Тағзым • 22 Сәуір, 2025

Төле бидің батасын алған батыр

130 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан қорғауда көзге түсіп, Төле бидің батасын алған, қазақ халқының тағдырын шешкен, тарихшылар тарапынан «ғасыр шайқасы» аталған, атақты Аңырақай шайқасында ержүректігімен даңқ пен халқының сүйіспеншілігіне бөленген қазақтың бірегей батырының бірі – Сәмен Дәненұлының туғанына 320 жыл толып отыр.

Төле бидің батасын алған батыр

2012 жылы Сәмен батырдың бейнесін деректер негізінде майлы бояумен танымал суретші, Суретшілер одағының мүшесі Сергей Анарбеков сомдады

Сәмен батыр кезінде көпшілік тарапынан да, тарихшы-ғалымдар жағынан да өз бағасын алған-ды. Бүкіл саналы ғұмырын ел мен жерді қорғауға арнаған батыр туралы халық жадында сақталып қалған және ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен жырлар мен шежірелерде  оның  ерлігі айшықты дәріп­те­леді. Соның бірі – Тілеміс Есболұлының «Ер Өтеген» дастаны. Дас­танды шығарушы Т. Есболұлы (1860–1933) ел есінде сақталған шежірелік мәліметтерге сүйенеді. Онда қазақ батырларының жоңғар шапқыншылығы тұсындағы ерлік қимылдары, ержүрек қолбасы­ла­ры­ның қаһармандық жолы бейнеленген. XVIII ғасырда өмір сүрген Өтеген батырдың және оның Cәмен батыр секілді үзеңгілес серіктерінің қаһармандық ерлік жолын жырлайды. «Тілеміс жырау айтқан дастанның өне бойынан XVIII ғасырда қазақ халқы бастан кешкен тарихи шындық оқиғалары анық көрінеді. Өткен ғасырлардағы жырау-жыршылардың оқиғаны дастандап, дестелеп бірінен-бірін тудыра, сабақтастыра баяндау мәнерін сақтаған. Сол кездердегі соғыс салу тәсілі, ұрыс жүргізу өнері қызғылықты суреттеледі. Батырлар қолданған қару-жарақ түрлері жарқ-жұрқ етіп көз алдымыздан өтеді», деп жазады зерттеуші М. Үмбетаев.

Өтеген батырдың шөпшегі Тілеміс ақын Сәмен батыр туралы жақсы білген. Оның жұбайы Сәмен батырдың ұрпақтарының бірі Нүрел Тәсібекұлының қызы Жұпар екен. Ақын Сәмен батырдың ұрпақтарымен аралас-құралас жүріп, шежірешіл көнекөз қария­лардан шынайы мәліметтерді естіп-біліп, жырына арқау еткен. Сондықтан да Тілеміс ақынның аталған дастаны Өтеген, Сәмен, Райымбек, Наурызбай, Шінет, Ерсары мен Байсары, Қабанбай, Бөгенбай, Молдабай, Жәнібек, Төлек, Тауасар сынды батырлардың жауынгерлік тұлғасын жасауда шыншылдығымен айрықша назар аудартады.

Сәмен батыр туралы шежіре білетіндер, тарихи білімді сақтаушылар оның ұрпақтарының және ағайын-туыстарының, сондай-ақ жерлестерінің арасында да аз болмаған. Солардың қатарында Диқанбай би Қапсалаңұлы, Қадір Молдашұлы, Күләйша Мәкейқызы (Мансұрқызы), Мүташ Әбдімәлікұлы, Жанасбай Әбжатұлы, Қуанышбек Нұраліұлы, Сағынбек Жәбілұлы, Тынайқұл Жәбілұлы, Шайымқұл Махайұлы, Өмірбай Нұркейұлы, жазушы Марал Ысқақбай, қоғам қайраткері Асанбай Асқаров және т.б. атауға болады. «...Сонымен Сәмен біздің бесінші атамыз болады. Ол кісінің батырлығы жөнінде әңгіме көп. Соның бәрін өзім естідім, бірақ көпшілігі ойымда қалмапты», деп еске алады К.Молдашев. Сәмен батыр ұрпақтарының бірі Кәдір ақсақалдың әңгімесін 1943 жылы мамырда тарихшы, Қордай өңірінің тумасы Әбілқасым Ділібаев жазып алады. Сәмен батырдың әдеби-тарихи бейнесі жайында Алаш арыстарының бірі М.Тынышбаев, жазушы Б. Әбілдаұлы, өлкетану­шы­лар Ү.Бүркітбаева, Ә.Ақпейілов, ақын Ә.Қосбасарұлы, тарихшылар К.Нұрпейісұлы, арнайы болмаса да И.Ерофеева және т.б. еңбектерінде баяндалады. Сәмен батыр туралы эн­цик­лопедиялық мақалалар да жарияланған.

