Дәл осы жылдарда танымал кәсіпкер, меценат Нұрлан Смағұлов та бүкіләлемдік бейнелеу өнерінің жауһарларын, қазақтың айтулы қылқалам шеберлерінің туындыларын жинаумен болған. Уақыт өте келе отандық бизнестегі белгілі тұлға баламасы жоқ осы байлықты өзінің туған шаһарына сыйға тартып, мұраға қалдыруға шешім қабылдағанын білеміз. Бір сөзбен айтқанда, мегаполистегі Almaty Museum of Arts осылай дүниеге келген.
Ақиқатында Almaty Museum of Arts Қазақстандағы ең маңызды мәдени жобалардың бірі екенін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ ол қалай жүзеге асты десек, таяу күндері оның ғажайып тарихын тамаша баяндайтын «Қиылыстағы мұражай» деректі фильмінің тұсауы кесілді.
2026 жылы қандай тақырыптарда кино түсіруге болады?
Төрт жыл бойы түсірілген фильм орасан ірі идеяны жүзеге асыруға қол жеткізген меценат әрі коллекционер Нұрлан Смағұлов пен жұбайы Мәдина Смағұлованың ішкі толғанысынан басталып, әлемдік мәдени картада ойып тұрып орын алған кеңістіктің өмірге келуіне дейінгі үдерісті көрсетеді. Көрермен бір деммен ХХ ғасырдағы қазақ өнеріне тиесілі жеке коллекцияның қалайша мұражайдың өзегіне айналғанына, бүгінде оның мыңдаған қонақ қабылдайтын орта ретінде қалыптасқанына куәгер болады.
«Қиылыстағы мұражай» картинасын деректі фильмдерімен танымал болған журналист әрі продюсер Андрей Лошак іргетасы қаланғаннан бастап, 2025 жылғы 12 қыркүйектегі ашылуына дейінгі кезеңді іштен бақылап, таспаға түсіріп отырған.
«Бұл мұражай жылдар бойғы арманымның ғана емес, қоғам мен ел алдындағы белгілі бір борышымның өтеуі іспетті. Әлем аралап, ірі мұражайларды көрген сайын Алматы дәл осындай кеңістікке, яғни, өнер қолжетімді болатын, адамдар бас қосып, мәдениет туралы жаңа әңгіме құратын орынға лайық деп ойлайтынмын», дейді Almaty Museum of Arts негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.
Фильм тек архитектуралық шешімдер мен Назарбаев пен әл-Фараби даңғылдарының қиылысындағы ғимарат құрылысы туралы ғана емес, идеяның тууы, ізденістерден бастап, көпсатылы логистика мен шебер кураторлық шешімдерге дейінгі үдерісті, яғни, өнер туындыларының күрделі әрі көбіне көзге көрінбейтін жолынан хабардар етеді. Кадрда Яёи Кусама, Билл Виола, Ричард Серра, Ансельм Кифер, Жауме Пленса, Йинка Шонибаре мен Алисия Кваде сынды есімі күллі әлемге мәшһүр шеберлер еңбектерінің қазақстандық өнермен диалогы көрсетіледі.
Айтқандай, деректі фильмді алдағы екі бойы мұражайға кіру билеті бар барлар қазақ, ағылшын тіліндегі субтитрлермен тегін тамашалай алады.
Осы күндері тұсауы кесілген «Қиылыстағы мұражай» – мұражай мен оның жауһар туындылары туралы қос деректі фильмнің алғашқысы. Алдағы көктемде 60-шы жылдардағы отандық қылқалам шеберлерінің туындыларына әспеттейтін екінші фильмнің премьерасы өтпек. Екінші бөлімі – кеңес заманында қазақ өнерінің қайталанбас стилін қалыптастырған талантты буын өкілдеріне арналмақ.
Ұлттық киноның ұстыны: 2025 жылғы жетістіктер мен жаңа мүмкіндіктер