Тұлға • 16 Сәуір, 2025

Қаһарман һәм дана қолбасы

0 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қазақта жазушы да, қаһарман да аз емес. Әрі жазушы, әрі қаһарман тұлғалар да бар. Ал халықтық танымға салсақ, әрі қаһарман жазушы, әрі қаһарман қолбасы тұлға бүкіл дүние жүзінде біреу-ақ. Ол – Бауыржан Момышұлы.

Қаһарман һәм дана қолбасы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы өзінің кемел деңгейдегі сардар екенін соғыстың алғашқы күндерінде-ақ көрсетті. Алғашқы ұрысын Б.Момышұлы «Соғыс психологиясы» еңбегінде терең талдап, саралады. Бұл тұста ол соғыс ше­бі­не алғаш келген батальонның рухани келбетіне ерекше көңіл бөлді. Батальон қорғаныс шебін құрып, жау шабуылын тойтаруға дайындалып жатыр. Жаудың қарасы көрінбейді. Оның есесіне жаудың қоршауынан шықтық деп босып, қашып келе жатқандардың қарасы көп.

Жаумен соғысып көрмеген батальонға көз алдындағы көріністер жайсыз әсер етті. Жағдайды дер кезінде сарапқа салып, дұрыс бағалаған батальон командирі жауынгерлерінің әскери рухын көтеру, жауға қарсы соғысуға сақадай сай тұруы үшін лайықты шешім жасады. «Середа жорығы» осылай басталды. Середа елді мекеніндегі жау тобына шабуыл жасау үшін батальонның әр бөлімі мен бөлімшелерінен бірден, екіден жауынгерлер алынып, жүз адамнан тұратын әскери құрама жасақталды. Қорғаныс шебінде тұрған әскери құрама 1941 жылдың 18 қа­занына қараған түн ортасында шептен 25 шақырым қашықтықтағы Середа елді мекенінде жатқан жауға үш жақтан бірдей шабуыл жасады. Оқ қардай борады. Шырт ұйқыда жатқан жау шошып оянып, бастары ауған жаққа қашты. Отан қорғаушылар қашқан жауға оқтарын аямай төгіп, олардың соғыс машиналарын қиратты, жау штабының құжаттарын қолға түсірді, «тірідей тіл» алып, кері оралды. Жауды жеңіп келген ерлер өз бөлімшелеріне жауға қалай шабуыл жасағанын, оны қалай тым-тырақай қашырып, қуып жүріп соққанын жырдай айтып келді. Жауынгерлердің ерлік рухы көтерілді, жауға қарсы соғысуға, оны тас-талқан етіп жеңуге, тұтқынға алуға болатынына көз жеткізді. Батальон жаумен бетпе-бет соғысуға сақадай сай қалыпқа келді. Тірі жаумен бетпе-бет кездеспеген, жауға қарсы оқ атып көрмеген жауынгерлерді жаумен қолма-қол ұрысуға, аянбай соғы­суға сақадай сай қалыпқа келтіру Б.Мо­мыш­ұлының стратагемалық ойлау кеңіс­тігіндегі айрықша әскери амал еді. Командир батальонның ақыл-ойы, ерік-жігері, жауынгерлер тәрбиешісі, ұрысты ұйымдастырушы, басқарушы әрі жеңіске жеткізуші көрнекті әскери тұлға ретінде танылды. Соғыс ісінде осы­лар­дың бәрінің де өмірлік маңызы өлшеу­сіз жоғары. «Середа жорығы» ба­тальонның, батальон командирінің Екінші дүниежүзілік соғыстағы алғашқы ерлігі деп бағалауға лайықты аса ірі жеңіс болды.

