Форум • 17 Сәуір, 2025

Орталық Азия: жаһандық өзгерістер дәуіріндегі медиа ынтымақтастық

0 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Кеше Астанада еліміздің және алыс-жақын шет мемлекеттердің медиа саласы мамандарының басын қосқан Орталық Азия IІ медиафорумы басталды.

Орталық Азия: жаһандық өзгерістер дәуіріндегі медиа ынтымақтастық

Суреттерді түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ

Аймаққа ортақ телеарна құрылады

«Жаһандық өзгерістер дәуіріндегі Орталық Азия. Стратегиялық даму құралы ретіндегі медиа» атты жиынға 700-ден аса журналист, медиа ұйымы жетекшілері, сая­саткерлер мен беделді сарапшылар қатысып, цифрлық кеңістіктегі ынтымақтастық, жалған ақпаратқа қарсы күрес, климаттың өзгеруі, геосаяси тұрақсыздық сынды өзекті жаһандық сын-қатерлерді талқыға салды.

Форумның шымылдығын Орталық Азия елдері ақпарат министрлерінің жұмыс кездесуі ашты. Оған еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан салалық ведомстволары­ның басшылары мен өңірдің негізгі медиа құрылымдарының жетекшілері қатысты.

Алқалы жиынның ашылу рәсімін­де сөз алған министр А.Балаева форум­­ның ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң екенін атап өтіп, Орталық Азия мемлекеттері бас­шыларының бастамасы арқасында бірлескен медиажобалар жасау мен гуманитарлық байланыстарды нығай­ту жұмыстары жандана түскенін айтты. Орталық Азия қазіргі уақыт­та Еуропа мен Азия арасындағы сенім­ді көпір әрі тран­зиттік хаб болумен қатар зор инвес­тициялық, сауда-экономикалық, туристік және мәдени-гуманитарлық әлеуеті бар ауқымды орталыққа айнал­ғанын айтып, бірнеше маңызды мәселеге арнайы тоқталды.

– Орталық Азия көшбасшылары деңгейінде ақпараттық саладағы ынты­мақтастықты жандандыру мәсе­лесі бірнеше рет талқыланғаны мәлім. Былтыр Астанада өткен Консультативтік кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен медиаөнімдер жасау туралы бас­тама көтерді. Еліміз Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру және аймақтың әлеуеті, осы аумақта тұратын халықтардың достығы мен бірлігі туралы хабардар ететін тележобаларды, сондай-ақ біздің халықтарымыздың тарихы мен ерекшелігі туралы танымдық теле-радио бағдарламалар топтамасын да­йындау идеясын қолдады. Осылай­ша, қазіргі уақытта Орталық Азия елдері өңірдегі ақпараттық ынты­мақтастықты нығайтуға бағыт­тал­ған бірлескен телеарна мен өңірлік медиа­платформаны іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр, – деді А.Балаева.

форум

Министрдің айтуынша, Орталық Азия елдерінің медиа саласындағы ынтымақтастығы жоспарлы түрде жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Мәселен, еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өзбек­станның Ақпарат және бұқара­лық коммуникациялар агент­тігі арасында 2025 жылға дейінгі өзара іс-қимыл жоспарына қол қойыл­ған. Жоспар медиаконтент алмасуды, журналистерге арналған тренингтер мен семинарлар өткізуді, баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыруды, жас мамандарды қолдауды және жалған ақпаратпен бірлесіп күресуді қамтиды. Сондай-ақ тараптар тәжірибе алмасу және кәсіби байланыстарды дамыту мақсатында екі елдің журналистері үшін баспасөз турларын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.

 

Көшпелілер ойындары мәдениет мерекесіне ұласты

Министр А.Балаева көтерген ке­лесі мәселе – бірлескен медиажоба­лар жасау. Орталық Азия мемлекет­тері басшыларының Шолпан-Ата қаласында өткен Консультативтік кездесуінде Президент Қ.Тоқаев бірлескен жұмыстың маңызды векторы Орталық Азия халықтарының бай тарихи және мәдени мұрасын танымал ету екенін атап өткені белгілі.

