Еңбек қызметіне араласқан жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру – әлеуметтік қорғаудың маңызды элементтерінің бірі. Мұндағы басты мақсат – өндірістік жарақат алған, кәсіптік еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан немесе еңбек қызметіне байланысты денсаулығына айтарлықтай зиян келген жұмыскерге қаржылық қолдау көрсету. Бүгінде бұл бастама өмірді сақтандыру жүйесінде ерекше орын алады. Біріншіден, ол маңызды әлеуметтік функцияны атқарса, екіншіден, сақтандырудың бұл түрі нақты бағалауды, жеткілікті резервтерді және тұрақты қаржыландыру тетігін талап ететін ұзақмерзімді міндеттемелерді қамтиды. Сондықтан ЖОМС жүйесін одан әрі дамыту барысында жұмыскердің, жұмыс берушінің, мемлекеттің және сақтандыру нарығының мүдделері ескерілуге тиіс. Жаңа Ата заңның 28-бабында: «Қазақстан Республикасының азаматына жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі», деп атап көрсетілген.
Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру көбіне жұмыс беруші заңнама талаптарына сәйкес жасасатын жыл сайынғы стандартты шарт ретінде қабылданады. Егер жұмыскерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесі белгіленсе, төлемдер аннуитеттік сипатқа ие болады. Соған сәйкес сақтандыру компаниясы зардап шеккен адамның жасын, еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесін, төлем мерзімін және актуарлық есептеулерді қоса алғанда өзге де параметрлерді ескеріп, болашақ төлемдерге алдын ала резервтер қалыптастырады. Сол себепті ЖОМС бойынша төленетін сақтандыру сыйлықақысын сақтандыру компаниясының еркін кірісі ретінде қарастыруға болмайды. Қаражаттың едәуір бөлігі сақтандыру резервтерін қалыптастыруға және зардап шеккен жұмыскерлер алдындағы болашақ міндеттемелерді орындауға бағытталады.
«Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Қуаныш Мұқажанов жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырудың маңызы жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, өмірді сақтандыру компанияларының қызметін бағалауда жиналған сақтандыру сыйлықақыларының көлеміне ғана емес, төлемдерге, резервтерге, міндеттемелер құрылымына және олардың ұзақмерзімді тұрақтылығына да назар аудару қажет.
«Былтыр өмірді сақтандыру секторының сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлемі 1,08 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде ЖОМС үлесіне 154,9 млрд теңге немесе өмірді сақтандыру компаниялары нарығының 14,3 пайызы тиесілі болды. Бұл ретте жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша төлемдер көлемі 45,4 млрд теңгеге жетіп, өмірді сақтандыру секторындағы барлық төлемдердің 29,1 пайызын құрады. Бұл аталған бағыттың әлеуметтік маңызы жоғары әрі төлемдік жүктемесі елеулі екенін көрсетеді.
Биылғы бірінші тоқсанда секторға түсетін жүктеме де жоғары деңгейде сақталды. Үш айдың қорытындысында өмірді сақтандыру нарығы 17,2 пайызға өсіп, сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 258,8 млрд теңгеге жетті. Төлемдер көлемі де 48,7 пайызға артып, 47,7 млрд теңгені құрады. Биылғы қаңтар-наурыз айларында ЖОМС сегментінде 56 млрд теңге көлемінде сақтандыру сыйлықақысы жиналды. 2026 жылғы
1 сәуірдегі жағдай бойынша өмірді сақтандыру секторының жиын-
тық сақтандыру резервтері 1,918 трлн теңгеге, ал активтері 2,376 трлн теңгеге жетті», деді Қ.Мұқажанов.
Өндірісте жарақат алған адам уақытша табысынан айырылып қана қоймай, денсаулығына, еңбекке қабілеттілігіне және өмір сүру сапасына ұзақмерзімді әсер ететін салдарларға тап болуы мүмкін. Сондықтан ЖОМС жүйесін одан әрі дамыту мәселесін талқылағанда қаржылық көрсеткіштермен қатар, оның әлеуметтік маңызын да ескеру қажет. Өндірістік жарақат адамның өзіне ғана емес, оның отбасының өміріне де әсер етеді. Әсіресе кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен толық айырылу – үлкен соққы. Сондықтан зардап шеккен жұмыскерлерді зейнет жасына жеткеннен кейін де ұзақмерзімді қолдау мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл мәселе кешенді түрде қарастырылуға тиіс.