«Середа жорығы» өткен соң жау шабуылға шықты. Он тәулік бойы толас­сыз жүргізілген ұрыста Панфилов дивизиясы жаудың төрт дивизиясына қарсы соғысып, естен кетпес ерлік көрсетті. Б.Момышұлы «Соғыс психологиясы» еңбе­гінде Волоколамск үшін болған ұрысты сол кездегі теңдесі жоқ сұрапыл ұрыс ретінде бағалады. Осы ұрыста жаудың Воло­коламск бағытындағы күштерінің тең жартысы жойылды. Соның салдарынан басқыншы жау жиырма күн бойы жаңа шабуыл жасауға жарамай, қалжырап, амалсыз қорғанысқа көшуге мәжбүр болды. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстағы мәні аса үлкен стратегиялық табыс еді. Қазақстанда жасақталған Панфилов дивизиясының ерлік даңқы шықты. Онда Б.Момышұлы батальонының үлесі зор еді.

Батальон командирі 1941 жылдың 16-26 қарашасы аралығында Мәскеу түбінде болған маневрлі қорғаныс ұрыстары шегінде, күнделікті ұрыстарды айтпағанда, 27 рет шешуші шайқастарға шығып, батальонның алдына қойылған міндеттерді қапысыз орындады, ерен ерлік көрсетті. Осы кезең ішінде дивизия командирі генерал-майор Панфиловтің арнайы тапсырмасына сәйкес Б.Момышұлы батальонымен дербес соғыс істерін жүргізу үшін, дивизиядан бөлініп шығып, жау әскерінің ту сыртында бес рет айрықша маңызды соғыс операцияларын іске асырды. Бес ретте де айрықша маңызды міндеттерді ойдағыдай іске асырған соң, қарамағына қосымша берілген жауынгерлер мен соғыс техникасынан шашау шығармай, жаудың қоршауын бұзып-жарып өтіп, дивизияға келіп қосылды. Жаудың ойын іске асырмай тастады. Осы тұрғыдан келгенде Б.Момышұлы батальонының аталған соғыс жорықтарының әрқайсысы теңдесі жоқ ерен ерлікпен тең. Дивизия командирі генерал Панфилов батальон командирінің 1941 жылдың 16 қазанынан 15 қарашасына дейінгі аралықтағы осындай ерліктерін атап көрсетіп, әділ бағалай келіп, Б.Момышұлын Ленин орденімен наградтауға ұсынды. Бірақ генерал Пан­филовтің ұсынысына жауап болмады.

Б.Момышұлы соғыс ісіне техника мен адамдардың айқас-шайқасы деп қарамай, оны ақыл мен айланың арпалысы ретінде бағалады. Соған орай ақылға сүйеніп, жаудың басым күшін аз күшпен-ақ тізе бүктірді. Әрине, бұл да сара санадан, асқан ақылдан шыққан стратагемалық шешімнің нәтижесі еді. Мұндай әскери айла командирдің алғыр ойы мен нар тәуекелшіл табиғатынан бастау алады. Мына бір көрініске назар аударайық: Панфилов дивизиясы жаудың алты ди­ви­зиясына қарсы кескілескен соғыс жүргізіп жатқан шақ. Жаудың қалпы жаман. Дивизия басқа шепке көшпек. Оны қамтамасыз ету үшін Б.Момышұлының батальоны Волоколамск бойында сегіз шақырымға созылған шепте дұшпанға жол бермей, қарашаның 15-і мен 20-сы арасында бір жеті бойы қорғаныс ұрыстарын жүргізуі керек. Генерал Панфиловтың көзге айтқан шындығына сайғанда, бұл дивизияның амандығы үшін батальонды құрбандыққа шалумен бірдей еді.