– Осы жұмыс аясында Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп шығарған «Қорқыт ата» тарихи телесериа­лын, Қырғызстанмен бірлескен «Қос қанат» телекөпірін, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған «Заковат» зият­керлік ойынын атап өтуге болады. Мұндай тәжірибені өңірдің ортақ тарихи тұлғаларына, мәдени мұрасына, туристік мүмкіндіктері мен қазіргі заманғы жетістіктеріне арналған жаңа бірлескен медиажобаларды жасау арқылы кеңейте түскен жөн деп санаймын. Біздің арналар қазірдің өзінде Қырғызстанда, Өзбекстанда, Әзербайжан мен Тәжікстанда хабар таратады. Олармен біз арналардың паритеттік қатысу тізімін кеңейту бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – деді министр.

Өңірде мәдени-гуманитарлық байланыстар да жоспарлы түрде нығайып келе жатқанын айтқан А.Балаева жыл сайын елімізде Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжікстан мен Түрікменстанның мәдени күндері зор табыспен өткізіліп жүргенін жеткізді. Дәл сол секілді аталған елдерде Қазақстанның мәдени күндері де өтіп жатыр.

«Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дары Орталық Азия елдері үшін ортақ мәдени-тарихи мұраны бей­не­лейтін біріктіруші оқиғаға айнал­ды. Былтыр қыркүйек айында Астана­да өткен V көшпелілер ойын­­дарына әлемнің 89 елінен 2 800 қаты­су­шы мен 700-ден аса журналист келді. Ойындардың ашылу салтанаты мен басқа да спорттық жарыс­тарын Түркия, Ресей, Әзербайжан, Моңғолия, Өзбекстан, Түрікменстан мен Қырғызстан елдері жоғары сапада таратып, көпшілік көрерменге жеткізді. Бұл іс-шара спорттық жарыс аясы­нан әлдеқайда асып түсіп, бүкіл өңір­ден жүздеген мың көрермен мен ту­ристің басын қосқан көшпелі мәде­ниет­тің тамаша мерекесіне ұласты, – деді Мәдениет және ақпарат министрі.

Сондай-ақ А.Балаева Орталық Азия өңірі ірі халықаралық медиа­ресурс­тар мен интернет-платформа­лар үшін қызығушылық тудыратын салмақты ортақ нарықты қалып­тастырып жатқанын, сол арқылы жаһандық медиаалаңға бірлесіп шығу керек екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, біздің еліміз халықаралық ресурстармен байланыс орнату бо­йынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Өткен жылдың тамыз айын­да Астана қаласында «Euronews» арнасының Орталық Азия бойынша өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойылғанын мысалға келтірді.

форум

– «Euronews» командасы біздің ха­­лық­тарымыздың өнері, мәде­­ниеті мен өмір салты туралы «Мо­дерн номадс» телешо­уын, «Ор­талық Азиядан шыққан да­уыстар» тақырыптық сериясын – өңірдің белгілі қайраткерлерімен сұхбаттарды, ірі өңірлік іс-шараларды қамтитын «Фокус» репортаждары­ның бірқатарын көрсетуге кірісті. Біз Орталық Азияның барлық елімен ортақ тарихи және мәдени мұрамыз­ды, сауда-экономикалық және турис­тік әлеуетімізді көрсетуге бағытталған бірлескен медиажобаларды жасау бойынша халықаралық әріптестерді тарту жұмысын жүргізуге ниеттіміз, – деді министр.

 

Заң саласында әріптестікті нығайту қажет

Аида Балаева көтерген тағы бір маңызды мәселе – заң шығару саласында тәжірибе алмасу. Мәселен, бүгінде біздің еліміз өз серіктестерімен медиа саланы жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс тәжірибесін және оң нәтижелерін бөлісуге дайын.

– 2023 жылы Мемлекет басшысы «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заңға қол қойды. Онда «онлайн-платформа» және «жедел хабар алмасу сервисі» ұғымдары айқындалды, шетелдік онлайн-платформалардың БАҚ саласындағы уәкілетті органмен ықпалдастық бойынша өзінің заңды өкілін тағайындау, заңдармен және сот шешімдерімен тыйым салынған заңсыз ақпаратты жою шаралары бел­гіленді. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің шетелд­ік онлайн-платформалардың, мессенд­жерлердің заңды өкілдерінің тізілімін жүргізу құзыреті енгізілді.  «Масс-медиа туралы» заң сәтті қабылданып, күшіне енді, – деді А.Балаева.

Сонымен қатар министр ат­қарылған жұмыстардың арқасында заңсыз контент (кибербуллинг, алаяқтық, экстремизм, порногра­фия) пен жалған ақпаратты таратуға қар­сы күресте айтарлықтай табысқа қол жеткізілгенін атап өтті. 2018 жылы зиянды контентке қол жеткізуді шек­теудің құқықтық тетіктерін бекіткен «Балаларды денсаулығы мен дамуы­на зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заң қабылда­нып, жетілдірі­ліп жатыр. Сол тетіктер ақпараттық кеңістіктегі балалар қауіп­сіздігінің негіздерін қамтамасыз етуде маңызды қадам болды.

Мәдениет және ақпарат ми­нистрі әр елден келген әріптестерін жал­ған ақпаратқа қарсы бірлесіп жұмыс жүргізуге шақыра келе, фейкпен күресте еліміздің «Stopfake.kz» жобасы сәтті жұмыс істеп келе жат­қанын, сонымен қатар Президент «Креативті индустрияны дамыту қорын» құруды тапсырғанын, Үкімет креативті индустрияны дамыту­дың 2021–2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітіп, іске асырып жатқанын айтты.

ф

– Қазақстандық сериалдар мен фильмдер телеарна мен стриминг­тік платформаларда жоғары көрсет­кіштерге ие болып, ТМД, Еуропа мен Азия елдеріне экспортталып жатыр. Осылайша, еліміз «Креативті тауарлар мен қызметтер» бағыты бойынша «Жаһандық инновация индексі» рейтингінде 65-орынға көтерілді. «Сәлем интертеймент» (Salem entertainment) эксклюзивті бейнеконтенттің отандық фабрикасы әлеуметтік желілерде және бейнехос­тингтерде контентті өндіру және тарату бойынша өңірдегі ең ірі медиакомпания болып саналады, – деді ол.

А.Балаева өз сөзін қорытындылай келе ғылыми және білім беру әлеуетін біріктіре отырып, Орталық Азия журналистика академиясын құру, жастардың дарынды өкілдері үшін шығармашылық орталығы болуды көздейтін Орталық Азия креативті хабын құру, үздік жұмыстарды атап өтуге және лайықты журналистер мен контентмейкерлердің еңбегін тануға мүмкіндік беретін журналис­тика саласындағы Орталық Азия сыйлығын тағайындау, «Біздің адамдар» тележобасын іске қосу, сол арқылы тұратын еліне және қарым-қатынас тіліне қарамастан, жастарды шабыттандыратын және оларға өне­ге болатын тұлғалар туралы әңгіме­леу, Наурызға арналған телекөпір ұйымдастыру, бауырлас елдеріміздің телеарналары үшін телеөнімдерді қолжетімді ету, туризм мен инвестицияны танымал етуге бағытталған бірлескен контенттің көлемін ұлғайту, осы жылдың күзінде «Мипком» (MIPCOM) телеөнімдерінің ең танымал көрмесінде «Central Asia» брендімен бірыңғай алаң ұсыну, телеарналар Орталық Азия елдеріндегі әріптестерінің өтінімдері бойынша түсірілімдерді өтеусіз негізде жүзеге асыратын алаң құру секілді маңызды ұсыныстарын ортаға салды.

 

Ықпалдастық жаңа кезеңге бет бұрды

Форумның ашылуында сөз сөйлеген Өзбекстан Президенті Әкімшілігі жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаев Орталық Азия бүгінде аймақтық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне өткенін, кейінгі қысқа уақыттың ішінде бірқатар маңызды мәселе шешімін тауып жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Орталық Азия достық кеңістігіне айналып, барлық салада өзара сенім мен тату көршілік қатынас нығайып келеді.

А.Ходжаев медиафорумдар өткізу игі дәстүрге айналғанын айта келе мұндай айтулы іс-шаралар көпжақты әрі екіжақты форматта да ұйымдастырылып жатқанын, мәселен, былтыр қыркүйек айында бірінші өзбек-әзербайжан медиафорумы өткенін хабардар етті.

Сонымен қатар өзбекстандық маман өзара ынтымақтастық­тың бір­қатар маңызды бағытына тоқталды.

