
Әдеби кешке жиналғандар алдында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров қаламгерге облыс әкімінің құттықтауын табыс етті. Облыстық кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас жүргізген туынды тұсаукесерінде ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қатира Жәленова, Жазушылар одағының облыстағы өкілі Қаршыға Есімсейітова, Журналистер одағының жергілікті филиалының төрағасы, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов тілегін жеткізіп, қаламдастар атынан құрмет көрсетті.
Өмірдің күнгейі мен көлеңкесін қатар таразылайтын жазушы-сатирик – осы жанрда толымды еңбек етіп келе жатқан қаламгерлердің бірі. «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Тұран» сыйлығын, «Egemen Qazaqstan» газетіндегі «Сөз сойыл» отауының Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлдесін иеленген сатирик шығармашылық жолын аудандық басылымдағы «Көк ине» атты әзіл-сықақ бетінен бастапты. Кейіннен облыстық «Сыр бойы» газетіндегі «Түрлі-түрлі бастар бар» бетін жүргізіп, ұзақ жыл осы басылымның Жаңақорған, Шиелді аудандарындағы тілшісі болды. Шығармашылықтан қол үзбеген қаламгердің «Жайма базар», «Қатырамыз», «Сүйінші дайындаңыздар», «Ауылдың айтқыштары», «Беті бүлк етті», «Үшінші тайм», «Беласар» атты кітаптары баспа жүзін көрді.
Кеште «Мереке думан» халықтық әзіл-сықақ отауы өнерпаздары автор туындыларынан интермедия қойып, оқырмандарға кітап көрмесі таныстырылды.
Қызылорда