
Қазақ әдебиеті мен мәдениетін дамытуда жемісті еңбек етіп келе жатқан сөз шебері Ә.Қайырбековтің өмірі мен шығармашылығын насихаттауды мақсат тұтқан іс-шараны журналист, белгілі қоғам қайраткері Әміржан Қосан жүргізіп отырды. 22 жыл қазақ баспасөзінде жан-жақты танылып, ширек ғасыр бойы қазақ әдебиетінің классиктері Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов музей кешенін басқарып келген ақынның руханиятқа сіңірген еңбегін лайықты бағалап, құттықтау хатын жолдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың лебізін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков оқып берді. «Сіз қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен танылған белгілі ақынсыз. Шоқтығы биік шығармаларыңыз бен туындыларыңыз ұлт руханиятын байытуға қызмет етіп жатыр. Ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуге атсалысып, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына үлес қостыңыз. Сізді 70 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтай отырып, көп жылдық қажырлы еңбегіңіз үшін алғысымды білдіремін» делінген ел Президентінің құттықтау хатында. Шаһар әкімінің орынбасары Азамат Бескемпірұлы қазақ әдебиетінің өрісін кеңейтіп, оқырманына көркем әрі кесек дүниелер ұсынып келе жатқан байсалды қалам иесін төсбелгімен марапаттады. Сондай-ақ бар саналы ғұмырын әдебиетке арнаған қарымды қаламгер, әдебиет зерттеушісі, тәжірибелі сыншы, дарынды аудармашыны құттықтаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Абай облысының әкімі Берік Уәлидің де ықыласы хаттары арқылы мерейтой иесіне жеткізілді.
Поэзия – журналистика – ғылым. Бұл үштаған – Әділғазы Қайырбеков шығармашылығының адастырмас шамшырағы, бұлжымас бағдары. Әдеби жиында сөз алған Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, филология ғылымдарының докторлары Қансейіт Әбдезұлы, Нұрдәулет Ақыш, суретші Еркін Нұразхан, белгілі журналист Қайнар Олжай руханият сардарының азаматтық болмысы, қаламгерлік келбеті мен тұлғалық қасиетін әр тараптан зерделеп, тарқатып жатты. Ақынның әнге әуестігін, беймәлім болып келген сазгерлік қырын белгілі әнші Еркін Шүкіман орындаған «Ән-ғұмыр» әні әйгіледі.
Еңбек жолын С.Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей-үйінің тұңғыш экскурсия жүргізушісі болып бастаған Ә.Қайырбеков кейін түрлі ақпарат құралдарында еңбек етіп, әсіресе әдебиет, мәдениет, өнер тақырыптарына көбірек қалам тартты. «Әр мақаласы уақыт шаңына көміліп қалмай, бүгінде қайталап оқуға жетелеуінің бір сыры бір күндік емес, өзекті, мәңгілік мәселелерді, ұлт мүддесін, халық көкейіндегі ойларды қаузағанында деп білеміз», дейді модератор Ә.Қосан.
«Әділғазы – лирик ақын. Бірақ лирикасының арғы жағында үлкен философиялық ой жатады. Ақын жан-жақты білімді болмаса, жалғыз талант аздық етеді. Әділғазы жасынан білім қуып келеді. Ақынның энциклопедиялық білімінің арқасында Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің өмірі мен шығармашылығын қамтыған қаншама еңбек, мақалалар жарық көрді. Мүсіреповтің өмір жолының деректерін, шығармаларының жазылу тарихын, хаттарын жинақтап, классик туралы энциклопедия құрастырып шығару – ол туралы терең білетін адамның ғана қолынан келетін іс. М.Әуезовтің музей үйінен кейінгі кеңестік кезеңде жасақталған музейлердің бірі де бірегейі С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемориалды кешеніне Әділғазының директор болуы, сол қарашаңырақта талмай, маңдай терін сыпырып қызмет етуі музей мерейін үстем ете түсті», дейді Мереке Құлкенов.
Ә.Қайырбеков әдебиетіміздің биік тұлғалары С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің өмірі мен шығармашылығына қатысты 50-ден аса кітаптың алғысөзін жазған, құрастырушысы, редакторы, редакция алқасының мүшесі болды және қос классикке байланысты 50-ден аса халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларда баяндама жасаған. Ақынның бенефисінде «Әділғазының әдемі әлемі» атты бейнебаян көрсетілді. Ақын алпыс жасында онтомдық шығармалар жинағын шығарса, 70 жасында үш кітабымен оқырманы алдында есеп беріп отыр. Белгілі қаламгерлер, әдебиет зерттеушілері, музей қызметкерлері қатысқан бенефисте «Ғазалғұмыр», «Көк дәптер» мақалалар жинағы мен «Библиографиялық көрсеткіш» сияқты жаңа кітаптарының жібекбауы кесіліп, кітапханаға тарту етілді.
АЛМАТЫ