
«Отандастар» қорының жауапты хатшысы, тарих ғылымдарының докторы Қ.Қобыландин оқырмандарға жол тартқан кітаптардың таныстырылымында тарихи-танымдық сипатта жазылған белгілі ғалым Абдусаттор Нұралиевтің «Тәжікстандағы қазақтар» атты жинақтың маңызы ерекше екенін айтқан еді.
Абдусаттор Нұралиев – қазақ мектебінде оқып, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Бірнеше ғылыми-танымдық жинақтың авторы. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Бір сөзбен айтқанда, жүрегі қазақ деп соққан азамат. Оның бұл туындысы халқымызға деген сүйіспеншілігінен туған. Мұнда ғалым Тәжікстандағы қазақтардың тарихы мен қоныстануы жайында тың деректерді баяндайды.
Айталық, Тәжікстанда «Моғол», «Марғұлан» және тағы басқа қазақ тіліндегі көне атаулар сақталып қалған. Бұл екі халық арасындағы тарихтың тамыры тереңде екенін зерделейді. Әйгілі тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде қазақтардың орта ғасырда осы аймақта тіршілік еткені туралы анық сипаттаған. Сондықтан А.Нұралиев «Тәжікстандағы қазақтар» кітабында атақты тарихшының еңбегіндегі мазмұнды мәліметтерге тарихи дерек ретінде тоқталған.
Сондай-ақ автор Тәжікстандағы қазақтардың көшіп-қону себебіне үңіліп, олардың этностық тарихын зерттеуге назар аударған. Осы мақсатта зерттеуші Тәжікстанды мекендейтін түркі тектес халықтардың тарихы мен олардың этностық құрамы жөнінде қысқаша мағлұмат береді. Тәжік жеріне бірнеше ғасыр бұрын лақай, қоңырат, құрама, дүрмен, қарлұқ, марқа секілді бірқатар түрік тайпалары қоныс тепкен. Бұл тайпалардың кейбірі бізге рулық шежіре жағынан жақын.
Әсіресе лақайлардың қазақтарға салт-дәстүр, әдет-ғұрып, фольклоры өте ұқсас. Мәселен, ғалым лақайлардың мақал-мәтелі, ел аузындағы өлеңдері, «жоқтау», «бата беру» секілді салты қазаққа мейлінше жақын екенін айтады. «Жук аурын нар көтерер, елдиң аурын ер көтерер» немесе «Ярабезен (жарапазан) айтып келдик ешигиңе, Қочқардай ул берсин Худай бешигиңе» деген-ді қазақ тілінің диалектісі деуге саяды. Бір жағынан, лақайдың «Авзи жаман елди булғайди, Аяғы жаман торді булғайди», «Жалқау қараб вотириб чарчайди» деген мақалы бұл тілдің қазақ тілінен көп айырмашылығы жоқтығын көрсетеді.
Шынында да, лақай жұрты туралы А.Нұралиевтің еңбегінен біліп отырмыз. Лақайлар «өзбек емеспіз, лақай деген халықпыз» деп айтады екен. Осыдан-ақ лақайлардың арғы тегі қазаққа барып тірелетін ел екеніне көз жеткізесіз. Сондай-ақ 1924 жылғы халық санағында Тәжікстан мен Өзбекстанның оңтүстігінде 40 мыңнан аса қоңырат мекендеген. Бұл аз сан емес. Қоңыраттардың басым бөлігі Сұрхандария облысында, 4 мыңға жуығы Тәжікстанның Қаратау дария бойында Явансуда, сондай-ақ Кафарнихан жазықтығын жайлапты. Ал Гулшанидің «Тарихи Хумаюн» (1909) атты еңбегінде Шығыс Бұхарада 15 мың үй қазақ тіршілік еткен деп жазады. Қазақтарға жақын бұл тайпалар өзбектермен, тәжіктермен араласу барысында біртіндеп ассимиляцияға ұшыраған. Ал бөлек шоғырланып қоныстанған қандастарымыз ана тілін, салт-дәстүрін, ұлттық ерекшелігін жақсы сақтаған.
