Қоғам • 19 Сәуір, 2025

Қарқаралы – шағын қалалардың айнасы

0 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт­тық құрылтайда өңір­лердің даму деңгейін­дегі теңсіздікті жоюды мемле­кет­­тің страте­гиялық маңыз­ды мінде­ті ретінде ай­қын­дады. Бұл тұжырым ха­лықтың біркелкі орнала­суын қам­тамасыз ету, елдің тұрақ­ты­лы­ғы мен қауіпсіз­дігін нығайту, демографиялық тепе-теңдікті сақтау сынды аса маңызды мәселеде ірі қалалармен қатар шағын қала­лар­дың алар орны ерекше екенін айқын көрсетеді. Әсіресе облыс орталықтарынан шалғайда және мемлекеттік шекара маңында орналасқан шағын қалаларды заман талабына сай дамыту – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін кешен­ді шараның бірі.

Қарқаралы – шағын қалалардың айнасы

Бүгінде елімізде қала мәрте­бесіне ие 89 елді мекен бар. Рес­публика халқының 61,71 пайызы қалаларда тұрады. Әкімшілік бө­лініс бойынша 3 қала – бірінші деңгейде, 39 қала – екінші деңгейде және 47 қала үшінші деңгейде орналасқан. Ірі қалалардың басым бөлігі облыс орталығы болса, онда ел халқының 24,32 пайызы шоғырланған. Республикалық маңызы бар үш қала (Астана, Алматы, Шымкент) ел халқының 23,73 пайызын құрайды. Қалалар­дың ең көп саны Ақмола облы­сында (11 қала) тіркелген, ал ең урбанизацияланған облыс – Қарағанды облысы (81,2 пайыз).

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елде халқының саны 50 мыңнан аспайтын 54 ша­ғын қала бар. Олардың арасын­да тарихи-мәдени маңызы зор Қар­қа­ралы қаласы ерекше орын алады.

XIX ғасырдан бастап Орталық Азия мен Сібір арасындағы сау­да жолының бойында маңыз­ды транзиттік орталық болған Қар­қаралының бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жағдайы көңіл көн­шітерлік емес. Кеңес дәуірінде қала мәртебесінен айырылып, тек 2020 жылы қайтадан қала мәр­­тебесін алғанымен, қазіргі уақыт­­­та әлеуметтік және қоғам­дық қыз­меттердің сапасы көрші­лес аудан орталықтарынан да тө­мен деңгейде қалып отыр. Халық саны 9 258 адамды құрайды, бұл «Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңда белгіленген аудан­дық маңызы бар қалалар үшін ең төменгі халық санынан (10 мың адам) да аз.

Қала тұрғындарының негізгі кәсібі – сауда, мал шаруашылығы, туризм және бюджеттік сала. Өнер­­кәсіптік өндіріс мүлдем дамы­маған. Халық арасындағы «Мүйіз сұраймын деп, құла­ғы­­нан айырылды» деген мақал Қарқа­ралының қазіргі жағ­дайын дәл сипаттайтындай. Қала мәртебесін қайта алуына қа­ра­­мастан, «Ауыл – ел бесігі», «Ша­ғын қалаларды да­мыту», «Дип­ломмен ауылға!» сияқ­­­ты маңызды мемлекеттік бағ­дар­­­ламалардың шеңберінен тыс қа­лып қоюы – осының айқын дәлелі.

Облыс орталығынан шалғай орналасуына байланысты қала­ның даму қарқыны баяу, инвес­тициялық тартымдылығы тө­мен, инфрақұрылымы әлі де жет­кі­­ліксіз деңгейде. Бюджеттік меке­ме­лерде білікті мамандардың ай­тарлықтай тапшылығы бай­қа­лады. Мәселен, медицина қыз­­мет­­керлері, мұғалімдер, ве­тери­­нар­­лар мен мемлекеттік қыз­мет­­­ші­лер көтерме жәрдемақы ала ал­­майды және тұрғын үй алу үшін бюджеттік несиеге қол жет­­­кізу мүмкіндіктері шектеу­лі. Қала­­да әртүрлі сала мамандарына, әсі­ресе жаратылыстану және бейін­дік пәндердің мұғалімдеріне деген сұраныс жоғары. Алайда жас мамандар шалғайдағы Қар­қаралыдан гөрі облыс орталығына жақын орналасқан елді мекендерді таңдауға бейім.

Еуропа Кеңесі жанындағы Венециялық комиссия құрамын­да 8 жылдан аса жұмыс істеу ба­ры­­сында Еуропаның шағын қа­лаларының даму тәжірибесімен танысу мүмкіндігі туды. Байқаға­ным­дай, еуропалық елдер көлдер, таулар, ормандар сияқты табиғи ресурс­ты экологиялық туризмді да­мы­ту­ға, демалыс аймақтарын құ­руға және жергілікті өнімдерді (ауыл шаруашылығы, қолөнер) іл­­ге­рілетуге белсенді түрде пай­­да­ла­нады. Мысал ретінде, Аустрия мен Швейцарияның тау­лы айма­ғындағы шағын қалалар қысқы және жазғы туризмнің ар­қасында қарқынды дамып отыр. Ал Франция фермерлер базарларын ұйымдастыру, жергі­лікті брендтерді қалыптастыру, қол­өнерге қолдау көрсету арқылы туристер тартуға бағытталған стра­­тегияны ұстанған. Әсіре­се сыра, шарап сынды гастроно­миялық өнімдерімен танымал. Германияның кейбір шағын қала­лары мамандандырылған өндіріс және ақпараттық технологиялар саласындағы инновациялық орталықтарға айналған. Португа­лияның шығысында орналас­қан Монсанто қаласы өзінің ерек­ше мұражайлары мен көрме­лері арқылы туристерді қызық­тыра­ды. Италияның орталығын­дағы Тоскана аймағы ауыл шаруа­шылығы саласындағы жетістікте­рімен ерекшеленеді, алма, жүзім және зәйтүн бақтарымен әлемге танымал. Еуропаның даму тәжі­ри­бесі көрсеткендей, әрбір қала­н­ың өзіндік ерекшеліктерін анықтау, инновацияларға ашық болу, жер­­гі­лікті тұрғындардың белсенді қаты­суын қамтамасыз ету және ұзақ­мер­зімді даму стратегиясын ұстану маңызды.

Әрине, біздің шағын қалалар­дың да өзіндік тарихы, қайталанбас табиғаты және дамытуға бола­тын экономикалық әлеуеті бар. Тек осы артықшылықтарды анық­тап, мақсатты түрде жұмыс жүр­гіз­се, олардың дамуына қол жет­кізуге әбден болады. Мәселен, Қар­қаралы қаласын туризм арқылы дамытудың нақты жолдарын із­дестіру қажет.

Қарқаралы – табиғаты өте әдемі, тарихи маңызы зор шағын қала. Ондағы ұлттық табиғи паркті және тарихи ескерткіштерді (Қар­қа­ралы жәрмеңкесінің орны) негіз­ге ала отырып, жүйелі жұмыс жүр­гізу керек. Бұл үшін туристік инфра­құрылымды – қонақүйлерді, дәм­ханалар мен қызмет көрсету орталықтарын дамытып, жолдар­дың сапасын жақсарту аса маңыз­ды. Өз кезе­гінде туристердің ағы­ны жер­гілікті кәсіпкерлерге суве­нирлік дүкендер мен қолөнер шеберханаларын дамытуға мүмкін­дік береді. Қала экономикасын әртараптандыруда туризммен қатар ауыл шаруашылығы саласына да басымдық беру қажет.

Ең бастысы, жастардың қалада қалуын жан-жақты ұйымдастыру керек. Ол үшін шағын қалалар­ға арнайы бағытталған мемлекет­тік бағдарламаларды іске асыру қажет. Расында, кез келген қа­ла­ның дамуына жастар мен білік­ті кадрлар жаңа серпін береді. Осы­ған байланысты «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясындағы қолдау Қарқаралының дамуы­на жаңа серпін беретініне сенім­діміз. Арнайы мемлекеттік бағ­дар­­ла­ма­­лар қажетті кадрларды тар­­ту арқы­лы білім және ме­ди­ци­на саласын жақ­сартуға, инфра­құрылымды жаң­ғыртуға, мәдени нысандарды жөн­деуге және туризмді дамытуға мүм­кін­дік береді. Бұл қала тұр­ғын­дары табысының кемінде 25 пайызға артуына ықпал етеді. Соны­мен қатар «Дипломмен ауыл­ға!» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алуға берілетін несие жаңа үй­лер салуға және кәсіпкерліктің дамуы­­на жол ашады.

Жоғарыда аталған мәселелер шешімін таппаса, Қарқаралы қала мәртебесінен айырылуы әбден мүмкін. Жұмыс орындарының жоқтығынан қала тұрғындары, әсіресе жастар, үлкен қалаларға көшуге мәжбүр болады.

Елімізде Қарқаралыдан басқа да халық саны 10 мыңға жетпейтін қалалар бар, атап айтқанда: Ақтө­бе облысының Темір қаласы (2 151 адам), Державинск қаласы (5 843 адам), Степняк қаласы (3 480 адам), Солтүстік Қазақстан облысының Сергеевка қаласы (7 703 адам), Абай облысының Шар қаласы (6 708 адам). Осыған байланыс­ты Қарқаралы қаласының және басқа да шағын қалалардың түйткіл­ді мәселелерін шешу бойын­ша нақты және тиімді шара­лар қабылдаудың уақыты жетті. Бірінші кезекте, облыс орталығынан 150 шақырымнан аса қашықтықта орналасқан және халық саны 10 мыңға жетпейтін аудандық маңызы бар қалаларды тиімді дамыту шараларын шұғыл қолға алып, олардың бірегей артықшылықтарын айқындап, аумақтарды дамытуды мемлекеттік саясаттың жеке бағыты ретінде қарастыру қажет. Екіншіден, осы типтегі қалалардың арнайы жол картасын жасап, «Дипломмен – ауылға!» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларына қосу мәселесін қайта қарау қажет.

Қысқасы, Қарқаралы – шағын қалалардың айнасы, ел дамуының бір деңгейі. Сондықтан осы типтегі шаһарларға мемлекеттік маңыз бе­ре­тін кез келді. Өйткені шағын қа­ла­лар – ұлттық қауіпсіздіктің тірегі.

 

Үнзила ШАПАҚ,

Мәжіліс депутаты