Аймақтар • 19 Сәуір, 2025

Жол сапасы – даму көрсеткіші

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазір Қызылорда облысы жолдарының сапасы жақсы. Былтыр облыста жол құрылысын дамытуға 44,7 млрд теңге бөлініп, 300 шақырымнан аса жол жөндеуден өткізілді. Осының арқасында жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асты. Биыл оның үлесін арттыра түсу жоспарланып отыр.

Жол сапасы – даму көрсеткіші

Жолдың жақсы болуы та­лап­тар мен стандарттардың сақталуы­нан бөлек материал сапасына да тіке­лей байланысты. Осыдан біраз жыл бұрын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізін салуға қа­тыс­қан жергілікті компаниялар қазір жеткілікті тәжірибе жинақтады. Құ­ры­лыс материалдарын өндіру үшін қуатты құрылғылар алып, асфальт-бетон зауыттары ашылды. Қазір об­лыс аумағында осындай 23 зауыт жұ­мыс істеп тұр. Кәсіпорындар шығаратын құрылыс материалдарын «Жол актив­тері ұлт­тық сапа орталығы» мамандары тұрақты бақылап отырады.

Аймақта жол саласында тәжіри­бесі бар компаниялардың бірі «УАД» серіктестігінің асфальт-бетон зауыты қалаға жақын Белкөл кентіне таяу орналасқан. Асфальт шығаратын екі заманауи зауытта құрылыс материал­дары италиялық технологиямен өңделеді. Әр асфальт жабындысының өзіндік қоспалары, нормативтік талаптары бар.

«Олардың бірі сағатына 210, екін­шісі 180 тоннаға дейін асфальт шыға­рады. Зауыттың темір бөлшектері Қытайдан жеткізілсе, дайындау технологиясы Италия мемлекетінікі. Зауытта битумды қажетті градуста қыздырып, керекті материалдарды қосамыз. Бір сағаттың ішінде асфальт дайын болады. Өзіміздің пайдалануымыздан бөлек өзге де компания­ларға тапсырыс бойынша материал дайын­дап береміз. Қиыршық тас­ты Жаңақорғандағы Шалқиядан жет­кізіп отырмыз. Онда өзіміздің тас ұнтақ­тайтын цехы­мыз бар. Битумды Павлодар мен Шымкенттегі мұнай зауыттарынан алдырамыз», дейді «УАД» ЖШС директорының орынбасары Мұрат Сәрсенбаев.

Маман қыста салынатын асфальт­тың сапасы сын көтермейтінін айтып отыр. Өздері қажетті талаптар­ды толық сақтап, күн суығанда өн­ді­рісті тоқтатады. Қыстағы тоңы кетіп, жер қыза бастағанда жұмысқа қай­та кіріседі. Қазір 200-ден аса адам ең­бек ететін зауыт зертханасында өнім сапасы ұдайы тексеріліп тұра­ды. Зертхана инженері Жұлдыз Са­ғын­дықова зауыт­тағы тәжірибелі ма­манның бірі. Асфальт құрамынан бөлек инертті материалдар да зертханалық тек­серуден өтеді. «Жол активтері ұлттық са­па­ орталығы» мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істейтін мұндағы мамандар олқылық анықталса, дереу қалпына келтіреді.

Ал «Қыран» ЖШС «Қызылорда – Жез­қазған» республикалық автожолын қайта жаңғырту жобасына қа­тысқан аймақтағы жалғыз кәсіпорын. Асфальт-бетон зауыты қаладағы бұ­рын­ғы өндірістік аймақта орын тепкен. Мұндағы басты ерекшелік өндіріс шаңын бұрқыратып, айналаның берекесін кетірмейді. Украиндық технологияға негізделген зауытта 260 сүзгі шаңды да, иісті де шығармайды. Қазір мұнда күніне мың тонна кө­лемін­де асфальт шығарылса, қажет бол­ғанда бұл көрсеткіш екі есе ұлғая­ды.

Зауыт директорының орынбасары Әбсұлтан Ибрагимов серіктестік қала ішінде жол жөндеу, облыс орталығы маңындағы саяжай аумақтарына апаратын жолдар салуға дайындалып отырғандарын айтады. Көрші облыс­тар аумағында жобалар бар.

«Материалдың сапасын тексеріп барып, өндіріске пайдаланамыз. Қазір барынша қажетті шикізат қорын жинап жатырмыз. Тағы бір көшпелі зауытымызды Түркістан облысындағы күре жолды жөндеу жұмыстарына пайдаланамыз. Жолды талапқа сай, сапалы салатын серіктестік еліміздегі белді кәсіпорындар қатарында тұр»,  дейді зауыт басшысының орынбасары.

Шикізаттың дені осы өңірден. Асфальтқа қосатын минералды ұн­тақ­­ты да жергілікті кәсіпорын өнді­ріп отыр. Тек битум ғана Ресейден әке­лі­неді. Оның бір себебі – отандық мұнай зауыттары битумдарының бағасы қымбат. Зауыт өкілдерінің айтуынша, Ресейден келетін битум тасымалын қосқанда мына тұрған Шымкенттегі кәсіпкерлер ұсынып отырған бағадан арзанға түсіп отыр. Әрі сапасы да жоғары.

Үш жүзге жуық жұмысшысы бар зауыт­тағы кейбір мамандар Украи­­надан оқып келген. Әңгіме маман­ға ойыс­қанда зауыттағылар кезін­де еліміз­де болған оқу өндірістік комби­нат­­тарын жаңғырту керектігін айтып қалды. Мысалы, кезінде Ақтөбе мен Ал­ма­тыда осындай комбинаттар жұ­мыс істеп, салаға қажетті мыңдаған ма­ман дайындаған. Қазір осы үрдіс үзіліп тұр.

Зауыттағылар жол сапасын бақы­лау қазір бір ізге түскенін айтады. Осыдан 10-15 жыл бұрын атүсті тек­се­ріліп, қолында техникасы болмаса жол салуға кіріскендер көп еді. Маман жүрмеген жердің жайы белгілі ғой, көбінің салған жолы жыл айналмай жатып жарамсыз болып қалатын. Қазір талап күшейген. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары жыл са­йын кәсіпорындардың техникалық мүмкіндіктері мен қондырғыларының талапқа сәйкес­тігін тексеріп, ұдайы бақылау жүргізеді.

«Бірінші сәуірден аймақтағы асфальт-бетон зауыттарына тексеру жүргізуді бастадық. Әзірге 15 зауыттың тиісті құжаттары мен материалдық-техникалық база­сын бағалап шықтық. Жалпы, оларға қойылатын міндетті 16 талап бар. Соның әрқайсысын тек­серіп, нор­мативтік талаптар бойынша қорытынды береміз. Егер кемшілік­тер байқалса, тиісті сын-ескертпе беріп қайта түзетуге мүмкіндік беріледі. Тексеру кезінде фракцияға бөлін­ген қиыршық тастарға шаң аралас­пауын да қадағалаймыз. Олар­дың әуелі ши­кізатты, одан кейін шығарған өнімін де зертханадан өткізуіне мән береміз. Зауыттан шыққан асфальт құра­мы біздің зертханада да тексеріледі»,–дейді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК филиалының инже­нері Асылбек Қаппазов.

 

Қызылорда