Театр • 15 Сәуір, 2025

Теңіздей тақсіретті сахнаға сыйдырған

0 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының құрыл­ғанына 25 жыл толып отыр. Халық өнері мен музыкасын насихат­тау­ға, дамытуға зор үлес қосқан қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың есімін иелен­ген қазақ театры – еліміздегі клас­си­ка­лық, тарихи, аударма және за­ма­­науи шығармаларды сахналауда терең ізденістерге барып жүрген ұжым­дар­дың бірі.

Теңіздей тақсіретті сахнаға сыйдырған

Жуырда театрдың репертуарынан орын алған Шыңғыс Айт­матовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесі – қазақ театрларында көп қойыла бермейтін туынды. Режиссер аталған қойылымда күйреген Орган отбасының тағдыры мен Шыңғыс Айтматовтың жазықсыз жазаланған әкесі Төреқұлдың пешенесіне жазылған азабын қисынды байланыстырыпты, яғни ол мұндағы Кирискіні – Шың­ғыс, Эмрайинды – Төреқұл деп қа­растырып, ең жақындарынан айырылған баланың басынан кешкен қайғысын әкесінен қапыда көз жазып қалған Шыңғыстың қасі­ретімен параллель алған.

Режиссер Даниил Филиппович пен суретші Дарын Қалпенов сахнаны көлде­неңнен екі бөлікке бөлген: алдыңғы жағында (авансценаға жақын) Эмрайин мен әйелінің диа­логі орын алса, артқы жағында көретініміз – үш бөлікке бөлінген қайық пен аң аулауға шыққандар әрекет ететін кеңістік. Отбасы мен теңіздің осындай екі планда берілуі, көріністердің жоғарыдан түсірілетін перде арқылы ауысып отыруы оқиғалардың шашырамай біртұтастықта өрбуіне мүмкіндік жасаған.

Мұндағы әкелі-балалылардың жол жүрер алдындағы кішкентай дорбаларына жерден топырақ салып алу көрінісінің көрерменге берер әсері өзгеше. Топырақ – ұзақ күндер бойы теңіз үстінде өмір кешетін олардың жерге деген сағынышын білдіретін мета­форалық деталь. Әрі үш адамның қазасын алдын ала білдіретін бұл шешім қойылымның жанрын ақтайды. Мұны Д.Филиппович ұрпағын сақтап қалу жолында өздерін саналы түрде құрбан еткен үшеудің теңізге кетерде үстеріне топырақ шашуы арқылы жеткізеді. Сахнаның сыртынан шуылдаған теңіз дыбысының беріліп тұруы да шығарманың атмосферасына әдемі үн қосып, идеяның ашылуы­на көмегін тигізген. Ата, бала, немере – үшеудің аулаған нерпаларды ату көрінісі беттеріне қара мас­ка кигендердің биімен қисынды байланысып, Орган, Эмрайин, Мылгунның олардың тұтқынына айналу сахнасымен жалғасын табады, яғни бұлар – Төреқұлды «сатқын» деп жазықсыз жазалаған кеңес өкіметінің өкілдері.

Сондай-ақ шартты түрдегі буыр­қанған теңіз бейнесін білді­ретін үлкен қара целло­фанның үстінде Кирискінің суға малынып, аласұруы, қатты дауыл толқытқан қайықтың ішіндегі арпалыс – өте сәтті шыққан көрініс. Теңіз үстіндегі сұрапыл толқынның дыбысы, целлофанды аласұрған толқын тәрізді қозғалту және түтін (тұман) сияқ­ты эффектілер қайықтың ішінде психологиялық күйзеліске түсе­тін кейіпкерлердің мүшкіл халін, жалпы қойылымның мазмұнын ашуға ықпалын тигізген. Әкелі-балалы үшеудің бірінен кейін бірі о дүниеге кетуі сахна төріндегі қайыққа жалғасып, арғы өмір мен бергі өмірді байланыстырып тұр­ған есік және прожектордың жарқы­лы арқылы орындалады. Сол прожектор жарығының Кирискінің алыстан Тарғыл төбетті көргенде берілуін жазушы өмірінің жарқын болашағы деп қабылдадық. Ал өлімге бет бұрған Эмрайин–Төреқұлдың шапанын баласына теріс қарата жабуы өзі кешкен қиын тағдырды қайталамауын тілегендік еді.

