
Бұл сурет 1945 жылғы 5 мамырда Куйбышев қаласында түсірілген. Қасында майдандас досы Ходжат Нығметов отыр.
Ел басына күн туған қатерлі шақта атамның еліне деген сағынышын баяндайтын, тума-туыс, туған жерге деген махаббат пен жауды ертерек жеңіп елге оралсақ деген армандарынан сыр шертетін хаттары келіп жатты.
Атам Әбзәли Егізбаев 1907 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Көктөбе ұжымшарында дүниеге келген. Алғаш сауатын ауыл молдасынан ашып, 1928–1930 жылдары Қызылорда қаласында Ғани Мұратбаев атындағы 7 жылдық қазақ мектебінде оқуын жалғастырды. Мектепті бітіргеннен соң 1930 жылы Қармақшы ауданына келіп комсомол, кеңес, қаржы мекемелерінде қызмет атқарды. 1933 жылдан бастап оқытушылық қызметіне кірісті.
1933–1934 жылдары бастап «Еңбекші», «Жаңаталап», «Қызыл там» және Ленин атындағы мектептерде оқытушы, мектеп директоры қызметтерін атқарды. Ол қазақтың көрнекті ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шәкірті болды. 1938 жылы «халық жауы» деген атпен ұсталып қамауға алынды. Ешқандай кінәсі дәлелденбесе де, 1939 жылдың 22 қаңтарында Қызылорда облыстық сотының үкімімен 15 жылға сотталды. Атам қандай қиыншылық болса да мойымай, Отанына деген адалдығын, халқына деген сенімін, махаббатын жоғалтпай, бәрін көтере білді. 1939 жылы 13 тамызда анасы мен әжесіне жазған хатында «Мені ойлап көп қайғырма! Мен жалғыз ғана жүргенім жоқ. Қызылордада жүздің бірі болсам, Қазақстанда мыңның бірімін, кеңес одағында миллионның бірімін. Солармен көрем. Тілек тіле!» деп өзінің ақталатынына сендіреді.
1941 жылдың жаз айында ақталып, елге оралып, мектепте ұстаздық қызметін жалғастырды. 1942 жылдың 17 шілдесінде Қармақшы аудандық әскери комиссариаты арқылы Отанымызды неміс басқыншыларынан қорғау үшін майданға аттанды. Тотский қаласында әскери дайындық курсынан өтіп, Воронеж майданында шайқасқа қатысты. Осы шайқаста ауыр жарақаттанып, госпитальге түседі. Қаламын жанына серік еткен атам емделіп жатып, «Жорық жолында» атты дастанын және басқа да бірнеше өлеңін жазады.
Госпитальде алты ай емделіп, қайтадан майданға аттанды. Атам Әбзәли Барабинск қаласында тұрған теміржол батальонына жіберілген. Батальон Орел, Староосколь, Невель қалаларында 1943 жылдың қазан айына дейін болады. 1944 жылы 5 шілдеде Латвия жеріне аттануға бұйрық болғанға дейін теміржол әскери бөлімі құрамында қызмет етті, 1945 жылдың басында Шығыс майданына аттанып, Жапонияға қарсы соғысқа қатысып, осы жылы қыркүйекте Маньчжурия қаласында қаза тапты.
Атамның Алматы қаласында болған кезінде бір жолдасына тапсырып кеткен қойын дәптері көп жыл өткен соң табылды. Осы сарғайған дәптердің ішінде соңғы хат 1945 жылдың 5 тамызында Амур облысы Пояркова стансасынан жазылыпты. «Алға талпын» деген өлеңімен Қасым Жүсіповке жазған ең соңғы хаты екенін дәлелдейді. Хаттың өлеңмен жазылған жолдарында:
«Аға-іні, тең құрбыны аман қосып,
Халықтың сау көрсеткей жас пен қартын.
Жарты әріп жалғаным жоқ жан достарым,
Сағындым сұлу Сырдың суын салқын», деп туған жер мен ел-жұртты сағынған ыстық сезімін білдіріп, елінің құмы күміс, тасы алтын екенін, табиғатының өзі ештеңеге теңестірмейтінін жырмен сипаттаған. Елге деген ыстық сезімге қоса жаңа өсіп келе жатқан жастарға «алға талпынып өмірдің биігіне шығыңдар, техниканы меңгеріңдер» деген үгітін қосқан. Сонымен қатар атамның соғыста жүріп, ардақты анасына, жарына, туған жерге, ауыл адамдарына деген сағынышын арқау еткен «Анаға хат», «Ауыл адамдарына», «Ел-халыққа», «Тілек» дейтін өлеңдерін де тебіренбей оқу мүмкін емес.
Ақын, Қазақстанның халық жазушысы Әбу Сәрсенбаев: «Кешегі алапат соғыс енді ғана гүл жарып келе жатқан жауқазындай мыңдаған, миллиондаған боздақтардың өмірін қиып кетті. Талай асқақ арман, асыл аңсар айтылмай олардың өздерімен бірге өшті. Ғалымның қиялы хатқа түспеген қалпында адыра қалды, ақынның көкірегінде оттай қоздаған, шырақтай маздаған, қуатты жырлары жарық дүниені көре алмай күлге айналды. Сондай айтарын айта алмай, берерін бере алмай арманда өткен, қыршын кеткен ақындардың бірі Әбзәли Егізбайұлы еді. Ол ағып тұрған жүйрік ақын, оның жырлары ұлттық поэзиямыздың елеулі қазыналарының бірі», деп баға берген еді.
Орнында бар оңалар дегендей, ұрпақтары Әбзәли Егізбаевтың артында қалған мұрасын насихаттап келеді. 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Жауынгер жүрегі», 1996 жылы ҰҒА «Ғылым» баспасынан «Елімнің сырын еттім жыр», 2007 жылы «Алматы» баспасынан атамның 100 жасқа толуына орай «Майдан хаттары» атты өлеңдер жинағын кітап етіп жарыққа шығарып, халыққа таныстырдық. 1987 жылы Жазушылар одағы басқармасының шешімімен Қармақшы ауданында Әбзәли Егізбаевтың 80 жылдығы, 1997 жылы 90 жасқа толған мерейтойлары аталып өтті.
2005 жылы әкем Амангелді Әбзәли атамыз жерленген Маньчжурия қаласына барып, зиратына ескерткіш қойып, құран бағыштап, бейітіне елден алып келген топырағын салып, тағзым етіп қайтты.
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп дана Абай айтқандай, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсете білген, талантты ақын, өр мінезді майдангер, ұлағатты ұстаз мына жарық дүниемен мәңгілікке қоштасты. Алайда өзі өлгенімен артында қалған мұрасы ұрпағы бізбен бірге мәңгілікке жасай бермек.
Жанат Әбзәлиева,
Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің басшысы