– Біріншіден, Орталық Азиядағы әрбір мемлекет өз көршілерімен екіжақты қатынасты тереңдете беруі керек. Екіншіден, аймақтағы ынты­мақтастықтың институттық және нор­­мативтік-құқықтық базасын ны­ғайту қажет. Үшіншіден, жалған ақпа­рат жағадан алып тұрған заман­да біздің елдерімізде жүзеге асыры­лып жатқан реформалардың нәти­желері туралы БАҚ арқылы, әлеу­меттік желілерде объективті ақпа­рат беріп, танымал контентті тарату тәжіри­бесін қалыптастыру өте ма­ңызды. Төртіншіден, ұлттық арна­лары­мыздың аймақтағы барлық елдің хабар тарату кеңістігінен орын алуын жолға қойған жөн. Бұл мә­дени-гуманитарлық байланыс көк­жиегін кеңейтіп, халықтарымыз арасында жаңа диалог арналарын ашуға мүмкіндік береді. Бесіншіден, жалған ақпаратпен күрес заманында мемлекеттік органдардың ашықтығы маңызды. Осыған орай баспасөз хатшылары институты үнемі дамып отыруы қажет. Бұл салада да біз өзара тәжі­рибе алмасып, бірімізде жоқты екін­шіміз үйреніп, бір-бірімізге қолдау көрсеткеніміз абзал, – деді ол.

 

Маңызды талқыны Шушада жалғастыру ұсынылды

Әзербайжан Медиа дамыту агенттігінің атқарушы директоры Ахмед Исмаиловтың айтуынша, қазір БАҚ-тың рөлі бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп, ол оқиғалардың рефлекторы ғана емес, сонымен қатар стратегиялық дамудың маңызды драйвері ретінде де айрықша мәнге ие болып отыр. Ақпарат құралдары болашақты қалыптастырудың негізгі құралы ретінде қызмет етеді. Өйткені азаматтарды ақпараттандырады, оқытады және пікір қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі жаһандану дәуірінде жаһандық сын-қатерлерге қарсы күрес пен медиа ландшафтты шоғырландыру үшін күш-қуатымызды біріктірген орынды екенін айтты.

– Біздің елдеріміздің ортақ мәде­ниеті мен тарихы, сондай-ақ мемле­кет басшылары арасындағы қалып­тасқан игі қарым-қатынас іргелі дип­ломатиялық байланыстарды, соның ішін­де бұқаралық ақпарат құралдары мен ком­муникациялар салаларындағы қатынас­ты жақсартады. Ақпараттық кеңіс­тікті дамыту мен қорғау – кез келген елдің жалғыз қолынан келетін шаруа емес. Жаһандық сын-қатерлер ұжым­дық әрекетті талап етеді. БАҚ дип­ломатиясы трансшекаралық ынты­мақ­тастық, бірлескен тексерулер мен мәдени алмасулар арқылы әріптестікті дамыта алады, – деді ол.

п

Әзербайжандық маман Азия құрлығының басқа бөліктерімен өзара іс-қимыл жасаудың бірегей алаңы – Орталық Азия І медиафорумы да көпке пайдалы болғанын айтты. Сон­дай-ақ ол Әзербайжанның Орталық Азия елдерімен, әсіресе Қазақстан және Өзбекстанмен медиа саласында ынты­мақтастығы артып келе жатқанын жеткізді.

Сөзінің соңында А.Исмаилов осы жыл Әзербайжан үшін маңызды кезең болып отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, биыл Әзербайжан өзінің ұлттық баспасөзінің 150 жылдығын атап өтеді.

– Өздеріңіз білетіндей, біз жыл сайын дәстүрлі түрде Президент Ильхам Әлиевтің тікелей қатысуы­мен Шуша жаһандық медиафорумын ұйымдастырып келеміз. БАҚ саласындағы өзекті тақырыптардың кең ауқымын талқылау, идеялармен алмасу, аймақтық және халықара­лық медиа ынтымақтастықты нығай­ту үшін серпінді алаң қызметін атқаратын алдағы Шуша жаһандық III медиафорумында осы мазмұнды диалогті жалғастыруға әрқайсыңызды жылы лебізбен шақырамын. Іс-шара 3 айдан кейін, 19–22 шілде аралығында Әзербайжанның тарихы терең Шуша қаласында өтеді және оған сіздер де қатысып, ең маңызды деген мәселелерді талқылауға атсалысасыздар деп үміттенемін, – деді ол.

 

Дипфейктер қоғам дегбірін алып тұр

Жиында сөз алған Қырғыз Рес­публикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі­нің орынбасары Марат Тағаев Орталық Азия елдерінің ақпараттық саладағы ынтымақтастығы уақыт өткен са­йын өзектілігі жоғарылай түскенін айрықша атап өтті. Соның ішінде интернет арқылы таралатын қауіп-қатерге қарсы бірлескен күрес – заман талабы. Оның айтуынша, ақпараттық технологиялардың, әсіресе жасанды интеллектінің жедел дамуы қоғамға пайдасымен қатар, кейбір жағымсыз әсерлерін де беріп жатыр.

– Бір жағынан, ЖИ адамдарға үлкен мүмкіндіктер есігін ашты. Атап айтқанда, үдерістерді автоматтан­дыру мен үлкен көлемдегі мәлі­мет­терді талдауға дейінгі жеңіл­діктерді ұсынады. Екінші жағынан, осы мүмкіндіктерді теріс мақсатта пай­да­ланатындар да төбе көрсе­тіп жүр. Соның бірі – дипфейктер. Нейрожелілер шынайы жағдай­лардан айыра алмайтындай жалған видеолар мен аудиоматериалдарды таратып жатыр. Мұндай технологиялар өтірік хабарларды жаю, қоғамдық пікірді бұру, киберқылмыс жасау, қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік органдарға жала жабу мақсатында пайдаланылуы мүмкін, – деді ол.

Бүгінде Орталық Азия бір­лес­кен шешімдер мен медианы стра­те­гиялық тұрғыдан қарастыруды талап ететін сын-қатерлерге тап болып отыр­ғанын тілге тиек еткен ол бір­тұтас ақпараттық кеңістікті дамыту мен медиа саладағы өңірлік ынты­мақ­тас­­­­тық­ты нығайту біздің елдерге жа­һан­­дық сын-қатерлерге төтеп беру­ге, қоғам­ның тұрақтылығын арт­тыруға және демократиялық инсти­тут­тардың да­муына ықпал етуге көмек­тесе­тінін, медиа тек байланыс құралы емес, сонымен қатар стратегиялық өсу құралы бола алатынын жеткізді.

– Осыған байланысты халықтың цифрлық және медиасауаттылығын арттыру аса маңызды. Азаматтарды ақпаратты талдау мен сыни тұрғы­дан пайымдау дағдыларына, фейк­тер мен интернет-алаяқтық әдістерін тануға үйрету қажет. Тек осылай дес­т­руктивті контентке ұшырау қатерін азайтып, коммуникациялық ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге болады. Біртұтас ақпараттық кеңістікті дамыту киберқауіпсіз­дік сала­сында бірлескен тетіктер құру­ды, цифрлық қатерлерді реттеу тәжірибесімен алмасуды, сондай-ақ білім беру мен ағарту салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуды қажет етеді. Ақпараттық интеграция тек технологиялық прогреспен ғана емес, сонымен қатар жауапты цифрлық мәдениетті қалыптастырумен қатар жүруге тиіс, – деді ол.

 

Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес жандануы керек

Медиафорумның кезекті қонағы, Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Теледидар және радио хабарларын тарату комитеті төрағасының орынбасары Ализода Сухроб ақпа­раттық-ком­муникациялық техно­логия­лар­дың күнделікті дамуы және қазіргі әлем тәжі­рибесі электрондық БАҚ-ты тиім­ді пайдалану тек ақпа­раттық кеңіс­­тікті толтырып қоймай, соны­мен қатар аймақтағы елдердің ақпа­­рат­тық қауіпсіздігін қам­тама­сыз етуге мүмкіндік береті­нін көр­сетіп отырғанын айтты. Оның пікі­рін­ше, Орталық Азия кеңістігін­дегі ақпа­раттық қауіпсіздік те телеви­зия­лық және радиохабар таратушы ком­­пания­лардың, сондай-ақ басқа да медиа ұйым­дардың шығармашылық және тех­никалық әлеуетіне байланысты.

Тұрақсыздық пен заманауи сын-қатер­лер жағдайында ақпараттық экст­ремизм қоғамға және жалпы Орта­лық Азия елдеріне теріс әсер ететі­нін, яғни аймақ қауіпсіздігіне төн­ген нақты қауіп екенін айтқан А.Сухроб БАҚ терроризм мен экстре­мизм­ге қарсы күреске өз үлесін қосып, заманауи қауіптер мен сын-қатерлер­ге қарсы тұрудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруы керек екенін жеткізді.

– Орталық Азия елдерінің медиа ұйымдары үшін ынтымақтастық үлгісі – елдеріміздің басшылары арасындағы достыққа, өзара түсіністікке, құрмет пен сенімге негізделген, сондай-ақ конструктивті және тиімді серіктестікті мақсат еткен байланыстар болуға тиіс. Биыл 31 наурызда ежелгі Худжанд қаласында Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан президенттерінің үшжақты кездесуі өтті. Осы басқосуда үш мемлекет шекарасының түйіскен нүктесіне қатысты келісімге қол қойылды. Бұл оқиға халықаралық қауымдастық тарапынан аса маңызды оқиға ретінде бағаланды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Орталық Азия өңірінің медиа ұйымдарына үшжақты келісім туралы ақпаратты кеңінен жарияла­ғаны үшін алғысымызды білдіреміз, – деді тәжікстандық маман.

 

Екіжақты кездесулер өткізді

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева форум аясын­да Орталық Азия елдерінің медиа саласы мекемелері мен салалық ведомстволарының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Атап айтқанда, Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаевпен басқосуда еліміздің Орталық Азия өңірінде бірыңғай ақпараттық кеңістікті нығайтуды үнемі қолдайтынын атап өтті. Тараптар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және өзара тәжірибелік байланысты дамыту мақсатында ақпараттық саладағы әріптестікті нығайтуға бағытталған бірлескен хаттамаға қол қойылды.

Ал Әзербайжан Республикасының Медиа дамыту агенттігінің атқарушы директоры Ахмед Исмайловпен өткен келіссөздер барысында тараптар халықтар арасындағы жақындасу мен ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруда мәдениет, білім беру мен медианың маңызды рөлін атап өтті. Әсіресе тең дәрежелі ақпарат тарату мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігі Әзербайжанның «CBC TV» телеарнасын еліміздің аумағында тіркеу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Сондай-ақ Аида Балаева CNN-нің Орталық Азия және Африка бойынша өкілі Сайед Имран Ахмадпен кездесті. Тараптар тележурналистика мен медиа саласын дамыту­ға бағытталған екіжақты ынты­мақтастықты кеңейту жоспарлары мен келешегін талқылады.

Бұған қоса Орталық Азия ІІ медиафорумының бірінші күні «Жаһан­­дық медиa: болашақ­тың ақпа­раттық ландшафтын қалып­тастыру» тақырыбындағы пленарлық сессиямен жалғасын тауып, онда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) бас хатшысы Қайрат Сарыбай, «Euronews» бас директоры және редакциялық директоры Клаус Штрунц, ABU бас хатшысы Ахмед Надим, CGTN бас редакторының орынбасары Дин Юн, «AnewZ» телеарнасының бас директоры Руфат Хамзаев, TASS агенттігі бас директорының бірінші орынбасары Михаил Калмыков секілді танымал мамандар сөз сөйлеп, ортақ медиа кеңістігін құру мен жалған ақ­парат таратуға қарсы бірлескен күрес жа­йында ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар түстен кейін «Жасан­ды интеллект пен үлкен деректер дәуі­ріндегі медианың цифрлық транс­формациясы», «Әлеуметтік желі­лер – ел имиджін ілгерілету құра­лы ретінде» тақырыптарында панель­дік сессиялар мен Нетворкинг сессиясы өтті. Мұнда Оңтүстік және Орталық Азиядағы реттеу жөнін­дегі Meta компаниясының директоры Сенура Абервайдена, CNN International Commercial креативті директоры Иэн Макдональд, Цифрлық трансформация және жасанды интеллект бойынша сарапшы Рүстем Бигари, «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек, «Кабар» қырғыз ұлттық ақпарат агенттігі директоры Медербек Шерметалиев, «Atameken Business» бас директоры Қанат Сахариянов, ЖИ және цифрлық медиа маманы Данияр Қосназар, өзге де мамандар қатысып, баяндама жасады.

 

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

«Egemen Qazaqstan»