Актерлік ойында барлық күш пен жауапкершілік Ки­риск–Шыңғыс рөліндегі Олжас Бегай­даровқа жүктеліпті. Аңшы­лық­қа шығатын алғашқы көріністегі Кирискінің қуанышын жасыра алмаған сезімі Олжастың кү­лімдеген жайдары жүзінен бай­қалады. Оның балалық арманы, болашаққа деген көзқарасы, үміті О.Бегайдаровтың аванс­ценаның сол жағындағы тостағанға қағаз­дан жасалған қайықты салып, оны қолымен әрі-бері теңселтуімен берілген. Балалық, жастық шағы аштықпен, жаппай қуғын-сүр­гін орын алған уақытпен, соғыс­пен қатар келген Шыңғыс бейне­­сін­дегі Олжастың үні де, қимыл-қоз­ғалысы да жылдам өзгеріске тү­сіп отырады. Спек­такль соңында ата­сының, әкесі мен ағасының киім­дерін құшақтап отбасына оралған Кириск бірден анасынан әкесінің оралғанын сұрап жат­қан Шыңғысқа айналып кете барады, яғни бұл жерде тағдырдың жазуымен өзі қатты жақсы көре­тін жақындарынан айырылып, табиғаттың алып күшінің құдіре­тімен тез есейген баланың аза­маттық болмысын көреміз. Алай­да актер­дің жасы он бір-он екі жас­тағы баланың бейнесіне сәйкес емес. Жалпы, О.Бегайдаровтың ойнау шеберлігіне, дарынына дауымыз жоқ. Алайда Кирискінің үлкендермен салыстыруға келмей­тін үнін, оның психологиясын, сөйлеу мәнерін, еркелігін беруге тырысқанымен, ересек актердің қимылына сену қиын. Осы тұста Кириск-Шыңғыстың рөлінде екі актердің ойнау керегі байқалды.

Оның атасы Орган рөліндегі Қонысбек Бегайдаровтың қарлы­ғыңқы даусы өмірін теңізде аңшы­лықпен өткізген, қиындыққа мойы­маған қарттың бейнесіне сай келген. Өмір-тағдырында қиындықты көп көргенінен көкейіне түйгені мол қарттың «жүріңдер, су ішейік» деген сөзі көп ойды аңғартқандай. Алғашында теңіз сапарының өзін­дік қатері болатынын білгенімен өмір­лік тәжірибесі қиындықтар­ға қарсы тұруға үйреткен Орган – Қ.Бегайдаровтың сабырлы күйін көреміз. Бірақ дауыл мен тұман­нан кел­ген қатердің салмағын сезген оның ендігі мақсаты қалайда Кирис­кіні сақтап қалуға ойысады. Осын­дай бір күйден екінші күйге өту­дегі тәжірибелі сахнагердің ойын бедері шынайылыққа негіз­делген.

Кириск анасының рөліндегі үні әдемі, даусы анық, күлкісі шынайы Жібек Үсенова кейпкерінің ішкі қайшылығын түсіне алған. Көбін­де сол жақта сахнада өтіп жатқан оқиғаларға куә болып отыратын, кей сәттерде сол оқиғаға араласатын актриса келіншектің уайымын, сезімталдығын баса көрсетеді. Дегенмен актерлік ойындар­­дағы әрекеттің аздығы, сөздің таза айтылмауы, дыбыстардың анық шықпауы спектакльдегі барлық актерлерге тән. Әрине, сахналық өнерде бір жерде отырып әрекет ету – рөл орындаушылар үшін аса қиын шаруа.

Жалпы, режиссердің жоғары­да атап өткен қисынды шешімдер­мен бірге кейбір көңілге күдік ұялатқан сәттердің болғанын ­жасырмаймыз. Мәселен, күйеуін аңшылық сапарға шығарып салған әйелді айнала билегендер – сол әйелдің ойындағы адам баласына жамандық келтіретін жын-перілер. Алайда әртістердің орындауындағы би қи­мыл­дары прозалық шығармадағы Кириск анасының ойы арқылы баяндалған зұлымдықты немесе жамандық­ты шақыратын қозғалысты көр­сетпей, хореографиялық бидің элементтерімен ғана шектеліп қалды. Ал пластикамен берілетін қимыл қандай да бір ойды, идеяны, оқиғаны баяндауы керек. Сол сияқты Органның Балық әйелге деген сезімі повестегі қарттың ойы­мен берілетін әсерлі сезімнен тыс жатыр. Олардың бір-біріне қол жеткізуі мүмкін емес әрине, өйткені бұл – қарттың қиялы, арманы, оның өзіндік философия­сы. Сондықтан режиссер оларды сахнада екі жақта тұрып қана сөйлесу мизансценасын жасаған. Мұны бір жағынан Б.Брехттің оқшаулану әдісі деп қарастыра аламыз. Дегенмен нарративті әдістен гөрі режиссер де, актерлер де «сахна әрекет» ұғымына басымдық бергені дұрыс.

Спектакльдің негізгі айтары – тарихты тану, өткенге көз сала отырып, келешекті бағдарлау, ең бастысы ұрпақты, бүтін бір ұлтты сақтау. Аталған қойылымда сол ұрпақ үшін өз өмірін құрбан еткендердің аянышты халі, талайлы тағдыры бар.

 

Зухра ИСЛАМБАЕВА,

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, театртанушы