
Халықаралық ғарыш стансасына кезекті, 73-ұзақмерзімді экспедициямен ұшырылым жасаған кеменің бортында тәжірибелі командир, бортинженер және экспедиция командирі, «Роскосмос» ғарышкері Сергей Рыжиков, кеменің бірінші бортинженері, экспедиция бортинженері, «Роскосмос» ғарышкері Алексей Зубрицкий және кеменің екінші бортинженері, NASA ғарышкері Джонатан Ким бар. Ұшыру үдерісі штаттық режімде өтті.
Байқоңырға жұмыс сапарымен барған Парламент депутаттары «елімізден төртінші ғарышкерді ұшыру қажет» деген ұсыныс айтып, бұл мақсатқа арнайы жоба әзірлеу керектігін де ұсынды. Сапар барысында депутаттар күн тәртібіндегі негізгі үш мәселені қарады. Алғашқысы — «Бәйтерек» ғарыш кешеніндегі кадр мәселесі. Қазір кешенде 150-ден аса маман жұмыс істейді, олардың 80 пайызы — Қазақстан азаматтары. Алайда алдағы уақытта жұмыс күшін 500 адамға дейін арттыру жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, кадр тапшылығына ең алдымен жалақының төмендігі себеп.
Айта кетейік, биыл Байқоңырдан еліміз алғашқы зымыранын ұшырады. Бұл қадам «Бәйтерек» жобасы аясында жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда ғарыштық зымыран кешені қызу дайындық үстінде. Күн тәртібіндегі екінші мәселе — техникалық базаны қалыптастыруға қатысты болды. Жиын барысында елімізден тағы бір ғарышкер даярлау жайы да көтерілді. Бұл бағытта көп дайындық пен уақыт қажет екені айтылды. Депутаттар алдағы онжылдықта төртінші қазақ ғарышкерін ғарышқа аттандыруды жоспарлап отыр. Осы күні ғарышкерлерді ұшыру ісімен Ресей, АҚШ және Қытай айналысып келеді. Бұл тұста депутаттар еліміздің Ресеймен бірлесіп жұмыс істеуі қажеттігін алға тартты. Ал күн тәртібіндегі барлық мәселе үкіметке жеткізілмек.
Бұдан бөлек, «Союз МС-27» ғарыш кемесі басқарылатын ұшырылым қарсаңында «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Роскосмос» басшысы Дмитрий Баканов пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетовтің кездесуі өтті. Тараптар «Байқоңыр» ғарыш кешенінің алдағы 70 жылдық мерейтойын, ғарыш айлағының туристік әлеуетінің мүмкіндігін талқылап, Байқоңырдың құрылған күнін бірлесе атап өтуге келісті. Сонымен қатар зымыран ұшыру және ғарыш кешенін жаңғырту бағытындағы «Бәйтерек» бірлескен жобасын жүзеге асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, әрбір зымыран ұшырылымына 2 мыңнан астам турист келеді.
«Зымыран ұшырылымына келетін барлық турист арнайы қауіпсіздік рәсімдерінен өтеді, жалпы жылына он шақты ұшырылым болады. Байқоңыр ғарыш айлағындағы түйткілді мәселенің бірі – жатын орындардың жеткіліксіздігі. Сондықтан зымыран ұшырылымы кезінде барлық қонақүй лық толады. Тіпті қонақүйлердің көбін зымыранды ұшыруға қатысатын техникалық қызметкерлер иеленеді», деді Ержан Еркінбаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.