еткізді. Тағы да жақсының аты өшпейді, естелік ешқашан ескірмейді дегеннің шындығына көз жетті. Енді соған тоқталайын.

Данияр Молдиярұлы – нағыз елге қызмет жасайтын 49 жасында жасындай жарқ етіп, мәңгілік өмірін жалға­ған абыройлы азамат. Ол жайлы әлі де тебіреніп, жақсы сөз айтатындар көп. Баспасөз беттерінде естеліктер жазылды. Әр адамның өзіне ғана бұйырған ғұмыр жолы, тіршілік баяны болады ғой. Еткен еңбек, төккен тер, алған асу, шыққан биік әркімнің өмірінде әрқилы. Сырт көз өзінше бағалайды оны. Өйткені олардың көргісі, сезгісі, біл­гісі келетіні, әрине, кісілік келбеті, аза­маттық биік тұлғасы екені сөзсіз. Осы адами қасиетке қаншама ғұмыр кешкенімен жеткен де, жетпей кеткендер де болады-ау. Сондықтан елуді еңсермей кеткен Даниярдың мына тіршілікте алған асуы, шыққан биігі бүгінгі ұрпаққа өнеге болуға әбден лайық. Бұл пікіріме Жетісу жерінен жеткен мына бір жақсы жаңалық қолдауға әбден лайық. Онда «Матай Бөрі­бай батыр» рухани қоры 2020 жылы Жетісу облысы, Ақсу ауданында құрылғаны айтылады. Қордың мақсаты – ел мен жер тарихын, аудандағы тарихи тұлғаларды, өнер мен әдебиетті, мәдениетті насихаттап, руханият әлеміне мүмкіндігінше үлес қосу. Ұлтымыздың дамуы мен руханиятына қосқан үлесін өңірден шыққан дарынды ұл-қыздары арқылы насихаттауды алға қойыпты.

Қордың демеушілігімен қыруар шаруаның тиянағы келтірілген. Мәселен, 2020 жылдан бастап аудан орталығы І.Жансүгіров ауылында «Бөрібай батыр», «Бала Ілияс», «Академик Ж.Сыдықов», «Батыр Е.Сихымов», «Түймебас тұлпар» ескерткіштері ашылып, ас берілген. Ақын Жамау Бұхарбаевтың құрметіне Есеболатов ауылынан «Ақындар аллеясы» ашылған.  Ал өлеңдері тасқа қашалып жазылған. Қазіргі кезде қор жұмысын одан әрі жалғастырып, дамытып отыр. Елден шыққан алып күш иесі, балуан Әбілсейіт Айхановтың ескерткіші бітуге таяпты. Ал Ілияс Жансүгіровтің Талдықорған мен Ақсу ауылындағы музейлеріне ақынның қола мүсіндерін сыйға тартқаны да – жақсы жаңалық.

Әсіресе жастарға тәлім-тәрбие болатын көпшіліктің қатысуымен ғылыми-тәлімдік конференциялар, «Бөрібай батыр жолымен» экспедициясы тұрақты ұйым­дастырылып келеді. Бұл жоба осы өңірде туып-өскен, «Тәуекел газ құбыры» серіктестігінің басшысы, атпал азамат марқұм Данияр Нұрбаевтың демеушілігімен жүзеге асырылған.

Қуанарлық жаңалықпен танысып, мерейлендік. Енді осы қордың төрағасы, Ақсу ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Берікбол Төлегенұлы Қасымов­тың бастамасымен Данияр Молдиярұлын атындағы қор құру қолға алынды. Бұл бас­тамасы туралы Берікбол Қасымов: «Біз әкелі-балалы Молдияр мен Даниярдың ел ертеңі үшін қосқан үлесі айрықша екенін атап айтамыз. Өмірден ерте өткен Даниярдың қазасы қабырғамызды қайыстырды. Ойлана келе, бәріміз бір тұжырымға келдік.

Мәселен, швед ғалымы Альфред Нобель өмірден өтер алдында бар жинағанын банкке салады да, одан түскен жыл сайынғы өсіміне (өсіміне ғана %) 5 түрлі ғылым саласының өкілдеріне адам өміріне тигізер жаңалығына сыйлық тағайындайды. Қарап отырсақ, сол қор әлі де 130 жыл бойы жал­ғасып келеді екен. Тамаша емес пе!

Жұртты қыраулы қыста жылумен қамтамасыз ету оңай емес. Мыңдаған отбасы оның қызығын көріп келеді. Тағы қаншама адам жұмыспен қамтылып жатыр. Ұжымдағы жүздеген адамның тегін түскі ас, арнайы киіммен, автокөлікпен қамтамасыз етілуінің өзі оның азаматтық келбетін аңғартады. Сондықтан әкесі Молдияр Нұрбаев, анасы Алтынсара, Даниярдың жұбайы Лейла Әділқызы, ұлы Дарын Даниярұлымен кездесіп, қордың мақсаты мен міндеті жайлы бір шешімге келдік. Олар бұл бастаманы қолдағанын айтқым келеді. Осылайша, Даниярдың отбасылық бизнестегі үлесі есебінен өз атындағы қор ұйымдастырылып, түскен дивиденд есебінен үш жыл сайын ескерусіз қалған бабаларға арнап үлкенді-кішілі ескерткіш тұрғызу, тағы басқа ел ішіндегі қайырымдылық іс-шараларына, мәдениет саласына үлес қосу. Қор жұмысын биыл қобызшы Молықбай атаға ескерткіш тұр­ғызудан бастайды. Оған кететін бар шығынды Данияр Молдияр қоры көтеретін болып шешілді.

Тіршілігінде әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған талай отбасына қайырымдылық жасап, көмек қолын созған Даниярдың рухы өмірден өткенімен, кейін де халқына қызмет жасап, оның көзін көр­ген­дердің кейінгі ұрпақ жадында сақ­та­ла­тыны ақиқат. Біз соны ниет еттік. Алла адал ниетімізді қабыл етсін», деді әңгімесінде.

Ал марқұм Даниярдың жары Лейла мен ұлы Дарын Жамбыл ауданындағы әлеуметтік жағынан жеткіліксіз отбасы­ларға демеушілігін әлі де тоқтатқан емес. Осы көктемде Данияр Нұрбаевтың атында спорт түрлерінен турнир өткізуді бастамақ. Демек азаматтың бастаған жақсы ісі одан әрі жалғасады. «Жақсының аты өшпейді» деген осы.

 

Күмісжан БАЙЖАН,

Қазақстанның құрметті журналисі, «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері