Қылмыс • 19 Сәуір, 2025

Мал ұрлығы тыйылмай тұр

0 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Мал ашуы – жан ашуы» дейді халқымыз. Күнкөрісі малға байланысты бол­ған ата-бабаларымыздан қалған бұл нақылдың арқауында айдың-күннің аманын­да қолындағы түлігінен айырылған ауылдағы ағайынның жанайқайы бар.

Мал ұрлығы тыйылмай тұр

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитетінің мәліметіне қарағанда, 2018 жылы қай өңірде болсын белең алған осы қылмыстың жалпы саны 5 636 болған екен. Малы қолды болған шаруалардың жанайқайы естір құлақтың бәріне жеткен еді. Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы маусымда Жамбыл облысы жұртшылығымен кездесуі барысында мал ұрлығымен күресті күшейту қажеттігіне ерекше назар аударып: «Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет. Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек. Парламент депутаттары осы бастаманы қолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысады деп сенемін», деген еді. Бұған қоса Мемлекет басшысы Ішкі істер министріне, өңірлердің әкімдеріне және жергілікті Полиция департаменттеріне мал ұрлығына қарсы шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Нәтижесінде, 2019 жылы елдегі мал ұрлығының саны 4 746-ға дейін азайды. Сол жылдың соңында Парламент Қылмыстық кодекске «Мал ұрлау» 188-1-бабын енгізді. Соған сәйкес мал ұрлағаны үшін қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, 3 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде (биыл 11 млн 796 мың теңге) айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мер­зімге бас бостандығынан айыру­ға жаза­ланады. Алдын ала сөз байласу арқылы топтасып жасаған және ірi мөлшерде жасалған мал ұрлау үшін ұрылардың мүліктерін тәр­кiлей отырып, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бос­тан­дығынан айыру жазасы белгі­ленген. Бірнеше рет мал қораның, қаша­ның немесе өзге де қойманың аула­сына кiру арқылы жасалған мал ұрлау үшін мүлкiн тәркiлеп, бес жылдан он жылға дейiнгi мер­зiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал қыл­мыстық топ жасаған, сондай-ақ аса iрi мөл­шерде жасалған мал ұрлығы үшін кінәлілердің мүлкi тәркiленіп, жеті жыл­дан он екі жылға дейiнгi мер­зiмге бас бостандығынан айыруға жаза­ланады.

Мал ұрлығының асқынып ке­туі­не бау­кеспелермен бітім­гершілік жолымен татуласу да теріс ықпалын тигізіп келген еді. «Айыбын мойындап, алдына келсе, атасының құнын кешетін» кеңпейіл қазекем талай «барымташыны» ұрлаған малын қайтарып, «ат-шапан айыбын» төлеп, кешірім сұраған соң түрмеге қаматпаған. Мәселенің осы жағы да ескеріліп, Қылмыстық кодекстің 68-бабына тиісті түзету енгізіліп, татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс жасаған адамдарға және бұрын жасаған қылмысы үшін татуласу арқылы жазадан босатылғаннан кейін белгіленген қылмыстық жауап­тылыққа тартудың ескіру мерзімі ішінде қасақана қыл­мыс жасаған адамдарға қолда­нылмайтын болды. Бұған қоса мал ұрлаудың алдын алу үшін мал иелерінің жауапкершілігін күшейту қажеттігі де ескерілді. Осы мақсатпен Ауыл шаруашылығы министрі 2020 жылғы 29 сәуірде «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» №145 бұйрыққа қол қойды. Бұл құжатта мал иелерінің немесе олар уәкілеттік берген адамдардың қадағалауынсыз ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға жол берілмейтіні және қараусыз жүрген мал оның иесі анықталғанға дейін уақытша ұстау үшін қоражайларға қамауға жататыны көрсетілген. Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабына өзгеріс енгізіліп, ауыл шаруашылығы ­жануар­ларын жаю қағидаларын бұзу ескерту жасауға немесе үш айлық есептік көрсет­кіш мөл­ше­рін­де (биыл 11 796 теңге) айыппұл салуға әкеп соғады деп белгіленді.

Осылайша, заңнаманың қа­тай­­­тылуы­ның септігі тиген бо­лар, өткен 2024 жылы елдегі мал ұрлығы саны 1 051-ге дейін, яғни 2018 жылмен салыс­тыр­ғанда 5,4 есе, ал бұрнағы жылғымен салыстырғанда 30,9 пайызға азайған. Ішкі істер министрлі­гінің мәліме­тіне жүгінсек, кейінгі ­5 жыл ішінде мал ұрлығына қатысы бар 516 қыл­мыстық топтың құрамында әрекет еткен 3 905-тен аса адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Мал ұрлығының жартысынан көбі жайылымда жасалған. Жайылым ере­желерін бұзудың 38,5 мыңнан аса фактісі анықталып, кінәлі адамдар әкімшілік жауапқа тартылған. Алайда мал ұрлы­ғына қарсы күресте тоқмейілсуге болмайды. Себебі кейбір өңірлерде мал ұрлау қылмысы азаймақ түгіл, көбейе түскен. Мәселен, Атырау облысында былтыр 34 мал ұрлығы болған, бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға көп. Қостанай облысында да өткен жылы 32 мал ұрлығы жасалып, 3,2 пайыз «өсімге» жол берілген. Бір­қатар өңірде осы қылмыс біршама азайғанымен, әлі де көп болып отыр. Мысалы, былтыр Алматы облысында – 217, Абай облысында – 120, Түркістан облысында – 117, Жетісу облысында – 101, Батыс Қазақстан облысында – 93, Павлодар облысында – 56, Ақмола облысында – 37, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында – 34-тен, Қарағанды облысында 32 мал ұрлау фактісі тіркелген. Осы келеңсіз құбылысқа қарсы пәрменді күрес жүргізіп отырған өңірлер ретінде Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарын атауға болады. Оларда мал ұрлығы өткен жылы 3-ке дейін азайған.

Негізгі табыс көзі – төрт түлігі болып отырған ауыл адамдарына ауыр соққы болып тиетін осы қылмыс саны айтарлықтай қысқарғанымен, әлі де ты­йылмай тұрғаны ойландырмай қой­­­май­ды. Атырау, Батыс Қазақстан облыс­тары мен Қостанай облысының Торғай өңірінде ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жайылымда жүрген жылқы­ларды аңша атып өлтіріп, сол жерде сойып, ішек-қарнын, терісін, басын қалдырып кетіп жүргені Қамбар ата түлігін қастер тұтатын жұртшылықтың орынды ашу-ызасын туғызған. Әйтеуір, ар-ұяттан жұрдай бау­кес­пелер әшкереленіп, «темір тордың арғы жағына» аттандырылып жатыр.

Кейбір сарапшылардың пікі­ріне қарағанда, мал ұрлығының тыйылмай тұр­ғанының бір себебі – сотқа дейінгі тергеу барысында ұсталған «барымта­шылардың» біреуі бар кінәні өз мойнына алып, сыбайластарын жазадан құтқарып жіберетіндігінде. Сөйтіп, қылмыскер 3 жылға сотталып, осы мерзімнің жартысын өтеген соң шартты түрде бостандыққа шығып жатады. Ал ұсталмаған ұрылар өз «кәсіптерін» жалғастыра береді. Бұл ретте «жең ұшынан жалғасқан» жемқорлық иісі де мүңкіп тұрады.

Жақында Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбаев Іші істер министрі Ержан Саденовтің атына депутаттық сауал жолдап, Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы тұрғындарының мал ұрлығына байланысты Мемлекет басшысынан көмек сұрауға мәжбүр болғанын айта келіп: «Мал ұрлығынан шырқы бұзылып, шыдамдары таусылған жалғыз Шыңғыстай емес. Барымташылар Шыңғыстайға іргелес жатқан Өрнек, Жаңа үлгі, Аққайнар, Жамбыл, Еңбек секілді елді мекендерде де өздерін емін-еркін сезініп, жұрт­тың дымын қалдырмай, ерік-жігерлерін әбден құм еткен. Ауылдан ауданға арыз арқалап баратын ағайын «полициядан еш қайран жоқ, жоғалған малды ізін суытпай іздемейді», деп налиды. Мүмкін ұры мен полиция сыбайласқан ба? Баукеспе ұрылардың барымтасынан зардап шеккен ағайынның пікірі осындай», деді.

Ішкі істер министрлігі депу­тат­тық сауалға жедел жауап беріп, Шыңғыстай ауылы тұрғындарының қаққан дабылы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, мал ұрлығын жасады деген күдікпен Қатонқарағай ауданының екі тұрғыны ұсталып, соттың санкция­сымен қамауға алынғанын хабарлады. Бұған қоса аталған ауданға Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның қызметкерлерінен құрылған топ қосымша тексеру үшін жіберілетінін мәлімдеді.

Қалай болғанда да ауылдағы ағайын­­­­ның маңдай терін төгіп өсіріп отыр­ған ақадал малын оңай олжа еткісі келетін ұры-қарылармен күресті күшейте түсу керек. Мал ұрлауға қа­тысты қолданыстағы заңнаманың орын­далуына жан-жақты талдау жасап, оның тиімділігін арттыру шараларын қабылдау да қажет сияқты.