
Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Аймақтағы іргелі нысандар
Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге жұмыс сапары Ақтау қаласындағы көтерме сауда-тарату орталығының жұмысымен танысудан басталды. Мемлекет басшысына азық-түлік қауіпсіздігін сақтайтын мұндай нысанның аймақта алғаш рет салынғаны жөнінде баяндалды.
Аталған орталық өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету, тұтынушылармен арадағы делдалдарды азайту және өнім бағасын төмендету мақсатында бой көтерген. Аумағы 80 мың шаршы метр болатын кешенде 40 мың тонна өнім сақтауға болады. Жобаны жүзеге асыруға 5 млрд теңге инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін орталықтың екінші кезеңін іске қосу жоспарланған. Қазіргі кезде өнім жеткізумен айналысатын отандық ірі кәсіпкерлермен келісімшарт жасау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аумағында орналасқан Yessenov Technopark қызметімен танысты.
Президентке технология паркінің заманауи инфрақұрылыммен жасақталғаны жөнінде айтылды. Мұның бәрі стартаптар мен жобалар әзірлеумен айналысатын кәсіпкерлерді, студенттерді, сондай-ақ оқушыларды қолдауға арналған. Сондай-ақ Мемлекет басшысына инновациялық зертханалар мен шеберханалар таныстырылды. Онда студенттер мен жас мамандар электроника, роботты техника, лазермен кесу, ағаш және металл өңдеу, полиграфия, 3D-дизайн, тігіншілік дағдыларын меңгереді.
Президент халықаралық бағдарлама бойынша ІТ-мамандарды даярлайтын оқу аймағын және цифрлық әрі телекоммуникациялық құзыреттерді дамытуға бағытталған зертхананы аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев студенттермен әңгімелесу барысында қазір жаңа технологиялар мен жасанды интеллект бағыттарын дамыту өзекті болып отырғанын жеткізді. Президенттің айтуынша, елімізде көлік-логистика саласының білікті мамандарына сұраныс жоғары. Мемлекет басшысы жастарды келешектің кепілі саналатын сапалы білім алуға шақырды.
Содан соң Мемлекет басшысы көпфункционалды BS Arena спорт кешеніне барды. Заманауи құрылғылармен жабдықталған нысанда халықаралық және республикалық спорт жарыстарын, сондай-ақ мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге болады. Мұнда волейбол, баскетбол алаңқайлары, футзал, жабық және ашық теннис корттары, бассейн, жекпе-жек түрлері мен фитнеске арналған залдар, сондай-ақ футбол алаңы бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті спортшылармен әңгімелесіп, оларға сәттілік тіледі.
Инфрақұрылымдық 24 бастама жүзеге асып жатыр
Президент еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуда маңызды рөлге ие басты логистикалық хабтың бірі – Ақтау халықаралық теңіз портына барды.
Бүгінде аталған нысандағы көпмақсатты заманауи терминал Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік бағыттары бойынша тәулік бойы жүк тиеу мен түсіру қызметін ұсынады. Порттың халықаралық көлік дәліздерінің тоғысында орналасуы ұлттық және өңірлік логистиканы нығайтуда айрықша стратегиялық мәнін көрсетеді.
Президентке Маңғыстау облысының көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту перспективасы, соның ішінде еліміздің транзиттік әлеуетін кеңейту және порт қуатын жаңғырту жоспарлары жөнінде баяндалды.
Көлік министрі Марат Қарабаев өңірде жалпы құны 1,9 трлн теңге болатын 24 инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асырылып жатқанын айтты. Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бойынша жүк тасымалы 62 пайызға өсіп, 4,5 млн тоннаға жеткен. Аталған бағытпен 358 контейнерлік пойыз, 27 мың автокөлік жүк тасымалдаған. Экспорт көлемі 3,2 млн тоннаны құраған. 2028 жылға дейін бұл көрсеткішті 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Ақтауда контейнерлік хаб салынып жатыр. Бұл жоба порттың жүк өткізу қабілетін 140 мыңнан 240 мың ЖФЭ-ге дейін ұлғайтады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Кендірлі курорты аймағында жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Әуежай сағатына 150 жолаушыны қабылдай алады. Кендірліні Алматы және Астана қалаларымен жалғайтын тұрақты әуе рейстерін ашу жоспарланған.
Бұған қоса Орталық – Батыс және Бейнеу – Сексеуіл секілді ауқымды жол құрылысы жобаларын жүзеге асыру көзделген. Соның нәтижесінде басты бағыттардағы логистиканы оңтайландырып, транзит және экспорт жүктерін тасымалдау шығындарын едәуір азайтуға мүмкіндік туады. Атап айтқанда, Астанадан Ақтауға дейінгі жол 800 шақырымға, ал Қорғастан Ақтауға дейінгі арақашықтық 900 шақырымға қысқарады.
Мемлекет басшысы Кендірлі курорты аумағындағы әуежай құрылысын тезірек аяқтауды тапсырды. Президенттің айтуынша, елімізді Еуразияның көлік-логистика хабына айналдыру жолында Маңғыстаудың алатын орны ерекше. Сондықтан оның әлеуетін тиімді пайдалану қажет. Өйткені бұл міндеттің стратегиялық маңызы зор.
Игілігі мол инвестициялық мүмкіндік
Сонымен қатар Мемлекет басшысына Маңғыстау облысындағы инвестициялық жобалар таныстырылды.
Өңірдегі ірі инвестициялық жобалар қатарында Ақтау қаласындағы қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы, мультимодальды логистикалық-авиациялық хаб, кеме құрастыру верфі, бекіре балығын өсіру және уылдырық өндіру шаруашылығы, «Бозжыра» визит орталығын салу, сондай-ақ аммиак-карбамид кешенін іске қосу секілді елеулі жобалар бар.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр аймақ экономикасына 1,1 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылғаны жөнінде мәлімет берілді. Құны 36 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 530 тұрақты жұмыс орны ашылған. 5,7 трлн теңгеге 55 әлеуетті инвестициялық жобаның пулы жасақталды.
Мемлекеттік марапат тапсырылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауға сапары кезінде аймақтағы құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесті. Мемлекет басшысы олардың ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға зор үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
– Әділетті Қазақстанды құру және «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда терең орнықтыру үшін табанды еңбек етіп жүрсіздер. Қауіп-қатерге қарамастан, барлық жүктелген міндетті абыроймен атқарып жатырсыздар. Адал қызметтеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Мен аймақта қауіпсіздікті сақтау үшін мінсіз қызмет етіп жүрген бірқатар күштік құрылым өкілдерін мемлекеттік наградамен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Жалпы, мен Мемлекет басшысы ретінде құқық қорғау органдарының қызметкерлерін әрдайым қолдаймын, еңбектеріңізді жоғары бағалаймын. Алдағы уақытта да мемлекеттің тірегі, халықтың қорғаны болып, адал қызмет етесіздер деп сенемін, – деді Президент.
Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін офицерлер мен сержанттарға II дәрежелі «Айбын» ордені, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдары тапсырылды.