Дегенмен де, бүгінге дейін батыр бейнесін сомдауға арналған үлкенді-кішілі баспасөз беттерінде жарияланған мақалалардың біразы бір сарындас болып келетінін айта кеткен жөн. Деректік мәліметтердің қайталануы да орын алғаны байқалады. Кейбір мақалаларда батырдың тегін, өмір сүрген уақытын, замандастарын шатас­тырып алу сияқты келеңсіз жайттар да ішінара кездесіп қалады. Сондай келеңсіздіктерге қарсы Сәмен батыр ұрпақтарының бірі Қ.Естаевтың «Президент және халық» (10.03.2017 ж.) атты газетте «Қателіктер түзетілуі тиіс» атты мақаласы жарияланғаны белгілі. Отандық тарихнамада жалпы қазақ батырларына қатысты қателіктер мен бұрмалаушылықтардың орын алуы тұлғатану бағытының әлі де болса кемшін түсіп жатқанын аңғартса керек. Бұған бір шеті мұрағаттық деректік мәліметтердің аздығы, екіншіден, ауызша жеткен жыр-дастандарда кеткен ағаттық, я болмаса жазба деректерде кеткен баспа қателіктері де себепкер болып жатады. Мысалы, «Төле би» шежіресінде Сәмен батыр қырғыздың Садыр батырын жекпе-жекте жеңіп, мерт қылғаны, Төле бидің оған батасын бергені баян етіледі. Бірақ мұнда ескеретін бір жайт – қырғыздың атақты батыры Садыр Арзыматұлы Төле би мен Сәмен батырдан кейін қайтыс болғаны. Садыр батыр мен оның ұлы Досқұлының қазақ-қырғыз соғысында 1779 жылы көз жұмғаны қазақ-қырғыз тарихшыларына белгілі мәлімет. Аталған шежіреде оқиғалардың шатасып берілгені анық.

Ал М.Тынышбаев жинаған шежіреде Рысбек батыр қолы бастаған сиқымдар, Қойгелді батыр бастаған шымырлармен қатар Әлмес пен Сәмен қолының 1798 жылы Ташкентті қорғауға қатысқаны жөнінде айтылады. Алайда бұл мезгілде аталған батырлардың бәрі дерлік көз жұмғанын ескерсек, оқиға аталған жылдан бұрын болғанын аңғартады. Сондықтан да шынайылыққа жету үшін шежірелердегі мәліметтерді мұқият басқа деректермен салыс­тыру қажеттілігі туындайды.

Патша өкіметінің шенеуніктері арасында П.Румянцев және т.б. еңбектерінде жоңғарларды жеңгеннен кейінгі кездегі Сәмен батырдың Жетісу жеріне көш бас­тап келуі, олардың қоныстары туралы айтылады. Верный уезі қазақтарының шаруашылық жайын зерттеген П.Румянцев «Шағатай өзені», «Шағатай тоғаны», «Диқанбай тоғаны», «Көлтоған», «Шаныбай тоғаны», т.б. жер-су аттарын көрсетіп өтеді.

Сәмен батырдың шыққан тегіне көз салар болсақ, Дулат, Ботбай, Шағай, Күшпентай, Есенбай, Сарман, Жанәлы, Шағатай, Өтеп, Дәнен батырларды көреміз (К.Мәкейқызының шежіресі бойынша). Өтептен 3 бала – Маман, Дәнен, Жолан, ал Дәненнен 2 ұл – Әлмес пен Сәмен туған. Өз заманының алып тұлғалары, алыс-жақынға танымал батырлар әулетінен шыққан Сәмен Дәненұлының бала кезден өр тұлғасының қалыптасуына өскен ортасы игі әсерін тигізбей қоймады.

