
Аккумуляторды зарядтаудың жаңа тәсілі
Ғылым қорының қолдауымен ванадийлік ағынды аккумуляторларға арналған аралас ванадий оксидтерін алу технологиясы әзірленіп жатыр. Құрғақ ванадий электролиті аккумуляторларды зарядтау мәселесін шешеді. Жаңа материал электролитті тікелей қолдану орнында дайындауға мүмкіндік береді, сондай-ақ сұйық ерітінділерді тасымалдау қажеттілігін жояды.
«Фирма Балауса» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғылыми-коммерциялық компаниясы 2043 жылға дейін Қызылорда облысындағы «Бала Сауысқандық» кен орнын игеру құқығына ие. Бұл бірегей кен орны кенді қайта өңдеу шығынын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Компания қазіргі уақытта аммоний метаванадатын шығарады және ванадий пентоксидін өндіру қуатын жылына 22,4 тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Өз шикізаты мен озық технологияларының көмегімен еліміз бәсекеге қабілетті ванадий аккумуляторын өндіруді жолға қоя алады. Компания VRB және Invinity сынды әлемдік жетекші өндірушілермен ынтымақтасып, жасыл энергетика мен микрогридтерге арналған аккумуляторды жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл энергия шығындарын азайтады әрі энергиямен жабдықтауды тұрақтандырады.
2020 жылы батареялардағы, соның ішінде ванадийлі тотығу-қалпына келу аккумуляторларындағы (VRFB) ванадийге деген әлемдік сұраныс 2 638 тоннаны құрады. Жоспар бойынша жаңартылатын энергетиканың дамуы, электр энергиясын сақтау жүйелеріне деген қажеттіліктің артуына байланысты бұл аккумуляторларға сұраныс жыл сайын 30%-ға өседі. Негізгі артықшылық – ауқымдылық пен ұзақ қызмет ету мерзімі.
Жоба ванадийдің аралас оксидтерін өндіруді іске қосу, алғашқы сынақ партиясын шығару, өндірістік технологиялық регламентін әзірлеу міндеттерін қамтиды. Жоба жетекшілерінің айтуынша, мемлекет қолдауының нәтижесінде еліміз жоғары технологиялық өндіріс пен болашақтың энергетикалық шешімдерін дамыту бағытында маңызды қадам жасап жатыр.
Микроэлектроника материалын әзірледі
NU ғалымдары көпфункциялы, үш өлшемді полимерлерді синтездеудің инновациялық әдісін тапты. Зерттеушілер енді әртүрлі кеуекті композитті материалдарды шығара алады. Сонымен қатар бұл жоғары тиімді энергия сақтау құрылғыларын, сенсорларды, басқа да озық технологияларды жасау үшін жаңа мүмкіндік ашып отыр.
Топ жетекшісі, профессор Нұршат Нұражы: «Алынған жаңа материал миниатюралық және тиімді энергия сақтау құрылғыларын құруға жол ашады. Микроэнергияны сақтау құрылғыларының дамуы киілетін электрониканың болашағы үшін өте маңызды. Біздің полимерлер дәстүрлі материалдардан асып түседі және шағын энергияны сақтау қолданбаларына ауқымды, үнемді шешім ұсынады. Бұл елімізде өндірілуі де мүмкін», деді.
Жаңа материалды смарт білезіктер, биосенсорлар, икемділік пен деформацияға төзімділікті қажет ететін басқа да құрылғылар сияқты киілетін гаджеттерде қолдануға болады. Бұл өзінің қасиеттерін жоғалтпай иілуге, бұралуға төтеп береді. Жаңа, ультра икемді өткізгіш полимерлер «ақылды» білезіктерден медициналық сенсорларға дейін шағын электронды құрылғылардың жұмысын жақсарта алады.
Зерттеуші Гүлдана Жігербаева өздері ойлап тапқан материалдың қасиеттерін атап өтті. «Материалдық инженер ретінде мен ақылды материалдарды, яғни болашақтың материалдарын өндірудің масштабталатын әдістерін әзірлеуге тырысамын. Жаңа технологияның басты артықшылығы – оның әмбебаптығы мен қарапайымдылығы. Кеуекті полимерлерді синтездеудің қолданыстағы әдістерінен айырмашылығы – тәсілдің қосымша әдістерді, айқастырғыш агенттерді немесе диэлектриктерді қолдануды қажет етпейтінінде. Бұл үдерісті айтарлықтай жеңілдетеді, оның құнын төмендетеді. Біз әзірлемелерімізді қазірдің өзінде икемді энергия сақтау құрылғыларын, газ датчиктерін және сутегі өндіру жүйелерін жасау кезінде қолданып отырмыз. Осылайша, платформаның тиімділігі дәлелденді. Синтездің ауқымдылығы материалдарды өндірісте қолдануға жол ашады», деді ол.
Отандық ғалымдар тобының полимерлік нанокомпозиттер саласындағы зерттеулері болашақтың тиімді, икемді энергия сақтау құрылғылары мен материалдарын құру жолындағы маңызды қадам болып тұр. Қазір ғалымдар жаңа синтездеу жолын басқа композиттік полимерлер жасау үшін пайдаланып жүр. Бұл полимерлер сутегі өндірісінде, суды тазартуда, сезімтал сенсорларды жасауда, жаңартылатын энергия мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқа жобаларда қолданылады. Жұмыстың нәтижелері «Nature Portfolio» құрамына кіретін «Scientific Reports» беделді ғылыми журналында жарияланды.
«AQUA DRESS» таңғыштары:
- I-III дәрежелі күйіктер кезінде алғашқы көмек көрсетуге;
- шағын жаралар мен ойық жараларда (1 дм² дейін), сондай-ақ теріні трансплантациялауға дайындау кезінде;
- жараларды жарақаттанудан, кебуден және инфекциядан қорғауға;
- пилинг, лазерлік тегістеу, дермабразия және пластикалық операциялардан кейін емделуді жеделдетуге;
- жұмсақ тіндер жоғалған жаралары үшін;
- тері ауруларында қабынуды азайтуға (таңғышты ауыстыру – көрсеткіштерге сәйкес әр 24-48 сағат сайын) қолданылады.
Осы жоба еліміздің денсаулық сақтау жүйесі үшін тиімді медициналық өнімдердің қолжетімділігін арттырып, отандық заманауи медициналық бұйымдар өндірісінің дамуына ықпал етеді.
Медициналық таңғыш өндіріліп жатыр
Ғылым қорының қолдауымен елімізде медициналық гидрогель таңғыштарының жаңа өндірісі басталды. Ғалымдар мен жоғары деңгейдегі инженер-сарапшылардан құралған отандық мамандар тобы Ғылым қорының қолдауымен Энергетика министрлігіне қарасты Ядролық физика институтының базасында медициналық мақсатқа арналған гидрогельді таңғыштарды сериялық өндіру учаскесін құру жобасын жүзеге асырып жатыр.
Бұл жобаның мақсаты – ГОСТ ISO 13485 заманауи стандартының талаптарына сай келетін өндіріс учаскесін құру, сондай-ақ өнім түрлері мен көлемін арттыру.
Белгілі өсімдіктің белгісіз қасиеті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы Ерғазы Шыбырай Орталық Азияда алғаш рет екпе шиырмақ, кей жерде егістік шытырмақ (кресс салат) деп аталатын орамжапырақ тұқымдасының (ғылыми атауы – Lepidium sativum) фитохимиялық құрамы және фармакологиялық белсенділігін толық зерттеді. Зерттеушінің мұндағы мақсаты өсімдіктің фитохимиялық және фармакологиялық белсенділігін анықтау болды. Нәтижесінде, ол 17 жаңа және 28 белгілі биобелсенді қосылысты анықтады. ҚазҰУ ғалымының айтуынша, өсімдіктен алынған табиғи өнімді қатерлі ісікке, диабетке және қабынуға қарсы қолдануға болады.
Бұл өсімдікті күнделікті өмірде негізінен салатқа қосады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің таратқан ақпаратына сүйенсек, бүгінге дейін екпе шиырмақ функционалды тағам ретіне пайдаланылады, яғни қант диабеті мен жоғары қан қысымын реттеуде, тыныс алу жолдарын жақсартуда, тері, жөтелді және асқазан-ішек ауруларын емдеуде Қытай, Үндістан, Еуропа, АҚШ, Африканың халық медицинасында кеңінен қолданылып келеді. Халықтық медицинада қолданылу тарихы бай болғанымен, өсімдіктің фитохимиялық және фармакологиялық әлеуеті бойынша толық зерттеу жұмыстары жүргізілмеген.
Қазіргі таңда ҚазҰУ базасындағы Дәрілік өсімдіктерді ғылыми зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкер Е.Шыбырай зерттеу нәтижесі туралы: «Lepidium sativum өсімдігінен табиғатта өте сирек кездесетін екі кемпферол, сегіз глюкозинолат және төрт синапат эфирінің глюкозинолаттары бөліп алынды. Қазіргі таңда қатерлі ісікке және диабетке қарсы белсенділігі бойынша халықаралық патент алынды. «Web of Science» және «Scopus» дерекқорына кіретін жоғары деңгейдегі журналда үш ғылыми мақала жарияланды. Фармацевтика саласын отандық шикізат есебінен дамытуға өз үлесімді қосып келемін», деп пікір білдірді.