Әскери стратегиялық мәні зор бірнеше ауыл мен аймақты қорғау туралы дивизия командирінен бұйрық алған Б.Момышұлы бірнеше күн бойы жаумен кескілескен ұрыс жүргізеді. Ұрыс барысында батальонның қорғаныс шебіндегі бір стансаны алуға жау бар күшін салады: бірінші күні (16 қа­ра­ша) стансаны қорғаушылардың шебін жаудың 20 самолеті бомбалап, оқ жаудырады. Күні бойы артиллериядан оқ атады. Екінші күні осы сойқан тағы қайталанады. Б.Момышұлы бұл жайға соғыс ісінің тари­хы мен теориясындағы қағидалар тұрғы­сынан қарайды: «Ұрыс өнерінің негізі – дұшпанға оқпен әсер ету, оның күшін қырып-жою, өз күшіңді аман сақтау. Ұрыс жүргізу өнерінің мәні де осыған байланыс­ты». Командир соғыс өнері туралы осындай стратагемалық қағидасына сай көз ал­дын­дағы ахуалды сарапқа салып, былай бағалайды: 1) жаудың күші қорғаныс ұрыс­тарын жүргізу үшін емес, шабуыл ұрыс­тарын жүргізу үшін жасақталған; 2) жау стансаны алуға ұмтылуда; 3) жаудың стан­саны алмай, оны орағытып өтуге мүмкіндігі бар; 4) жаудың стансаны алмай, оны орағытып өтуі дивизия қауіпсіздігі үшін қатерлі; 5) жау осы қарқынмен авиация мен артиллериядан бірдей соққылай беретін болса, стансаны қорғаушы жүз жиыр­ма адамнан қарашаның жиырмасына дейін ешкім де тірі қалмауы мүмкін; 6) олай болған жағдайда батальонның алды­на қойыл­ған міндет орындалмайды; 7) ба­тальонның алдына қойылған міндетті орындау үшін оның адам күшін сақтау керек.

Қалыптасқан соғыс жағдайын ой сарабынан өткізген соң Б.Момышұлы бірінші кезектегі міндеттерді белгілейді: 1) жаудың стансаны айналып өтуіне жол бермеу керек; 2) Стансаны жауға ұрыссыз тастап, тіпті одан «қашып шығу» керек. Жаудың бұдан кейінгі әскери-психологиялық жа­йын командир былай топшылайды: 1) жау стансаға келіп жайғасып болған соң, оның шабуыл салып соғысуға арналған күші қорғаныс соғыстарын жүргізуге қабілетсіз болып қалады; 2) батальонның стансадан «қашып шығуы» жаудың сақтығын әлсіретеді; 3) стансаға еркін кірген жау «табысқа мастанады», қамсыз қызыққа бой алдырады. Жауды осындай жағдайға түсірген соң, оны үш жақтан шабуылдап, жойып жіберу керек. Түпкі стратагемалық мақсат осылай негізделді.

Командирдің шешімі қатерлі, қауіпті, үрейлі. Мұндай шешімге бару басты бәй­геге тігумен бірдей. Командир жағдайды сараптай келіп, қабылдаған шешімін орын­дауға бекінді, рота командирлеріне стан­саны тастап шығу бұйырды. Жауын­герлердің стансаны тастап шыққан бойы ығысып кетуіне жол бермеуді алдын ала ойластырды. Шегінудегі бірден-бір мақсат күші басым жаудың қырағылығын жойып, тәртібін босатып, ақырында оларды жойып жіберу екенін топ командирлеріне анықтап түсіндірді, әрқайсысының алдына нақты міндеттер қойды, оларды іске асырудың жолдарын көрсетті.

Шағын, әйтсе де қауіпті операция батальон командирі ойлағандай сәтті өтті. Көше бойлап, үйлерді аралап тауық қуып, торай тосқауылдап мәре-сәре болған, алдарына ыстық ас келіп, жылы-жұмсақ буындарына түскен жау қамсыз қалды. Стансаны алып, «тұмсығын жылы мен жұмсаққа тыққан», сөйтіп бейқамдыққа бой алдырған алты жүз дұшпанды Б.Мо­мышұлы жүз жиырма адаммен қайта айналып келіп, үш тараптан бірдей соқты. Жаудың тоз-тозы шықты. Батальон командирі дивизия командирінің тапсырмасын ойдағыдай орындаумен бірге өз күштерін аман сақтап қалды, жауды жойып, аз шығынмен жеңіске жетті.

