
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының (ҰТО) таратқан ақпаратына сүйенсек, негізгі ҰБТ-ға өтініштер 12-25 сәуір аралығында қабылданады. ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы өтініш беруге болады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейінді пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді.
Талапкерлердің негізгі ҰБТ-ға дайындығын жақсарту мақсатында енгізілген әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау бар. Яғни әр ҰБТ-дан кейін (қаңтар, наурыз) түлектерге жеке тақырыптық талдау бойынша білімін арттыру ұсынылады. Сонымен қатар бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін олар екінші мүмкіндікке дейін дайындығын пысықтай алады. Сондай-ақ онлайн байқау сынақтары іске қосылған. Оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған оқулықтар тізімі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды.
Биыл тестілеу талаптары мен ережелерінде аса өзгеріс жоқ. Айталық, ҰБТ-дағы пәндердің саны – бұрынғыдай, үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Мұны ішінде «Қазақстан тарихынан» 20, «Оқу сауаттылығынан» 10, «Математикалық сауаттылықтан» 10 және екі бейінді пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек. Шекті балдар да өзгеріссіз қалды: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттарына түсу үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» үшін кемінде 70 балл, ұлттық ЖОО-на түсу үшін кемінде 65 балл, басқа ЖОО-на түсу үшін кемінде 50 балл жинау қажет. Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ-ға қатысушы әр адам жеке жасалған тест нұсқасын алады. Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында, яғни компьютерде калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесін қолдануға мүмкіндік бар. Сонымен бірге талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі. Тестілеуге кіреберісте тыйым салынған заттарды, мысалы, телефондарды, шпаргалкаларды алып кіруге жол бермеу үшін металл іздегіштер қолданылады. Тестілеу аудиториясында байланыс сигналдарын басатын құрылғы қолданылады, сондай-ақ бейнебақылау жүргізіледі.
Қатысушылар өз нәтижесіне қанағаттанбаса, тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция қаралғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде шығады. Осы жерде бір талапты еске сала кеткен жөн, оқудың мейлі тегін я ақылы түріне түсуге арналған ҰБТ болсын, әрқайсысы аяқталғаннан кейін, анығы биылғы 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жасалады. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда, талапкердің тест нәтижелері жойылады.
Айтпақшы, жақында наурыздағы ҰБТ аяқталды, тапсырған 159 мыңнан аса адамның 75,5%-ға жуығы шекті балды жинады. Үміткерлер «Оқу сауаттылығы» пәнін жоғары деңгейде тапсырды. Орташа есеппен, сұрақтардың 77,9%-ына дұрыс жауап берілген. Тестілеуге қатысушылардың басым бөлігі «Биология-Химия», «Математика-Физика», «Математика-Информатика» комбинацияларын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», бұны 171 адам тапсырған. ҰБТ өткізу барысында 235 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 85 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 95 адам шығарылды, ал 55 адамның сертификаты тестілеу бейнежазбасын тексеру нәтижесінде жойылды.