Осыған байланысты кеңес дәуіріндегі әскер, авиация және әскери-теңіз күштеріне көмек көрсету жөніндегі ерікті қоғамы (ДОСААФ) тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Отан» республикалық қоғамдық ұйымына айналды. Уақыт өте келе заман талабына сай мемлекеттің қорғаныс қабілетін және аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету жолында ол біршама даму кезеңінен өтті. Қазақстан Үкіметінің 2000 жылғы 15 мамырдағы қаулысымен «Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды. Қазіргі уақытта кәсіпорынның филиалдары Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда, Павлодар, Семей, Талдықорған, Тараз, Орал, Шымкент қалаларында орналасқан.
2000 жылдан бастап Қарулы күштер үшін 11 мамандық бойынша 31 мыңнан аса әскери-техникалық маман даярланды. Оның ішінде танк пен МТ-ЛБ (көп мақсаттағы жеңіл брондалған сүйреткіш) механик-жүргізушілері, бронетранспортёрлердің, ауыр жүк автомобильдерінің жүргізушілері және кран жүргізушілері, десанттық-шабуыл әскерлерінің мамандары, шағын және орта қуатты радиостансаның радиотелеграфистері бар.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Заңымен Әскери-техникалық мектепке әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша әскерге шақырылушыларды, әскери міндеттілерді даярлауды, қайта даярлауды жүзеге асыратын мамандандырылған ұйым мәртебесі берілді. Осыған сәйкес қазіргі уақытта азаматтарды оқыту екі негізгі бағыт бойынша жүргізіледі.
Бірінші бағыт – Қарулы күштерге шақырылуға жататын 17,5 пен 26 жас аралығындағы әскерге шақырылушыларды оқыту. Оқу мерзімі – 3 ай. Кәсіпорынның 8 филиалында (Алматы, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған, Тараз, Орал, Өскемен және Шымкент) оқудан өтеді.
Екінші бағыт – азаматтарды әскери дайындалған резервті даярлау бағдарламасы бойынша оқыту. Оқу мерзімі – 40-42 күн. Жыл сайын орта есеппен 24 жастан асқан, бұрын әскерде қызмет етпеген, бірақ Қарулы күштердің жұмылдыру резерві үшін денсаулық жағдайы бойынша жарамды немесе денсаулығы шектеулі әскери міндеттілерді 4-тен 5 мыңға дейін дайындаймыз. Оқыту мемлекеттік қызмет көрсету болып саналады. құны – 305 мың теңгені құрайды.
Екінші бағыт бойынша жұмылдыру резервін толықтыру үшін 29 әскери-есептік мамандық бойынша 60 мыңға жуық әскери міндетті даярланды. Атап айтсақ, жауынгерлік лауазымдар: атқыштар, атқыш-санитарлар, мергендер, гранатометшілер және олардың көмекшілері, АГС-17, СПГ-9 және артиллерияның есептоп нөмірлері; жауынгерлік қамтамасыз ету: барлаушы, химик-барлаушы (радиациялық, химиялық барлау маманы, УҚТ радиотелеграфист-маманы (қуаты аз қысқа толқынды радиостанса) маманы, зенитші-атқыш, ЗУ-23-2 зениттік қондырғысының есептоп нөмірі; жауынгерлік қызмет көрсету: аспаз, нан пісіруші (наубайшы), киім-кешек (азық-түлік қоймасының) қоймашысы, автомобиль (броньды танк) техникасын жөндеу жөніндегі слесарь-механик, аккумуляторшы, газды-электрлі дәнекерлеуші және басқалар.
Әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді даярлауға күш сала отырып, біз осы уақыт ішінде жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу, әскери-қолданбалы және техникалық спорт түрлерін дамыту, сондай-ақ техникалық шығармашылық бойынша жұмыс дағдыларын біршама жоғалтып алдық. Сондықтан Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында Қорғаныс министрлігіне 2014 жылға қарай әскери-техникалық мектеп базасында әскери-патриоттық тәрбие орталықтарын құруды тапсырды. Қабылданған шешімдерді орындау мақсатында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру орталығы туралы ереже, бас директор орынбасарының – Орталық басшысының, директор орынбасарларының – әскери-патриоттық тәрбиелеу (ӘПТ) бөлімдері бастықтарының, сондай-ақ кәсіпорын филиалдарының тәрбиешілері мен нұсқаушыларының штаты мен лауазымдық міндеттері әзірленіп, бекітілді.
Әскери-қолданбалы және техникалық спорт түрлері бойынша клубтар, үйірмелер мен секциялар құру бойынша филиалдардың мүмкіндіктерін зерделей отырып, спорттық жабдықтар мен техникалар сатып алынды. Оның ішінде 23 квадроцикл, 18 картинг, 20 мотоцикл және басқа да жабдықтар мен снарядтар бар.
Әскери-техникалық мектеп спортшыларының командасы бірнеше рет ел біріншілігінің және мотоциклден халықаралық жарыстардың жүлдегерлері атанды. 2022 жылы біз елімізде екінші және Ресей Федерациясының Краснодар қаласында өткен Достастық кубогіне арналған халықаралық жарыстарда үшінші орын алдық. 2024 жылы ел чемпион атанып, Сочи қаласында өткен халықаралық жарыстарда 20 команда арасында екінші орынға ие болдық.
«Жас сарбаз» республикалық балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысымен бірлескен жұмысты ерекше атап өткен жөн. Қозғалыс құрылған сәттен бастап біз «Айбын» республикалық жиындарына қатысу үшін өңірлік командаларды үзбей дайындап келеміз.
Жыл сайын барлық филиалда мамыр мерекелері қарсаңында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін құрметтеу, майдангерлердің қабірлерін жинау, Жеңіске арналған саябақтарды, аллеяларды, абаттандыру бойынша «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» акциясы өтеді. Өскелең ұрпақты азаматтық ұстанымға, Отанға деген сүйіспеншілікке, оны қарумен қорғауға дайын болуға тәрбиелеу ісінде тарих тағылымына сүйене отырып, барлық филиалда жауынгерлік және еңбек даңқы мұражайларын құрдық.
Мысалы, менің атам майданға алғашқылардың қатарында аттанды. Ол Тула түбінде ауыр жарақаттан көз жұмған қызыләскер Рауль Ажикеев еді. Ал нағашым Кенжебай Баудинов фин соғысына қатысып, әрі қарай әскер қатарында қалып Сталинград үшін шайқасқан. Кейін Жапонияның Квантун армиясын талқандауға үлес қосып, соғысты Забайкалье майданының құрамында аяқтады. Үш бірдей соғыстың ардагері «Даңқ», «Отан соғысы», Қызыл Жұлдыз ордендерімен наградталған еді.
Президенттің Ұлттық құрылтай отырысында айтқанындай, Екінші дүниежүзілік соғыстың батырлары – Отанды қорғаудың бүгінгі және болашақ ұрпақтар үшін шынайы үлгі-өнеге.
Қорыта айтқанда, жастардың бойында елшілдікті қалыптастыру, жоғары рухани-адамгершілік қасиеттерді дамыту, Отанды қорғауға тәрбиелеу – Әскери-техникалық мектебінің әскери-патриоттық тәрбие орталығының басты міндеті.
Марат НАҒҰМАНОВ,
генерал-майор, ӘТМ бас директорының орынбасары