Шымкент • 23 Сәуір, 2025

Шымкентте сакура гүлдеді

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өңірлерде тазалық акциялары іске асып, көшет егу жұмыстары қарқын алды. Еліміздің Шымкент секілді ірі қалаларында тазалық акциясы ерекше нәтиже берді. Мыңдаған тонна қоқыс шығарылып, арық-атыздар тазаланып, ирригациялық жүйелер қалпына келтіріліп, саябақтар реттелді. Сенбіліктер халықты ортақ іске жұмылдырды. Елдің ұйымшылдығын арттырды. Өскелең ұрпақтың санасына тазалық мәдениетін сіңірді.

Шымкентте сакура гүлдеді

Шымкентте экология әрқашан күн тәр­тібінде бірін­ші тұра­тын мәселе. Зауыт-фа­бри­калардан ауаға тарайтын зиян­ды заттар, көліктерден шығатын түтіндер қаланың тынысын тарылтады. Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында жергілікті атқарушы билік арнайы қабылданған тұжы­рымдама, бағдарламалар аясында көптеген жұмысты қолға алып жатыр. Соның бірі – ағаш көшет­терін егу, жасыл желек үлесін арттыру. Жаздың күндері шаһарда күн қатты ысиды. Адамдар сондай кезде көле­ңкелеп, демалғысы келеді. Халықтың осы талап-тілегін орындау мақсатында қала әкімдігі қазір жаңадан гүлзарлар, шағын саябақтар салып жатыр.

Бүгінде жасыл желектің жан басына шаққандағы үлесі Шым­кентте бір адамға 3,13 шаршы метрден келеді екен. Әкім­дік бұл көрсеткішті 16 шаршы метрге арттыруды, мегаполисті нағыз жасыл баққа айналдыруды көздеп отыр.

Шымкентте бұрын қылқан­жапырақты талдар көп егілетін. Оның орнын Шынар, Гуджум ағаштары алмас­тырды. Себебі олардан көбі­рек көлеңке түседі, әрі қоршаған ортаға оттегіні мол бөледі. Бүгінде Шымкенттің өзі мен айналасындағы елді мекендерді қосқанда өсіп тұр­ған 6 млн түп ағаш-бұталар бар. Бұл санға жоспар бо­йынша жыл са­йын егілетін 200 мың түп көшетті қосыңыз. Қалада арнайы орман тұқым­бағы бар. Ол жерде 700 мың­нан астам ағаш-бұта көшеттері өсіп жатыр. Орман тұқымбағында 17 түрлі өскінді кездестіруге болады. Былтыр тұқымбақ алқабын күтіп ұстауға мемлекет қазынасынан ­ 127 млн теңге қаражат бөлінді.

Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының дерегінше, биыл мегаполисте табиғат пен қорша­ған ортаны жақсарту бағытында көптеген жұмыс атқарылады. Шаһардың басты күре жолы саналатын 24 магистралды көше абаттандырылады. «Абай», «Металлург», «Алатау» саябақтарында балалар алаңшалары пайда болады. «Ақсай-Қарабастау» каналының жөндеу жұмыстары басталады. Осының бәрі қала тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылады. Бұрын нөсер жауын жау­са шаһардың орталық көшелеріне дейін су басып кететін. Каналдарды тазалап, ирригациялық жүйелерді ретке келтірудің нәтижесінде қазір бұл мәселе біртіндеп шешімін та­уып келеді. Баяғыда қаладағы жалғыз өзен Қошқарата айналасы күл-қоқысқа толып, суы ластанып жататын. Әкімдік осы мәселені де қолға алып, айналасы абаттана бас­т­ады.

А.Асқаров атындағы мем­лекеттік ден­дро­логиялық саябағы – Шым­кент­тің мақтанышы. Қыдырып келген қонақтар қаланың мәдени-қы­зықты орындарын аралау барысын­да міндетті түрде осы саябаққа соқпай кет­пейді. Саябақ сонымен бірге жер­гілікті тұрғындардың күнде­лікті де­ма­латын, серуендейтін орны. Ха­лыққа тигізіп жатқан пайдасы мен қыз­меті орасан екенін білген жер­гілік­ті билік саябақты ерекше күтім мен қамқорлыққа алған. Онда абат­тан­дыру, көгалдандырудан бөлек, ғы­лыми-зерттеу жұмыстары да жүр­гізіледі. Соның арқасында ағаш­тар­дың гендік қоры молайып, сан алуан­ өсімдік әлемі жасарып, жақсарып келеді.

Қызғалдақ гүлі – Шымкенттің символы. Тіпті осыған орай шаһарда әйгілі ескерткіш бой көтерген. Мега­по­листің осы ерекшелігін білдіру мақ­сатында жыл сайын қала билігі гүл­зарлар мен жол жиектеріне, көше бой­ларына көздің жауын алатын қыз­ғал­дақтар егеді. Әкімдік биыл 1,2 млн дана қызғалдақ егіпті. Көктем гүлінің мезгілі өткен соң орнын 1,3 млн дана біржылдық басқа гүлдер басады.

 

ШЫМКЕНТ