Сәмен Дәненұлы, шамамен, 1704 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Жайсаң ауылы маңында туған. Батырдың тегі туралы кезінде академик Кеңес Нұрпейісұлы: «Сәмен Дәненұлы төрт Дулатқа (Сиқым, Жаныс, Ботбай, Шымыр) кіретін Ботбайдың Шағатай руынан шыққан батыр, ол ХVІІІ ғасырда өмір сүріп, жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының ұзақ жылдарға созылған азаттық соғысында ерекше көзге түскен ерен тұлға» деп жазды. Сәмен батырдың тегі ботбай руының ішіндегі жауынгерлігімен, байлығымен «Жуан Ботбай» аталған Шағатай атасынан тарайды. Бұл елдің ежелгі қыстауы Сайрам төңірегінде болса, жаздан күзге дейін Жетісудың Іле бо­йын, Балқаштың теріскей-батыс жағалауына дейінгі аралықта ауылдары көшіп-қонатын болған.

Сәмен батырдың әкесі Дәнен де батырлығымен алыс-жақын елдерге танылған. Алайда Дәнен батыр ерте қайтыс болып, Сәменді әкесінің інісі Жолан батыр тәрбиелеп, ержеткізеді. Сәмен зор денелі, жанары өткір, түрі сұсты, ержүрек те алып күш иесі болып қалыптасады. Жас Сәменнің асауды құйрығынан тартып тоқтататын алып күші мен жігері жұртшылық назарын аударт­­пай қоймайды.

Сәмен батырдың өмір сүрген уақыты – XVIII ғасыр жоңғар-қазақ соғыстары жүріп жатқан тар заманға тұспа-тұс келді. XVIII ғасырдың ортасына дейін жалғасқан жүзжылдық соғыстың, Отанды қорғау жолындағы соғыстың ауыр зардабын Сәмен ғана емес оның арғы аталары да бастан кешті. Атадан балаға жалғасқан әскери өнер, шеберлік, батылдық, ептілік – осындай қасиеттің бәрі жас Сәменге де дарыды. Батырлар әулетінде туып, тәлім алған бала батыр ел басына күн туғанда ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен туған жерін қорғауға жас кезінен атсалысты. Жас Сәмен жоңғарлармен болған жаугершілік соғыстарға ботбай руының сиыршы аталығынан шыққан Қоқ батырмен бірге 14 жасынан қатысып, ержүректігімен көзге түседі. Кейіндері Төле бидің төңірегіне топтасқан Өтеген, Қойгелді, Рысбек, Елшібек, Құлан, Тілек сияқты батырлардың қата­рында Сәмен батыр да болды.

XVIII ғасырда әскери қару-жарағы, әскер саны, дайын­дығы жағынан басым түскен жоң­ғар­лардың баса көктеп кіруі қазақ­тар мен қырғыздардың солтүстікте Ресей шекарасына қарай, ал оңтүстікте орталық­азия­лық хан­дық­тар жеріне өтуіне мәжбүр етті. Зерттеуші Н.Бекмаханованың көрсетуінше, Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүздің 150 мыңға жуық қазағы Хиуа, Қоқан хандықтары аума­ғындағы қысқы тұрақтарына қарай көшеді. 1720 жылы жоңғарлар Ташкент, Сайрам, Түркістанды басып алады. Бас сауғалаған Кіші жүз қазақтары Бұхара мен Хиуаға, Орта жүз – Самарқан мен Бұхараға, Ұлы жүз Самарқан, Ходжент, Ферғана, Қаратегін, Памирге қарай ығысады.

1723 жыл қазақтар үшін аса ауыр жыл болды. Осы жылдың көктеміне қарай қазақтар мен оларға қоңсы отырған қырғыздардың ахуалы аса қиындап кетеді. Жоңғар қонтайшысы Цеван-Рабдан қырғыз бен қазақтың көп жерін басып алып, қырғыздар «Қазақ қайың сауып, қырғыздың Ысарға (Гисар) кіргені» деп, ал қазақтар «Ақтабан-шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп атаған ауыр қасыретке ұшырайды. Осы тұста Сәмен батырдың ауылы да өзге қазақтармен бірге жер ауып, босқынға айналды. Шұбырған жұртты тұтқиылдан шапқан жау қолына қарсы тұрып қорғауда Сәмен батыр бастаған жасақтар да тыс қалмады. Қазақтар тек қорғанып қана қоймай, кезі келген жерде жау қолына өздері де шабуылдап, тойтарыс беріп отырды.

Үш жүздің хандары, билері мен батырлары күш біріктіріп, елімізді азаттыққа үндеген 1726 жылғы Ордабасы тауындағы ұлы жиынға Сәмен батыр қазақ қолбасшыларының бірі ретінде қатысады. 1726–1727 жылдары үш жүздің батырларымен қатар Ташкентті азат етуге 2000 ботбай жігіттерінен құралған қолды бастап шығады.