Түпкі міндет жауды жою болғанда, сол міндетті Б.Момышұлы әдеттен тыс стратагемалар жүйесіне, әскери айла-амалға салып орындады. Жауды жапыра соққан жауынгерлердің рухы көтеріліп, мерейі өсті. Болған істің нәтижесіне дивизия басшылары дән риза. Алайда командирдің бұл орайдағы шешімі де, жалпы осы стра­тагемалық операцияның өзі де нар тәуекелдің көрінісі болатын. «Тәуекелсіз жеңіс жоқ» дейді Б.Момышұлы. Мұндай тәуекелге қызу әрі батыл ойлы, әскери ақыл-айлаға жүйрік командир ғана бара алуы мүмкін. Сонымен қатар бұл жерде соғыс өнерінің психологиясына, тарихы мен тео­риясына, амал-айласына жетік әрі нақ­ты қалыптасқан жағдайда бірден-бір дұ­рыс шешімді қолма-қол қабылдап, оны ой­дағыдай іс жүзіне асыра білетін сардардың сара санасының қызметі де айрықша.

Отан қорғаушылардың жауға қар­сы ұрыс­тарының бір тармағында Б.Момыш­ұлы осындай тағы бір стратаге­малық тамаша тапқырлыққа барады. Қалыптасқан соғыс жағдайы, стратагемалық ахуал мынадай: а) жау артиллериясы қорғаныс нүктесіндегі жауынгерлер тобына снарядтарын қардай боратуда; ә) жаудың көздегені – қорғаныстағы жауынгерлер тобының шебін бұзып-жарып өту немесе қоршап алып, жойып жіберу; б) қорғаныстағы жауынгерлер тобын жау орағытып өтуі де мүмкін. Жағдайды жете пайымдаған Б.Момышұлы қорғаныстағы жауынгерлер тобының командиріне мынадай бұйрық береді: а) жаудың артиллериялық соққысынан кейін қимылды, атысты кілт тоқтатып, өлі тыныштық сақтау қажет; ә) жауды бұлардың бәрінің өліп қалғанына сендіретін көрініс жасау керек. Бұйрық орындалады. Кезекті артиллериялық атқы­лау­дан кейін соғыс алаңынан өлі ты­ныштықты ғана көрген жау колонна болып жолға шықты. Сегіз танк көпірдің аузына келіп тоқтады. Көпір миналанған деп ойлағандықтан, алдыңғы үш танктің экипажы тоғыз адам болып сыртқа шы­ғып, көпірді тексеріп, қарай бастайды. Осы кезде «өліп қалған» 80 жауынгер кенеттен «тіріліп», дұшпанның 8 танкісі мен 400 адамына қарсы ұран салып шабуылға шығады. Нәтижесінде, 150 жау жер жас­танды, бір зеңбірек, бір трактор, толып жатқан снарядтар, үш танк, құжаттар тиелген штаб машинасы олжа болды. Қорғаныстағы жауынгерлер тобы ақылмен айла асырып, қаптаған жауды қапыда соқты, тас-талқан етті, жау топтарының белгілі бір нүктеде күш біріктіріп соғысу жоспарын іске асырмай тастады.

Айтылған жайлар Б.Момышұлының соғыс ісіндегі, соғыс психологиясындағы теңдессіз тереңдігін, ерен ерліктері мен керемет кемелдігін көрсетеді. Оның мәнісі Б.Момышұлының жауға қарсы соғыстағы қаһармандығы мен соғыс жүргізу өнерінің тактикалық және стратагемалық айрықша маңызды шешімдері арқылы ашылып, өшпес ерліктің үлгісі болып қалды.

Б.Момышұлы полк командирі болып тағайындалғаннан кейінгі алғашқы он күннің әр күнінде (1941 жылдың 26 қарашасынан 7 желтоқсанына дейін) полк жаумен сан рет шайқасып, аса жауапты міндеттерді жанкештілікпен орындады, полк командирі соғыс ісін ұйымдастыру мен басқарудың теңдессіз тереңі, асқан майталманы ретінде дараланды. Осындай соғыстың бірінде ол (1941 жылы 5 желтоқсанда) ауыр жараланды. Қалыптасқан соғыс ахуалын сараптаған­да, командир: «Енді шегінерлік жер жоқ. Полкта адам аз қалды. Не көрсем де полк­пен бірге көремін», деп, ұрыс даласын тас­тап, госпитальға барып емделуден бас тартты. Полкті жаралы күйінде өзі басқарып, дұшпанның басым күшімен табан тірескен ұрыс жүргізді.

