
Көрменің ашылу салтанатына Torri ART және «Мерей» шығармашылық студиясы мен «Вундеркинд» балаларды дамыту орталығының тәрбиеленушілері, Тараз қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, сондай-ақ техникалық шығармашылық, мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтардың оқушылары мен қала тұрғындары қатысты. Бұдан бөлек, Александр Пушкин атындағы №40 және №41 гимназиялар, №42 және №66 Тараз мектептері, Амангелді ауылының орта мектептерінің оқушылары да көрменің өтуіне атсалысты.
Іс-шараны облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева құттықтау сөзімен ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі.
Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қызметін қолдау және насихаттау, олардың еңбегін көрсету арқылы шығармашылық және тұлғалық дамуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада керамист-суретші, облыстық қолөнершілер одағының мүшесі, Тараз қаласындағы «Арт Тараз» суретшілер одағының мүшесі Индира Губашева мен №40 гимназияның көркем еңбек пәні мұғалімі Татьяна Вотинцева көрменің ашылуына ізгі тілектерін білдіріп, мұндағы туындылардың маңыздылығына тоқталды.
Көрмеге 5-16 жас аралығындағы облысымыздың 130-дан аса жас суретші мен қолөнершінің 200-ге жуық шығармашылық туындылары қойылды. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі балалардың да еңбектері бар.
Іс-шара барысында Мүбәрак Жинақбаева қатысушылардың еңбектерін жоғары бағалап, жас таланттарға Алғыс хаттар табыстады. Салтанатты жиын көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаеваның қонақтарды көрме жұмыстарымен таныстыруымен аяқталды.
Тараз