
«Студенттерді маусымдық жұмысқа тартудың маңызы зор. «Жасыл ел» еңбек жасақтары студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану арқылы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асуына ықпал етеді. Қатысушылар төңіректі көгалдандыруға, спорт кешендері мен өзен жағалауларын қалпына келтіруге, саябақтар мен құрылыс алаңдарын тазалауға үлес қосады», дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиев.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Тараз қаласы Жібек жолы ауданына қарасты «Бәйтерек» шағын ауданында, Қарахан кесенесі маңында, Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласы мен Мойынқұм ауданында да өткізілді. Бір сөзбен айтқанда, экологиялық науқанға өңірдің барлық ауданы қатысты.
Өңірде наурыз айынан бастап көктемгі абаттандыру екі айлығы басталды. Экологиялық акция аясында «Таза қала», «Жасыл қала», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Жер сағаты», «Болашақты бірге отырғызамыз» секілді іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып жатыр.
Экологиялық акцияға, қоршаған ортаны қорғауға жергілікті тұрғындармен бірге өңірге өзге мемлекеттен келген туристер де атсалысып жатқаны қуантады. Таразға кәрі құрлықтан келген италиялық туристер де экологиялық акцияға қатысып, көне шаһардың тазалығына үлес қосты. Олардың экологиялық науқанға қатысуына «Ежелгі Тараз» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының ұжымы мұрындық болды. Меймандардың айтуынша, тарихы тереңде жатқан киелі орындардың төңірегін қоқыстан тазарту – сауапты іс.
«Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараздың кез келген тарихи орны таңдай қақтырмай қоймайды. Алған әсерімізді сөзбен жеткізу қиын. Мұндағы қасиетті жерлерге көшет отырғызу бақыты бізге бұйырғанына бек қуаныштымыз. Көне қалаға жылына кем дегенде он мыңдаған турист келетін болар. Солардың әрқайсысы бір көшеттен отырғызса, оның несі айып? Қайта тарихы терең қаланың маңайы жасыл желекпен көмкеріледі», дейді италиялық меймандар.
Жалпы, өңірде акция аясында 818 шақырым канал мен арық жүйелері, 125 мың тұрғын үй ауласы, 4,5 мың шақырым көше тазаланып, 12 мың тонна қоқыс шығарылды. Биыл егілетін 195 мың талдың бүгінге дейін 70 мыңға жуығы отырғызылып, 2,4 мың ағаш бұталанды. 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумақтары тұрақты түрде қоқыстан тазартылып отырады. Бұл жұмыстарға 910 бірлік техника жұмылдырылған.
Жамбыл облысы