Мамандардың айтуынша, жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жұмыс беруші үшін де маңызды. Ол өндірістегі жазатайым оқиғалардан кейін туындайтын орындалмаған міндеттемелер тәуекелін төмендетуге әрі жұмыскерге келтірілген зиянды өтеудің неғұрлым болжамды тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Болашақта ЖОМС жүйесін дамыту тәуекелге бағдарланған неғұрлым нақты тәсілдер арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Мұндай тәсіл экономикалық қызмет түрін ғана емес, кәсіпорынның нақты көрсеткіштерін де ескеруді көздейді. Атап айтқанда, жарақаттану деңгейі, жазатайым оқиғалардың ауырлығы, еңбекті қорғау сапасы, жұмыскерлер саны, өндіріс жағдайы және профилактикалық шаралардың деңгейі назарға алынады. Бұл өндірістік тәуекелі жоғары кәсіпорындарға тиісті жүктемені есепке алып, еңбек қауіпсіздігіне инвестиция салатын жұмыс берушілерді тәуекелдерді төмендетуге ынталандыратын теңгерімді модель қалыптастыруға мүмкіндік
береді.
Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру тетігін әлі де жетілдіру қажет. Өйткені бұл – жұмыс берушінің, мемлекеттің және сақтандыру компанияларының мүдделері тоғысатын кешенді жүйе. Жұмыскер өзін сенімді қорғайтын ортада еңбек еткенде ғана алаңсыз жұмыс істей алады. Ал жұмыс беруші өз жауапкершілігін адал атқарып, өндірістік тәуекелдерді азайтуға күш салуға міндетті. Мемлекет үшін жүйенің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан сақтандыру секторына ұзақмерзімді міндеттемелерді орындау жүктеледі.
Жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа қабылдаған сәттен бастап сақтандырушымен қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті. Сақтандыру шартын жасамаған жұмыс берушілерге «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 230-бабының 2-тармағына сәйкес жауапкершілік қарастырылған. Жеке тұлғаларға – 10 АЕК
(43 250 теңге), лауазымды адамдарға, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 160 АЕК (692 000 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК (1 730 000 теңге), ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 АЕК (4 325 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы Шымкент қалалық департаментінің басшысы Жеңіс Мақұлбаевтың айтуынша, жұмыскер қызметтік міндеттерін орындауға кіріспес бұрын жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты да жасалуға тиіс.
«Департамент тарапынан жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек ұжымдарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелерін талқылап, тұрақты түрде семинар-кеңестер өткізеді. Сонымен қатар жазатайым оқиғаларға арнайы тергеп-тексеру жүргізу, жоспардан тыс тексерулер ұйымдастыру және профилактикалық бақылау шаралары барысында түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Жергілікті құрылыс басқармасы мен прокуратура органдары өкілдерінің қатысуымен қаладағы құрылыс нысандарында және жазатайым оқиғалар орын алған еңбек ұжымдарында еңбек заңнамасын түсіндіру жұмыстары да жүзеге асырылады.
Биылғы бес айда 13 еңбек ұжымында еңбек қауіпсіздігі және кәсіптік тәуекелдерді бағалау жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ
14 кәсіпорында профилактикалық бақылау жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, өндірістік нысандардағы еңбек жағдайларын аттестаттау және жұмыс берушілердің өз жұмыскерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша шарт жасасуына мониторинг жүргізіледі», дейді Ж.Мақұлбаев.
Жұмыскерлер жазатайым оқиға салдарынан зардап шеккен жағдайда өтемақы бірнеше тетік арқылы төленеді. Нақты айтқанда, Азаматтық кодексте жарақатқа байланысты емделу шығындарының өтелетіні көрсетілген. Сонымен қатар Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыскер жеңіл немесе ауыр жарақат алған жағдайда тиісті тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, жұмыс беруші тарапынан еңбекке жарамсыздық кезеңінде орташа жалақысы төленеді.
Егер жұмыскерге мүгедектік белгіленсе, жұмыс беруші оның еңбекке жарамсыздық парағына сәйкес орташа жалақысын төлейді. Сонымен қатар емдеу шығындары өтеледі және еңбекке қабілеттілігін жоғалту деңгейіне қарай ай сайынғы төлемдер тағайындалады. Жазатайым оқиға салдарынан жұмыскер қайтыс болған жағдайда жерлеу шығындарын өтеуге 100 АЕК мөлшерінде қаражат қарастырылады. Асыраушысынан айырылған отбасы мүшелеріне ай сайынғы төлем төленеді. Кәмелетке толмағандарға он сегіз жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысанында білім алатын он сегіз жастан асқан тұлғаларға оқуын аяқтағанға дейін өтемақы төлеу қарастырылған.