1942 жылдың ақпан айының басын­да полктің бір жарым батальон атқышта­рымен жаудың «Қу бас» деп аталған дивизиясына түн ортасында тұтқиылдан шабуыл жасап, оның мыңнан аса солдатын қатардан шығарды. Осы жылдың 8 ақ­панында полктің барлаушылар взводына келген кезінде аяқ астынан жаудың шегініп бара жатқан 600-дей адам күші, 8 танкісі бар колоннасын байқады да, шұғыл шешім қабылдады: тұтқиылдан шабуыл жасап, 200-дей дұшпанның көзін жойды, маңызды құжаттарды қолға түсірді. Енді бір жолы ол өз полкімен жаудың үш бірдей авиа-жаяу әскер полктарына қарсы тұрып, екі айдан аса уақыт бойы (1942 жылдың 27 ақпанынан 13 мамырына дейін) оның жүздеген шабуылына тойтарыс берді, күші басым дұшпанды бір адым да алға бастырмады.

Б.Момышұлының соғыстағы жауын­гер­лік ерліктерін айрықша жоғары бағала­ған дивизия командирі Серебряков 1942 жылы тамызда оны Кеңес одағының Баты­ры атағына ұсынып, тиісті орындарға наградалық парақ толтырып жіберді. Серебряковтің ұсынысына да жауап қайтарылмады.

Тағы бір айрықша стратагема. Дивизия командирі генерал Чистяков шегініп бара жатқан жаудың жолын кесу мақсатында полк командирі Б.Момышұлына жаудан бір қыстақты тартып алуды бұйырды. Генерал осы бұйрығын беріп жатып полк командиріне егер ол келер күні таңғы сағат сегізге дейін аталған қыстақты жаудан тартып алатын болса, онда оны Суворов деп атайтынын ескертеді. Генералдың бұйрығынан берілген тапсырманы орындаудың үлкен жауапкершілігімен, асқан қиындығымен бірге әзіл араласқан шындық, полк командирінің қолбасылық талантына деген сенім қатар байқалады. Тапсырма ауыр, қатерлі, қауіпті. Оны орындауда Б.Момышұлы соғыс ісі мен соғыс өнеріне жетік дарынды қолбасы ретінде жаңа бір қырынан танылды.

Б.Момышұлы бұйрықтың мазмұн-мәнін өзінше, Б.Момышұлынша ғана түсінді. Соған орай әрекет етті. Берілген бұйрықтың мәніне, оны орындаудың, жүзеге асырудың бағыт-бағдарын анықтағанда, екі жол бары белгілі болады. Бірі – тура, жақын, бірақ баянсыз жол; екіншісі – ауыр, қатерлі, алыс, бірақ баянды жол. Бұй­рық­та көрсетілген қыстақты алу және қолда ұстап тұру міндеті оның маңында тізе түйістіре орналасқан қыстақтарды қоса алуға мәжбүр етті. Маңындағы бес қыстаққа тиіспей, тек бұйрықта көрсетілген қыстақты жаудан тартып алу полк үшін көп қиындық келтірмейді. Бірақ қалған бес қыстақтағы жау бес жақтан қыспаққа алған жағдайда, ол еңбектің бәрі зая кетпек. Оның үстіне полк қиын, қатерлі жағдайда қалуы ықтимал. Алты қыстақты қатар алу алмағайып, қауіпті, әйтсе де шабуылдың мезгілін дәл белгілеп, операция­ны тұтқиылдан, тез әрі ұйымдасқан түрде жүзеге асырған жағдайда, жаудың жайрап түсетініне күмән жоқ.

