Конференция барысында университеттің ғылыми-зерттеу бағытындағы соңғы жетістіктері мен болашаққа жоспарланған басым бағыттары көпшілікке таныстырылды. Ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Қажымұрат Ахмеденов университеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының 2024-2025 жылғы қорытындылары жайлы баяндама жасап, зерттеу жобалары мен қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев «Әдеби өлкетану – рухани жаңғыру» тақырыбында сөйлеп, ұлттық руханият пен әдеби мұраны зерделеудің маңызын атап өтті. Жаратылыстану-география факультетінің деканы Ахан Тұрғымбаевтың «Қазақстанның батыс аймағындағы жайылымдардың мал азықтық ресурстарының қазіргі жағдайы мен пайдалануын бағалау» атты баяндамасы өңірлік экожүйе мен ауыл шаруашылығын байланыстырған ғылыми талдауды көрсетті.
Пленарлық отырыстан кейін ғылым саласында еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкер мен оқытушы марапатқа ие болды. «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен Алтынай Жорасова марапатталды. 30 жылдық тәжірибесі бар ғылыми кітапханашы Мақпал Исмағұловаға «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» медалі табысталды. Айгүл Ерғалиева мен Айсұлу Жұмағалиева «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. «Ғылым үздігі» құрмет дипломы биология, химия және қоршаған орта білім беру бағдарламаларының жетекшісі Гүлия Сыдиқоваға берілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары да өз иесін тапты.
Конференция аясында «Start-up WKU» байқауының жеңімпаздары және «Үздік ғылыми мақалалар авторы» номинацияларының иегерлері марапатталды. Жиын соңында университет кәсіподағы атынан да бірқатар ғалымдарға алғыс білдіріліп, марапат табысталды.
Батыс Қазақстан облысы