Профессор А.Нұралиев кітабында тәжік жеріне қоныстанған қазақтардың көшіп-келу жағдайын 5 кезеңге бөліп қарастырған. Біріншісі – XVI ғасырдың басында Шайбани хан бастаған көшпенді өзбектердің Мауераннахр мен Ауғанстанға жасаған жорығы кезінде өзбек-қазақ аталған тайпалар құрамында бірге келген қазақтар. Бұлар дүрмен, қатаған, найман, қоңырат және т.б.тайпалар болатын. Олардың біразы лақай жұртымен жақын араласып, сіңісіп кетті. Екіншісі – 1723 жылы қазақ жеріне жасаған жоңғарлардың шабуылы кезінде жаудан ығысып, үдере көшкен қазақтардың бір тобы осында келіп, олар Бохтар, Вахш, Қорғантөбе, Ғиссар жеріне қоныстанды. Үшіншісі – кеңес өкіметі құрылған 20-жылдары ел ішіндегі дәулетті адамдар мен дін қайраткерлерді қудалау науқаны басталғанда, олар отбасы мен мал-жанын аман сақтап қалу үшін Ауғанстанға қарай бет алды. Сөйтіп, олар қазіргі оңтүстік Тәжікстан аймағымен ауа көшті. Бұл көштің біразы шекара жабылғанға дейін өтіп кетеді. Ал шекарадан өте алмаған қазақтар амалсыздан тәжік жеріндегі Қорғантөбе, Вахш алабын мекендейді. Мұнда қазақтар мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысып, жергілікті халықпен қоян-қолтық араласады. Төртіншісі – 30-жылдардағы қолдан жасалған аштықтан бала-шағасын аман сақтап қалу үшін біраз қазақ отбасы Ауғанстан, Иран, Қытайға қарай көшті. Солардың біразы Тәжікстанның Ғиссар алабына келіп, қоныс тепкен. Алыс жолдан арып-ашып келген қандастарға тәжіктер қолындағы барымен бөлісіп, көмек көрсеткен. Бесіншісі – 30-жылдардың ортасындағы қуғын-сүргіннен бой тасалаған ағайындардың шағын тобы Тәжікстанды келіп паналады.
Сонымен заманның түрлі теперішінен тәжік жеріне қоныстанған қазақтардың жалпы саны 70 мыңнан асқан екен. Олар Тәжікстанның Хотлан облысындағы Вахш, Фархар, Куляб, Яван, Жылыкөл аудандарымен қатар Қызылсу, Гараути елді мекендерінде, сондай-ақ Ғиссар өңірінің кейбір аудандарына қоныстанып, бос жатқан жерлерді игеріп, ауыл шаруашылығымен айналысқан.
