
Ғылым айлығы аясында өткен жиынға Ресей және Татарстан, Қытай, Египет, Өзбекстан елдерінен келген шетелдік ғалымдар мен өз елімізден түрлі шаруашылық салаларының кәсіби мамандары қатысты. Ғалымдар алқалы басқосуда қой шаруашылығының қазіргі жағдайы мен дамуы, қазақ жылқысының генетикалық ресурсын сақтау және әртүрлілігін зерттеу, құрылыс саласындағы мүмкіндіктер мен тиімді бастамалар, өнеркәсіп нысандарын ұйымдастыру-технологиялық даярлау үшін цифрлық модельдерді дамыту, сазды топырақта өсірілетін тропикалық жемістердің өнімділігіне суарудың әсері т.б. сан салалы тақырыпты талдап, тәжірибе алмасты.
«Мен жылқы шаруашылығы, жергілікті тұқымдарды селекциялау, генетикасын анықтау, сүтті бағыттағы жылқыларды дамыту бойынша Жәңгір хан университетінің ғалымдарымен бірге зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмын. Селекция саласында біздің де бірнеше жылдық тәжірибеміз бар. Сүтті бағыттағы жылқыны көбейту мақсатында генетикалық әдістемелерді селекцияға қостық. Жәңгір хан университеті де осы бағытта үлкен ғылыми жобаны қолға алған. Осы орайда қос тарап өз тәжірибемізді ортаға салып, екі елдің жылқы шаруашылығын дамытуға үлес қосамыз деген ойдамын. Жалпы Қазақстанда мал шаруашылығы саласындағы ғылыми жұмыс жақсы жүріп келеді. Осы бағытта таңдауымыз ғылыми әлеуеті жоғары Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне түскен еді», дейді Қытайдың Тарим университетінен келген профессор, өз қандасымыз Ғұнымгүл Мұхатай.
Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің профессоры Юсупжан Юлдашпаев та осындай халықаралық дәрежедегі конференциялар елдің ғылымға деген оң көзқарасын білдіретінін айтады.
«Биыл Орал қаласында өтіп жатқан халықаралық ғылыми-практикалық конференция мерейтойлық датада, яғни 25-ші жыл қатарынан өтіп жатыр. Біз Жәңгір хан университетімен көп жылдан бері әріптестік байланыстамыз. Осы оқу орнының көптеген ғалымы Тимирязев университетінде кандидаттық диссертация қорғады, магистратурада оқыды, ғылыми тағылымдамадан өтті. Кадр даярлау саласындағы жүйелі жұмысымыз алдағы уақытта да жалғасары сөзсіз. Сондай-ақ біз жануарлар генетикасы, молекулалық-генетикалық зерттеулер және қазіргі заман талабына сәйкес келетін жануарлардың жаңа түрлері мен тұқымдарын жасау саласындағы озық технология бойынша ынтымақта жұмыс істейміз. Негізінен Қазақстанда ғылым жақсы дамып келеді. Әсіресе соңғы жылдары мемлекет тарапынан ғылымға барынша көңіл бөлініп отыр», деді ресейлік профессор.
Жәңгір хан университетінің негізгі бағыты аграрлық сала. Сондықтан, мұндағы ғылыми зерттеулер тақырыбы да ауыл шаруашылығы жануарларының генетикасына, олардың әртүрлі аурулары мен емдеу іс-шараларына зерттеу жүргізуге, жаңа тұқымдарды көбейтудің тәсілдерін ойлап тауып, іс жүзінде тәжірибеге енгізуге негізделген. «Біздің ғылыми қызметкерлеріміздің қатары жыл сайын шетелдік жетекші университеттер мен зертханаларда, ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтіп келген ғалымдармен толығады» дейді университеттің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін.
Жәңгір хан университетінде ғылым айлығы аясындағы іс-шаралар сәуір айының соңына дейін жалғасады.