Тәуекелшіл, белсенді, жауынгер ой, сындарлы стратагема бұл жолы да жеңіске жеткізді. Полк командирінің қолбасылық таланты, қиядағыны қалт жібермейтін қырағылығы мен алғырлығы, стратегиялық ойлау қуаты мен тактикалық тапқырлығы өз нәтижесін берді. Б.Момышұлы жаудан алты қыстақты қатар бір мезгілде тартып алды. Бұл соғыстың екінші жылының ақпа­ны еді. Полк командирі осы ұрысты алты қыстақтың бірінің атымен «Бородино ұры­сы» деп атады. Оның әскери маңызы өлшеу­сіз жоғары болды: ұрыс нәтижесінде мың­нан аса жаудың көзі жойылды; жау әскерінің түпкі ойы, дивизияны алға жіберіп, «түбірімен жою» туралы жоспары іске аспай қалды. Осы ұрыстағы ерлігі үшін Б.Момышұлы дивизия командирі­нің құ­зы­­ретімен «Қызыл жұлдыз» орденімен мара­патталды. Генерал Чистяков уәде ет­кен­дей, полк командирі өзінің «Суво­ров» деген атқа лайықты екенін аңғарт­ты, қалыптасқан соғыс жағдайында қолбасы­лық таланты теңдессіз биік екенін көрсетті.

Соғыстың соңғы екі жылында да Б.Мо­мышұлы осындай қаһарман қалпынан танбады. Қол астындағы дивизиясын шабуылға бастап, жаудың созылып, біріне-бірі ұласып, жалғасып жатқан қат-қабат қорғаныс қамалдары мен бекіністерін шабуылдап соғысу амалдары арқылы тас-талқан етіп қиратып, дұшпанның соғыс күштері мен техникасын топ-тобымен жойып жіберіп отырды, жауға қарсы жаппай шабуылдың қарқынына қарқын қосты.

Б.Момышұлының Екінші дүниежүзілік соғыстағы алғашқы бір жылының өзі (1941 жылдың жазы мен 1942 жылдың жазы арасы) оның қол бастап, соғыс жүргізудегі асқан білімі мен біліктілігін, тамаша талантын, қайтпас қаһармандығын паш ететін айқастар мен шайқастарға толы. Сол шайқастарда қолбасы бес рет жау қоршауында қалып, оны бес рет бұзып-жарып, негізгі күшке келіп қосылды, жау­мен бетпе-бет екі жүз ұрысқа шығып, жеңіспен аяқтады.

Соғыстағы түрлі ахуалдың ерек­ше­лік­теріне қарай бірден-бір дұрыс шешім қабылдау үшін қатерлі әскери тапсыр­ма­ны ойдағыдай орындап, жеңіспен шы­ғу үшін қол бастаған командирдің ба­тыл, батыр, қайратты, қайсар, қатал, әділ, білімді, тәжірибелі, жүректі болуы ке­рек­тігі даусыз. Өйткені бұл қасиеттер – со­ғыс ісіндегі қаһармандықтың негізі, қай­нар көзі. Алайда бұл қасиеттер үлкен­ді-кішілі офицерлердің бәрінің бойында бола бермейді. Б.Момышұлы майданда қол бастаған офицерлерді үш топқа бөл­ген: а) қолма-қол ұрыстардың офи­цер­­лері; ә) тактикалық сипаттағы ұрыс­тар­дың офицерлері; б) оперативтік ойлау деңгейіндегі офицерлер. Қолба­сы офи­цердің қаһармандығы осы деңгей­лердің қай-қайсысында да көрініс таба алады. Ал бір қолбасы офицердің осы деңгейлердің бәрінде бірдей қаһармандық көрсетуі соғыс тарихында өте сирек кездеседі. Б.Момышұлы осы деңгейлердің бәрінен өтті, бәрінде қаһармандық көрсетті.

Соғыс ісінде қолма-қол, тактикалық және оперативтік ұрыстар деңгейлерінде бірдей қаһармандық көрсетудің негізін­де қолбасылық кемелдік жатады. Қолба­сы кемелдігінің басты белгісі соғыс сұра­пылында ол бастаған офицерлер мен жауынгерлердің жаппай ерлік жасауынан, қаһармандықтың жеке-дара адамдарға емес, жалпы қолға тән қасиетке айналуы­нан аңғарылады. Б.Момышұлы бастаған батальон да, полк та, дивизия да Екінші дүниежүзілік соғыста осындай қасиетімен дараланды. Бастаған қолын мұндай жауын­герлік деңгейге дейін жеткізген қолбасыны қаһарман ғана емес, данышпан қолбасы десе болады. Бауыржан Момышұлы – ХХ ғасырдағы қаһарман һәм дана қолбасы.

 

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры