Жылына миллион тоннаға дейін әктас, 200 мың тонна шағыл өндіруге әлеуеті жететін кәсіпорында мансабын қатардағы жұмысшы болып бастап, қызметте сатылай өскен майталмандар аз емес. Солардың бірі, ілгеріде ауыр жұмыстың мехнатын сезінген Николай Созыкин қазір мұнда карьер басшысы ретінде еңбек етіп, жұмысты үйлестіріп жүр.
«Бірінші кезекте әрбір адам өз жұмысын жақсы көргені абзал. Сонда ғана көңіл көншітетіндей нәтижеге қол жеткізуге болады. Қордайдың майда қоңыр желіне кекілін таратып өскен азаматтар үшін өндірісте тер төккеннен бөлек, қойнауына сан түрлі құпия бүккен сайын даланың көз тоймас табиғатын тамашалаудың өзі жанды рахатқа бөлейді. Байтақ даламызда қазба байлық аз емес. Осындай керемет жерде ғұмыр кешу, еңбек ету – түсінгенге бақ. Жұмыс күні таң бозынан басталып, кеш аяқталса да, тынымсыз еңбек ету, тер төгу – абыройлы міндет. Ала таңнан қажетті қондырғылар мен тас ұсақтағыш құралдар іске қосылған кезде карьер жұмысы жанданады. Мұндағы бұрғылау, шикізат сапасын бағалау, жарылыс жұмысы кез келген жұмысшыдан қырағылықты, сақтықты, ептілікті талап етеді. Қай кезде де әр іске аса мұқият болған жөн. Сондықтан да біздің жұмыстың жауапкершілігі зор», дейді ол.
«Ақтас» ЖШС Қордай ауданы аумағында ұзақ жыл бойы табысты жұмыс істеп жатқан кәсіпорын санатында. 1998 жылы іргесі қаланған серіктестік басшылары сол кезеңдегі барлық қиындықты жұдырықтай жұмыла жүріп еңсерді. Тәуелсіздіктің сынға толы алғашқы жылдарында жұмысшылар да түрлі қиындықты бастан өткерді. Дегенмен олар да мамандыққа адалдық танытты.
«Менің бүкіл саналы ғұмырым осы жұмыспен біте қайнасып кеткен. Кез келген істің өзіне тән қиындығы болады. Адал еңбекпен тапқан нәпақаның жөні бөлек. Мұндағы карьер – тек қана жұмыс орным емес, отбасым, өмір мектебіне айналып кеткен құтты ордам. Кез келген жұмысшы атқарған ісіне адал болса, жылдар өте келе табысқа қол жеткізеді. Әрбір жас осыны ұмытпаса екен», дейді Николай Созыкин.
Ресми дерекке жүгінсек, карьер мен таяу маңдағы бөлімшелердегі кәсіпорынға тиесілі қор әлі екі жүз жылға жетеді. Қазіргі кезде «Ақтас» ЖШС-ге қарасты кәсіпорында 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғанына қуаныштымыз. Жайшылықта атқарған еңбегі қалтарыста қалып кете беретін өндіріс, өнеркәсіп саласы мамандарының атқарған жұмысы қазірдің өзінде айтарлықтай еленіп жатыр. Бұл бізді шабыттандырады. Жалпы алғанда, әктас пен шағал өндіру ісінің өзіне тән қиындығы жеткілікті. Мұнда тек сол еңбектің мехнатына төзе алатын ержүрек азаматтар ғана жұмыс істейді. Біздің кәсіпорын әу бастан қалдықсыз өндіріс қағидасын ұстанды. Цемент өндірісінде әктас, алюминат, темір сынды шикізаттың барлығы дерлік пайдаланылады», дейді Н.Созыкин.
Жиырма жыл бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Николайды ұжымдағы жаңа буын қызметкерлер ұстаз санайды. Жас мамандар сабырлы қалпы мен кәсіби біліктілігі үшін сыйлайды, құрметтейді. Өз кезегінде ол жинаған тәжірибесін кейінгі буын әріптестерімен бөлісуден жалықпайды.
«Кез келген жұмыс тәжірибені талап етеді. Сондықтан ұжымға келген азаматтарға білгенімізді үйретуден жалықпаймыз. Ең қуаныштысы, бізде тер төгіп жүрген азаматтар жұмысты ауырсынбайды. Олар қол күшін қажет ететін еңбектен ешқашан қашқан емес. Қызметкерлер мұндағы жұмысты өмір сабағы деп түсінеді. Олардың бойынан қай кезде де жаңашылдыққа бейім екенін аңғару қиын емес», дейді Николай.
Серіктестікте табан аудармай еңбек етіп келе жатқан Н.Созыкин қарапайым жұмысшыдан карьер басшысы лауазымына жеткенге дейін түрлі қиындықты еңсерді. Еңбекқорлығы мен төзімділігінің, кәсібилігінің арқасында өз ісін жетік меңгерген маманның жүріп өткен жолы жаңа буын әріптестеріне үлгі.
Жамбыл облысы,
Қордай ауданы