Пікір • 18 Сәуір, 2025

Әр редакцияның этикалық кодексі болуға тиіс

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Технология дәуірінде медиа кеңістіктің дамуымен, кеңеюімен жаңа түйткілдер, шешілуі қажет мәселелер шығатыны анық. Әлеуметтік желілер кейде тіпті қоғамдық парламент рөлін де атқара алатын күшке айналды.

Әр редакцияның этикалық кодексі болуға тиіс

Алайда бұл еркіндікті кейде қоғам мүддесіне қарсы пайдалану фактілері де кездеседі. Осы тұрғыда медиа этиканың рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Сондықтан заңгерлер мен журналистер тізе қосып, медиа этиканың шекарасын белгілеу қажет.

Кейін заң мен этиканың ара-жігін нақты ажыратып алу керек. Мысалы, Үндістанда Ұлыбритания заңнамасымен үндес заң бар. Бірақ бұл заң Ұлыбританияда тиімді жұмыс істесе, Үндістанда дәл сол нәтиже бермейді. Неге? Себебі заң бар жерде этика міндетті түрде болуға тиіс. Тек заңға сүйену жеткіліксіз, әр адамның өзіндік ішкі этика кодексі, моральдық ұстанымдары болуы керек. Оны тіпті бала кезден қалыптастыру маңызды.

Жапонияда балаларға ерте жастан бір-біріне деген құрмет пен сыйластықты үйретеді. Осыдан барып мәдениетті қоғам қалыптасады. Ал бізде қазір әркімнің қолында – смартфон, әркім – «азаматтық журналист». Осы жағдай өшпенділік, ғайбат тілі, жалған ақпараттың таралуына, үдеуіне негіз болып отыр.

Этиканы заңмен міндеттеу де – өте қатаң шара. Біздің қоғамда әлі күнге дейін жазалау басым, ақтау үкімдері сирек. Бұл – кеңестік жүйеден қалған сарқыншақ. Гуманизмге бет алған ортада жазалау емес, тәрбиелеу, алдын алу басты қағидат болуы керек. Сондықтан медиа этиканы бала кезден бастап сіңіру, журналистика саласында жұмыс істейтін мамандар арасында этикалық нормаларды насихаттау маңызды. Әр редакцияның өзінің этикалық кодексі болуға тиіс. Бірақ, өкінішке қарай, көп редакцияларда мұндай не құжат жоқ, не қолдануға құлықсыздық танытады.

Бұл мәселені шешудің бір жолы – қоғамдық талап пен жұмсақ күш арқылы ықпал ету. Орта талап еткенде ғана медиа да соған бейімделеді. Мәселен, жақында резонанс тудырған «Магнум» кейсінен қоғамдық пікірдің өте үлкен күш екенін аңғардық. Дәл сол секілді, егер аудитория медиадан «сен қандай этикалық ұстаныммен жұмыс істейсің?» деп сұрай бастаса, редакциялар соған сай әрекет етуге мәжбүр болады.

 

Алма САЙЛАУҚЫЗЫ,

MNU Халықаралық журналистика мектебінің Adjunct Assistant профессоры, PhD