
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Кеме заманауи озық құралдармен жабдықталған. Құрғақ және барлық дерлік жүк түрлерін тасымалдауға арналған. Оның жүк көтергіштігі – 7 000 тонна, ұзындығы – 136 метр, биіктігі – 7 метр. Жаңа су көлігінің тұсаукесер рәсімінде отандық «Semurg Invest» пен «Freeseas Container Shipping» компаниялары Каспий теңізінде жаңа кемелерге инвестиция тарту туралы меморандумға қол қойды. Онда кеме санын 6 бірлікке дейін арттыру жоспарланған.
Ақтау теңіз сауда порты да жағымды жаңалықтан құр алақан емес. Бұл портта да тарихи оқиға орын алды. Портқа Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі және көлік пен энергетика саласындағы консультациялық қызметтерге маманданған CPCS Transcom Limited инфрақұрылым жөніндегі канадалық консалтингтік компанияның өкілдері келді.
CPCS Transcom Ltd бұдан әрі инвестициялау үшін Орталық Азиядағы трансшекаралық қосылу жобаларын анықтау мен олардың қаржылық тартымдылығын егжей-тегжейлі бағалауға Қазақстанды қоса алғанда, іске асыру туралы мәселені қарау мақсатында зерттеулер жүргізеді. Басым жоба қатарында Каспий теңізі деңгейінің төмендеу салдарын жеңілдетуге Қазақстан порттарында жоспарланған түбін тереңдету жұмыстары бар.
Оған қоса Литвадағы Клайпеда портының делегациясы да Ақтау портында болып, қызметімен танысты. Клайпеда Балтық жағалауындағы ең үлкен терең теңіз порты және жылына 70 миллион тонна жинақталған 33 порт терминалын қамтитын теңіз айлағы.
Мұнымен бірге Нидерландия дипломатиялық корпусы мен негізгі компанияларының басшылары да іссапармен Ақтау портына келіп, ТМТМ мүмкіндіктерімен танысты. Кездесуде ТМТМ дәлізінің даму бағыттары, Каспий арқылы Еуропа мен Азия арасындағы тауар айналымының өсу перспективалары әңгіме арқауына айналып, алдағы болжамдар сөз болды.