
Үшінші жыл қатарынан өткізілген кітап фестиваліне өңірге іссапармен келген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы ат басын бұрды. Сондай-ақ «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс, жазушылар Ырысбек Дәбей мен Мақсат Мәлік бастаған өзге де қаламгерлер іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.
Іс-шараның ашылу салтанатында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз сөйлеп, жаназыққа айналған кітаптың негізгі рухани байлық көзі екенін атап өтті. Сондай-ақ Ұлттық кітапхана өкілі Нұрбала Текесбаева да ізгі тілегін білдірді.
«Үшінші рет өткізілген фестивальдың мақсаты айқын. Біз қазақ және шетел әдебиетін насихаттауға басымдық беріп отырмыз. Мұндай ауқымды іс-шаралар жастардың кітап оқуына түрткі болатынына сеніміміз кәміл. Фестивальға «Алқа», «Арман ПВ», «Астана кітап», «Қасым», «Отбасы хрестоматиясы», «Таймас», «Атамұра» секілді ірі баспалар және «Зият», «Кітап ал», «Букинист», «Шерхан Мұртаза» кітап дүкендері қатысып, жәрмеңке ұйымдастырып отыр. Сол үшінде оларға айтар алғысым шексіз», дейді Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова.
Тағылымы мол іс-шарада бірнеше жаңа кітаптың таныстырылымы ұйымдастырылып, түрлі тақырыпта тренингтер мен танымдық акциялар өткізілді. Фестиваль аясында биыл 80 жасқа толған белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асановтың «Махаббат», Шапағат», «Парасат» атты үш томдық жинағының тұсауы кесілді. Өзге де бірнеше қаламгердің жаңа жинақтары оқырманға таныстырылды.
ТАРАЗ