Оқиға • 18 Сәуір, 2025

Астанада балабақша мен ата-ана арасындағы жанжал үшінші рет сотқа жетті

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада жекеменшік балабақша мен ата-ананың арасындағы жанжал ушықты. Астаналық әйел елорда әкіміне баласының балабақшада «буллингке» ұшырағанын айтып шағымданған. Алайда, балабақша басшылығы бұл мәлімдемені жоққа шығарып, әйелдің үстінен үшінші рет сотқа жүгініп отырғанын мәлімдеген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада балабақша мен ата-ана арасындағы жанжал үшінші рет сотқа жетті

Фото: Ашық дереккөз

Оқиға 2024 жылдың тамызында басталған. Әйелдің айтуынша, оның 2 жасар баласы «Еркеназ» жекеменшік балабақшасына барып жүрген. Қыркүйекте ата-аналар чатында келіспеушілік туындап, ақыры баланы балабақшадан заңсыз шығарып жіберген. 

Алайда, балабақша басшылығы бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр. Олардың айтуынша, балаға қатысты ешқандай қорлау болмаған, ал ата-аналар арасындағы дау бейресми чатта туындаған. 

«Ата-аналардың бірі тарапынан балабақша әкімшілігі баланы буллингке ұшыратты деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Балабақша қызметкерлері балаға қатысты ешқандай қорлайтын немесе орынсыз сөздер айтқан жоқ. Аналар балабақшаның бейресми «ата-аналар чатында» өзара ұрсысып қалған. Балаға қатысты сөздерді біздің атымыздан ойдан шығарып, жала жапты деп көрсетті. Біз осыған байланысты полицияға арыз жаздық, тіпті, кеше арыз беріп те қойдық», деді балабақша басшылығы.

Балабақша бұған дейін әйелді үш рет сотқа беріп, екі іс бойынша  жеңіске жеткенін алға тартқан.

«Бір күні әйел біз туралы 2ГИС платформасына жалған пікір жазып, құжаттарымыз жоқ деп, басқа да жалған мәлімет таратқан. Біз ол үшін сотқа арыз беріп, сот біздің жаққа шықты. Сот шешімімен ол пікірлер өшірілді және кеткен барлық шығынды сол әйел өтеп беруге міндеттелді. Кейін бұл әйел Астанадағы білім басқармасына арыз жазды. Бірақ сот бұл әрекетін де заңсыз деп танып, оны да жоққа шығарды. Енді жақында әкім жиын өткізгенде әйел қайтадан негізсіз айып тағып, бізге жала жапты. Қазір біз Алматы аудандық полиция басқармасына оның үстінен арыз жаздық. Өкінішке қарай, бұрынғы арызымыз бойынша іс әлі ашылмаған. Сондықтан қайтадан арыз бердік», деді балабақша басшылығы.

Астана білім басқармасы бұл дауды қос тараптан тексеріп жатқанын растады. Басқарманың мәліметінше, әйелдің баласы өзге балаларға бірнеше рет дене жарақатын келтірген.

«Тексерістен кейін арызданушының баласына бағытталған сөзді балабақша педагогі айтпағаны анықталды. Бұған дейін ата-аналардың айтуынша, арызданушының баласы бірнеше рет өзге балаларға дене жарақатын келтірген. Осыған байланысты жәбір көрген балалардың бірінің ата-анасы эмоцияға беріліп «Бишімбаев» деген сөзді қолданған. Қазір арнайы мониторингтік топ құрылып, екіжақты тексеру жұмыстары басталды», делінген хабарламада.