1756–1758 жылдары Қытай әскер­леріне қарсы қазақтар атаме­кендерін қорғауға көтеріл­генде, Сәмен батыр алғашында Ботбай қолын, кейінірек Аягөздегі жалпықазақ шекарашы әскерлерін басқарып тұрады. Осы шараны ұйымдастырушы Абылай да Сәмен батырдың ерлік істеріне разы болады. Ханның кеңесшісі болған Бұқар жырау батырды: «Сәменім, ерім Ботбайым, екі көзі оттайым» деп бағалаған екен. Аягөз қаласының түбінде «Сәмен ауылы» атты елді мекен ХХ ғасырдың аяғына дейін сақталып келген және Семей облысының картасына да түскен.

Сәмен батырдың отбасында тәрбиеленген ұрпақтың бәрі дерлік ел мен жерді қорғауда шет қалмаған. Шежіреші Күләйша Мәкейқызының мәліметіне қара­ғанда, Сәмен батырдың үш әйе­лінен 10 ұл туған. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Сәмен ұлдарының арасында Қапсалаң, Текебай, Бай­серке әкелерімен бірге талай жо­рыққа қатысып, әйгілі болады. Батырдың жалғыз қызы Мақпал да ержүректілігімен елге танылады. Ер-азаматтар соғысқа кеткенде Мақпал Сәменқызы ауыл­да қалған мал-жанды барымташылардан қорғап тұрады екен. Ұлдардай қарулы, садақ тартып, ат жалында ойнайтын шабандоз батыр қыз барымташыларға қарсы шапқан соғыстың бірінде ерлікпен қаза табады. Дәнен батырдың екі ұлының – Әлмес пен Сәменнің ұрпақтары арасында батырлық дәстүрін жалғастырғандар аз бол­маған. Сәмен батырдың ағасы Әлмес Дәненұлы мен оның ұлы Қасаболат Әлмесұлы, т.б. жоңғарларға қарсы шабуылдарда батырдың жанынан табылып, ерлікпен шайқасқан.

Сәмен батырдың ұрпақтары­нан қара қылды қақ жаратын, жер дауы мен жесір дауында әділ төрелік етіп, тарихта аты қалған талай билер шықты. Олар: Байсерке Сәменұлы, Диқанбай Қапсалаңұлы, Диқанбайдың ұлдары – Тәсібек, Рүстембек, Келгенбай және Самылтыр, Қарынбай Тәсібекұлы, Абайылда Келгенбайұлы және т.б. еді. Дін жолын тұтып, қажыға бар­ған ұрпақтары арасында Келгенбай Диқанбайұлы мен Қарынбай Тәсібекұлының аты аталады.

Сәмен батырдың өлген жылы және қазаға ұшырауы туралы әртүрлі дерек бар, олардың бірінде Аңырақай шайқасы кезінде, екіншісінде Арқарлы асуының шығысында 1 күнде ­8 рет жекпе-жекке шығып, жау қолынан қаза болды деген мәлімет берілсе, үшінші бір деректерде қартайған шағында өз ажалымен көз жұмды делінеді. Әзірше, бұл деректі айқындай түсу уақыт еншісінде қалып тұр. Қазіргі сәментанушылар Аңырақай шайқасында қаза тапқан Сәмен емес, ботбай руынан шыққан Сәмет батыр Майлыұлы екенін дәлелдеп отыр. Себебі Сәмен батыр, шамамен, 1877 жылға қарай көз жұмған.

Ер есімі – ел есінде демекші, батырдың табаны тиген жерлерде бүгін де ізі сайрап жатқандай. Алматы облысының Кербұлақ ауданында «Сәмен» атты ауыл және «Сәмен құдығы», «Сәмен тауы», «Сәмен қыстауы» бар. Алматы облысының Жамбыл ауданындағы «Самсы» ауылында 2003 жылы батыр бабаға ескерткіш орнатылды. Осы жылы Алматы облысының Кербұлақ ауданында Сәмен батырға арналып күмбез тұрғызылды. Тараз, Алматы қала­ларындағы көшелерге, қазақ-қытай шекарасындағы заставаға Сәмен есімі берілді. Қазақ тарихында өзіндік орны бар Сәмен Дәненұлының туған жерді қорғау жолындағы ерлік істері, батырлық өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береріне сенім мол.

 

Айткүл МАХАЕВА,

тарих ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры