
Ортада отырған Тұрсын Төреханов
Түркістан облысы Созақ ауданының тумасы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас директорының халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Жомарт Жеңіс қилы заман кезіндегі өз отбасына қатысты әңгіменің ұшын шығарып, өзінің нағашысы, майдангер Тұрсын Төрехановтың өмірі туралы отбасылық жазбалармен, құжаттарымен бөлісті.
Ауданда халық ағарту саласында мектепте сабақ бере алатын арнайы білімі бар мамандардың тапшылығынан 16 жастағы Тұрсын Төреханов өзі туып-өскен Қозмолдак ұжымшарындағы бастауыш мектепте ұстаздық еңбек жолын бастап, қызметін 1931–1932 жылдары Сызғандағы бастауыш мектепте мұғалім болып жалғастырады.
Ашаршылық жылдары Созақтағы жетімдер үйін паналап аман қалған Тұрсын Төрехановтың қамқорлығын көрген балалардың бірі Мәлібек Төреханов еді. Созақтағы Күмісті мен Көктөбенің арасындағы сүрлеу жолдың бойында аштықтан ажал құшқан кісінің жанында «аталап» жылап отырған сегіз жасар баланы тауып алған бір жолаушы оны Созақтағы Тұрсын басшылық ететін балалар үйіне әкеледі. Ол елгезек, білімге құмар Мәлібекті өзінің тегіне жаздырып, туған баласындай бауырына басады. Кейін аштықтың беті қайтып, бала Мәлібек ес жиып, оң-солын танығанда, Қаратаудан жақындары іздеп келіп, алып қайтуға ниет білдіргенде, оларға ермей Тұрсын әкесінің жанында қалады. Ол Мәлібекті Шымкент каласындағы қорғасын зауытының жанындағы онжылдық мектепке тапсырады.
Тұрсын Төрехановтың өкіл ұлы Мәлібек бұл мектепте болашақ жазушы Кемел Тоқаевпен бір сыныпта оқиды. Кемел Тоқаевтан басқа сыныпта белгілі археолог-ғалым Бауыржан Байтанаевтың әкесінің інісі Амантай Байтанаев та оқыған. Амантайдың ағасы Әбіш Байтанаев осы сыныпқа сабақ берді. Бір сыныпта оқыған 25 баланың барлығы мектепті бітірген соң Отан қорғауға майданға аттанады.
Жуырда Мәлібек Төрехановтың жатқан жері араға 83 жыл салып анықталды. Мәлібек Баймұратұлы Шымкент әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, алғашқы әскери дайындықтан өтті. Бейбіт өмірді артқа тастап, жастық шағын сұм күреске арнаған боздақ Ленинград облысы Волхов қаласындағы 461-атқыштар полкі, 142-атқыштар дивизиясы сапында майданға жіберілді. 1942 жылы 12 ақпанда болған шайқаста Мәлібек Баймұратұлы ерлікпен қаза тапты.
Қорғасын зауыты мектебінің Мәлібек оқыған бір сыныбынан соғысқа аттанған 25 оқушының 22-сі соғыста қаза тауып, тек 3-еуі ғана аман оралған. Олардың бірі – Амантай Байтанаев, енді бірі – Кемел Тоқаев.
Тура сол 1942 жылы Мәлібектің өкіл әкесі Тұрсын Төреханұлы да ел іргесін шайқаған жаумен шайқасуға өзі сұранып аттанады. Қанды майданда ерлік көрсеткені үшін оған Кеңес Одағының Бас қолбасшысы, маршал Сталиннің бұйрығымен Алғыс жарияланады.
Осы орайда қазақтың батырларын өз дәрежесінде құрметтеп жүрміз бе деген ой мазалайды. Ашаршылықта талай тағдырды құтқарып қалған, қуғын-сүргіннің қияметін көрген, бауырына басқан баласының қазасынан кейін соғысқа өзі сұранып барған Тұрсын Төрехановқа кезінде өзі директор болған мектептің есімін немесе аштықтан арашалап алып қалған ауданындағы бір көшенің есімін берсе деген ұсыныс-ойымыз бар. Қазақтың қилы тарихындағы әрбір батырдың есімі ұмытылмауға тиіс.
Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері