Ән • Бүгін, 08:33

«Жаңбыр төкті» әні қалай туды?

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өнерде шекара жоқ дейміз. Әсіресе ауылы аралас, қойы қоралас жат­қан қазақ пен қырғыз өнерінің кеңістігі тіптен жақын. Көрші ауыл­да ғажап бір ән туса, дабырасы мен даңғазасы қазақ топырағына жетпей қалмайды. «Жамгыр төктү эч басылбай, Биз келаттык көл-шал болуп. Жол кароого коз ачырбайт, Бет алдыдан шамал согуп». Әуезі аңызға айналған әйгілі «Жаңбыр төкті» де бізге осылай жеткен. Әні бірден елітіп, жазда төккен ақ жауын­дай жылы әсер етті. Тоңдырған жоқ. Қырғыз асып келген жауынды жыр талай жанды жұбатты. Өз тілімізде шырқалып, өз әніміздей құлаққа сіңді.

«Жаңбыр төкті» әні қалай туды?

Сөзі мен әні ғажап үй­лескен туынды авторы – Қырғыз Республи­касының Ел әртісі Түгелбай Қазақов. Қайбір жылы Бішкекке жолымыз түсіп, талантты ағамен аяулы шығармасы туралы сырласып едік. Сонда білдік, әннің астарында өмір бар екен. Жан достың жүрек мұңы, уақыттың ізі бар екен. Жас композитордың тұнып жатқан талантын түрткен де сол тағдыр, сол оқиға...

«Маған жайлаудың жаң­быры бала кезден жақын еді. Бірде жаңбырлы күні үйде тығылып отырғанымда апам: «Далаға шығып неге жүгіріп ойнамайсың?», деді. «Жаңбыр құйып тұр ғой» деп ем, шешем «жаңбырдың астында жүгірген балалардың шашы қап-қара болады», деді. Сол күннен бас­тап жаңбыр жауса, тапырақтап жүгіріп, үсіп-тоңып, малмандай су болып үйге әрең жететін болдым. Сонда апам ұрыспайды, киімімді ауыстырып, шапанға орап, есікті түріп қояды. Жаңбыр сіркіреп жауып жатады. Анау жақтағы өзендегі бетегелерді самал айдағанда теңіздей толқиды екен. Соған қарап жатып, ұйық­тап кетем. Жайлауда жауын күнде жауады. Жаңбырдың астында көп жүргенім соншалық, жаңбыр жан дүниеме сіңіп кеткен сияқты».

Иә, автор жер бетіндегі барлық жамандық атаулыны жаңбыр жуып кететіндей сезінді. Сол үшін жаңбырды жақсы көрді. Бала кезден стихиясына айналды. Ақ жауынмен арман қуды.

Студент кезде жатақханадағы үтік бөлмесі шығармашылық орнына айналыпты. Орындығы мен баянын әкеліп, күн ұзаққа ойнайды. Жаңбыр жауғанда терезені ашып қойып қарайды да отырады.

«Бірде курстасымның ауыл­дағы сөйлесіп жүрген қызы басқа біреуге тұрмысқа шығайын деп жатыр деген хабар келді. Содан ол өлемін деп бөлмеден атып шықты. Артынан мен қуып, сол жүгірген бойы теміржолға келдік. Ол пойыздың астына түсіп өлемін деп отыр. «Анна Каренинаны» оқымаған, бірақ пойыздың астына түсем дейді. Ең жақын пойыз кешке өтеді екен. Сөйтіп, екеуміз қоштасу отырысын бастап кеттік. Бір кезде күн күркіреп, аспан жарылардай болды. Сонда «Күн күркүрөп, жамгыр төктү» деген жол әнімен бірге аузыма түсті. Досым: «Бұл қай ән?» деп қалды. «Білмеймін, қазір келді» деп жатырмын. Қайта-қайта орындап отырғанда «Ошол күндөр кайда кетти» деген жолдары келді. Екеуміз құшақтасып, қосыла айтып отырмыз. Осы екі жолды ыңылдап, жатақханаға қайттық. Осы екі жол кешке келетін пойызды да, ауылдағы қызды да, асыға ұмтылған өлімді де ұмыттырды», дейді композитор.

Музыканың құдіретінде шек жоқ. Әннің шығу тарихына үңілсек, осы ойға тағы да беки түсеміз. Дәл бір он тоғыз жастағы Түгелбай Қазақовты жаңбырдың өзі композиторға айналдырғандай.

«Кейін үтік бөлмесінде қанша отырсам да екі жолдан басқасы шықпайды. Жаз бойы екі жолмен жүріп, қайырмасы күзде бір-ақ бітті. Әлі шумағы жоқ. Қандай шумақ жазсам да қайырмамен біртүрлі үйлеспейді. Содан келесі жаз келді. Үтік бөлмесінде отырып қатты шаршадым. Бір уақытта жаңбыр төкті. «Жамгыр төктү эч басылбай» деп шығып кетті. Сөзі мен әуені бір шығып жатты. Сол түні ұйықтаған жоқпын. Жалғасы жоқ, келмейді. Осы жазда екі жол ғана шықты: «Жамгыр төктү эч басылбай, біз келаттық көл-шал болуп». Арғы жағындағы екі жолы жоқ. Жаңбыр да басылып қалды. Жаз кетіп, күз келді. Күзде ғана шумақтың соңғы екі жолы табылып, шырқала бастады. Сонда мен он тоғыз жастамын. Бұл әнді кім орындамады – бәрі айтты. Солардың бірі – қазақ қызы Гауһар Қаспақова. Оның даусы ғажап енді», дейді автор.

Кей әндердің ел арасына жа­йылып, көңілде жатталып қалатыны соншалық, ол туындының түпнұсқа тілі де, авторы да көптің есінде бола бермейді. Халық жыры секілді санада сақталып қалады. Жұрт «Жаңбыр төктіні» білсе де, Түгелбай Қазақовты танымауы мүмкін. Яғни шығарманың автордан озуы деген құбылыс. Өнердің де құдіреті осы болар, сірә.

Соңғы жаңалықтар

Күйзелістен құтқарады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:20

Бейнежазбадан білім алған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:17

Оқуға құштар қала

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:12

Момышұлының қолжазбасы

Жәдігер • Бүгін, 09:10

Келешегі күмәнді сода зауыты

Аймақтар • Бүгін, 09:07