Оқиға • 18 Сәуір, 2025

Семей жұрты бітімгерлерді қарсы алды

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Абай» әуежайында БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталарында қызмет атқарып, бір жылдан кейін елге оралған тұңғыш бітімгерлік контингентін салтанатты қарсы алу рәсімі болды. Әскери қызметкерлерді әуежайдан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов бастаған қарулы күш құрамы мен бітімгерлердің отбасы мүшелері салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Семей жұрты бітімгерлерді қарсы алды

Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметінің мәліметінше, еліміздің алғашқы ұлттық бітімгерлік контингенті өткен 2024 жылы наурыз айында БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталарына жіберілген еді. Онда әскери қызметшілер мобильді патрульдеу, бақылау бекеттерін күшейту, эвакуация және минасыздандыру жұмыстарын атқарған. Бүгін, міне, сол бітімгерлік құрам сапында табысты қызмет атқарып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан офицерлер мен сарбаздар аман-есен елге оралып отыр», дейді.

1

Әуежайға жақындарын күтіп алуға жиналған отбасы мүшелерінің көңілінде ерекше толқу болды. Солардың бірі – 3 сыныпты сержант Қанат Ибраевтың зайыбы Жансая Хамзаева.

«Қазіргі көңіл-күйімізді сөзбен айтып жеткізу қиын. Жүрегіміз дүрсілдеп тұр. Бітімгерлер Астанаға жетті деген хабарды естігелі бері қуанышымызда шек жоқ. Жұбайларымыздың халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жөніндегі маңызды міндеттерді атқарып келгенін біз де мақтаныш тұтамыз. Барша әскери қызметшілердің отбасыларына амандық тілеймін», деп ағынан жарылды ол.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов міндеттерін мінсіз орындап келген бітімгерлерді миссияның сәтті аяқталуымен және туған елге аман-есен оралуымен құттықтап, БҰҰ мандаты шеңберінде тапсырмаларды орындау кезінде көрсеткен жоғары кәсібилігі мен батылдығын бағалады.

Бітімгерлік миссиясы құрамында қызмет ету – бұл үлкен тәжірибе, әрі жауапкершілік. Алға қойылған міндеттерді ойдағыдай орындағаны үшін қазақстандық бітімгерлік контингенттің жеке құрамы БҰҰ Миссиясы мен Хатшылығы басшылығының жоғары бағасына ие болды.

2

Әскери борышын үлгілі атқарғаны, БҰҰ-ның Голан жоталарындағы бітімгершілік миссиясын жүзеге асыру барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ел Президенті бірқатар әскери қызметшілерді марапаттады. Солардың бірі 44736 әскери бөлімі барлау-шабуылдау (арнайы мақсаттағы) ротасының командирі майор Есен Сабыржанов. Әскери қызметкер  жүктелген жауапты міндетті жоғары деңгейде атқарғаны үшін Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

«Алғашқы бітімгерлік контингентіміз Голан жоталарына 600-ден астам әскери тапсырмаларды орындады. Бір жылдан астам уақытта әскери қызметкерлер өздерін өте жоғары деңгейде көрсетті. Әскери қызметкерлер біліктіліктерінің арқасында қойылған тапсырмаларды абыроймен орындап шықты», деді майор Есен Сабыржанов.