
Рим Папасы Франциск – біздің заманымызда өткен рухани, тарихи, сондай-ақ саяси маңызы бар тұлға. Ол 1936 жылы Аргентинаның астанасы Буэнос-Айресте дүниеге келіп, Хорхе Марио Бергольо есімімен шіркеулік қызметін бастаған. Католик жұртшылығын 2013 жылдан бастап басқарған Франциск – Латын Америкасынан шыққан тұңғыш понтифик және иезуиттер орденінен сайланған алғашқы Папа ретінде тарихқа енді.
Жерлеу рәсімі
Дәстүрге сәйкес Рим Папасының жерленуі қайтыс болғаннан кейін төрт пен алты күн арасында өтеді. Ал еске алу шаралары тоғыз күнге дейін жалғасады. Қазіргі кезде жерлеу күні әлі белгіленген жоқ.
Папаны жерлеу – өте күрделі әрі салтанатты рәсім. Дегенмен, 2024 жылдың сәуірінде Франциск Ватикан рәсімдерінің астамшылдыққа ұрынғанын екенін ескертіп, өзінің жер қойнына тапсырылу сәтін барынша қарапайым өткізуді тапсырған.
Бұған дейін понтификтерді кипарис, қорғасын және еменнен жасалған үш қабатты табытқа салып жерлеген. Ал Франциск қарапайым мырышпен қаталған ағаш табытқа жерлеуін аманаттаған.
Сондай-ақ, ол табытпен бірге көмілетін арнайы тиындар мен эпитафия жазбасының артық екендігін айтып, барлық рәсім қарапайым христиан жоралғысына сай өтуін жеткізген.
Жаңа Папаны кім сайлайды?
Жаңа Папаны Католик шіркеуінің ең жоғарғы шенді тұлғалары – Кардиналдар коллегиясы сайлайды. Бұл кардиналдарды бұрынғы Папа өзі тағайындаған және олардың барлығы – ер адамдар, әдетте епископтар.
Папаны сайлау құқығы тек 80 жасқа толмаған кардиналдарға ғана беріледі – олар «папабили» деп аталады. Қазір шіркеуде 252 кардинал бар, олардың 183-і дауыс беруге құқылы. Қалғандары тек талқылауларға қатысады.
Сайлау үдерісі немесе «конклав» деген не?
Рим Папасы қайтыс болғанда немесе отставкаға кеткенде Ватиканда кардиналдар жиналысы – конклав өтеді. Бұл – сайлау үдерісі.
Папа қайтыс болған мен жаңа понтифик сайланған аралықта Католик шіркеуін Кардиналдар коллегиясы басқарады, ал Қасиетті Тақ (Ватикан) бос деп есептеледі.
Сайлау құпия түрде Сикстин капелласында өтеді. Әр кардинал өз қалаулы үміткеріне дауыс береді және бұл үдеріс жаңа Папа таңдалғанға дейін жалғасады. Бұл жұмыс бір аптаға, тіпті айларға созылады. Кейде кейбір кардиналдар дауыс беріп үлгермей өмірден өткен.
Сайлау барысындағы жалғыз белгі – түтін. Бюллетеньдер пеште өртелгеннен кейін шыққан түтіннің түсі маңызды. Егер шіркеуден қара түтін шықса жаңа Папа әлі сайланбаған деген сөз. Ал ақ түтін шықса сайлау аяқталды, жаңа понтифик бар деген емеурінді білдіреді.
Хабарлау және ұлықтау
Ақ түтін шыққаннан кейін бір сағат ішінде жаңа Папа Санкт-Петр алаңына қараған балконға шығады. Сайлауға қатысқан ең беделді кардинал «Habemus Papam!» («Бізде Папа бар!») деп жариялайды. Содан кейін жаңа Папаның аты мен оның таңдаған понтификтік есімі аталады. Мысалы, өмірден өткен Францисктің шын аты – Хорхе Марио Бергольо. Ол өзінің жаңа есімін Әулие Франциск Ассизидің құрметіне алған.
Қандай адам Рим Папасы бола алады?
Теорияға сүйенсек кез келген шоқынған ер католик Папа бола алады. Бірақ іс жүзінде кардиналдар көбіне өз араларынан сайланады. 2013 жылғы соңғы конклавта Аргентинадан шыққан Франциск Папа болып сайланған. Ол – Латын Америкасынан шыққан алғашқы понтифик. Бұл өңірде әлем католиктерінің шамамен 28%-ы тұрады. Алайда дәстүр бойынша Папалар Еуропадан, әсіресе Италиядан сайланады. 266 Папаның 217-сі италиялық болған.