Шындығында, тәжік ағайындар қазақтарды жатсынбай бауырына тартып, қамқорлық көрсеткен. Тәжікстанға тағдыр айдап, қоныс тепкен адамдардың арасында Самарқан медреселерінде оқыған білімді азаматтар аз болмаған. Сонымен бірге қазақтар тұрған елді мекендердің басшылығына билер тағайындалған. Бұқара әмірінің кеңесшісі С.Гулшанидің «Тарихи Хумаюн» (1909) атты еңбегінде Ғиссар бектігі қазынашысының дәптерінде 7 бидің аты жазылған екен. А.Нұралиев би деген атау тек қазақтарда қолданылғанын айтады. 1989 жылғы есеп бойынша Тәжікстанда 12 мыңнан аса қазақ болған. Олар халық шаруашылығының барлық саласында еңбек еткен. Солардың ішінде лауазымды қызмет атқарған азаматтар да бар. Әсіресе Тәжікстан КСР Жоғарғы кеңесінің 1-шақырылымының (1938–1947) депутаты К.Сәрсенбаев, 1924–1926 жылдары Тәжікстан автономиялы кеңес республикасының Ішкі істер халық комиссары болған А.Ярмұхаммедовті ерекше айтуға болады. А.Ярмұхаммедов – Тәжікстанда елеулі із қалдырған қайраткер. Кейін Қазақстанға оралып, туған елінде де лауазымды қызмет атқарды. Сондай-ақ Тәжікстанда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов те еңбек етті. Ол 1928–1930 жылдары Тәжікстанның қаржы комиссары, Орталық статистика басқармасының басшысы болып істеді. Т.Жүргенов Тәжікстанда жазушы С.Айнимен танысады. Бұл қаламгер Бұқарадағы «Көкілташ» медресесінде атақты ақын, аудармашы Т.Ізтілеуұлымен қатар оқыған. 1934 жылы «Шаһнаманың» 1000 жылдығы тойланады. Сонда Темірбек Жүргенов «Шаһнаманы» қазақ тіліне Т.Ізтілеуұлы ғана аудара алады деп С.Айниге айтады. Тұрмағамбет Ізтілеуұлы Т.Жүргеновтің тікелей ұсынысымен әйгілі дастанды түпнұсқадан тікелей аударған.
Сондай-ақ кітапта Тәжікстандағы қазақтардың ішінде елге талантымен танылған Әлшекей күйші, Бай Ишан, ақын Шанайұлы, Сағидолла молда, мүсінші К.Жұмағазин, Р.Әбдиев, дәрігер-ғалым Ғ.Есенғалиева секілді бірегей тұлғалар туралы баяндалған. Тәжікстандағы қазақтар жол салу, канал қазу, далаға су шығару, электр стансаларын салу, тағы басқа да шаруашылық салаларында еңбек еткен. Сонымен бірге Тәжікстаннан Екінші дүниежүзілік соғысқа жүздеген қазақ азаматы әскерге алынды. Солардың көбі майданнан оралмаған. Мәселен, автор осы жинағында Кеңес Одағының батыры Чутак Оразовтың ұлты қазақ екенін жазады. Бірақ құжатында өзбек деп жазылған екен. Сондай-ақ «Даңқ» орденінің толық иегері Асад Хасанов пен І, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін алған Ерген Ғафуровтың соғыстағы ерліктеріне де тоқталған.
Жалпы, Тәжікстандағы қазақтар көп шоғырланған аймақтарда ұлттық салт-дәстүр, ән-күй мен жыраулық өнері жақсы дамыған. Алайда ақын, жыршы, домбырашылардың шығармашылығын зерттеген ешкім болмағандықтан, көбінің есімі елеусіз қалды. Бір ғана Әлшекей күйшінің 70-ке тарта күйі болған екен. Оның бізге 10-ға жуық күйі жетті. Дарынды күйшінің шығармалары туралы көрнекті қаламгер, ғалым Ақселеу Сейдімбек жоғары баға бергені белгілі.
Тәжікстан жеріне негізінен қазақтар түрлі зұлмат кезеңдерінде қазіргі Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан ауып барған.
1992–1998 жылдары Тәжікстандағы саяси жағдайға байланысты 10 мыңнан астам қандасымыз тәуелсіздігін алған атажұртына қоныс аударды. Бүгінде Тәжікстанда 2 мыңға тарта қазақ тұрады. 2002 жылы «Тәжік-Қазақ» достық қоғамы құрылған. Соның аясында «Бәйтерек» мәдени орталығы жұмыс істейді.
Тұжырымдап айтқанда, айтулы ғалым Абдусаттор Нұралиевтің «Тәжікстандағы қазақтар» атты кітабы – екі елдің тарихи тамыры тереңде екенін баяндаған құнды еңбек.
Мұхтар ҚАЗЫБЕК,
жазушы