Алматы • 23 Сәуір, 2025

Алматы ауызсудан тарықпауға тиіс

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде агломерация есебінен халқы мен аумағы ұлғайған Алматының тозығы жеткен су құбырлары мен кәріз желілерін ауыстыру өзекті мәселеге айналып отыр. Мегаполисті ауызсумен қамту кешенді жұмыстарды талап етеді.

Алматы ауызсудан тарықпауға тиіс

2024 жылы Алматыда 543 шақырым жаңа су құбыры мен кәріз желісі тартылып, тозығы жеткен су құбыры 52,7%-ға, ескірген кәріз жүйесі 51,8%-ға дейін азайғанымен, осы мәселеге орай өткен баспасөз мәжілісі бұл саланың әлі де күрделі жағдайда қалып отырғанын дәйектеп берді.

«Алматыда су жүйесін дамыту жұ­мыс­тары жалғасын табады. Жоспар­ланған ірі жобалардың ішінде Мыңбаев көшесінің бойындағы магистральді су құ­бырын ауыстыру, Таусамалы (Камен­ка) шағын ауданына инженерлік желі­лер тарту, Тимирязев көшесінде су құ­бы­рын арықсыз әдіспен қайта құру жұмыстарының мән-маңызы ерекше. Бұл 240 мың қала тұрғынын сапалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді «Алматы Су» ШЖҚ КМК директоры Ілияс Қазиев.

Биыл тозығы жеткен 70 шақырым желіні ауыстыру, екі таза су резервуарын салу, жөндеу, төрт сорғы стансасын жаңарту мен 200 дана сорғы жабдығын ауыстыру жоспарланып отыр. Бүгінде қаланың батыс бөлігін сумен қамтамасыз етуге арналған топтастырылған су қабыл­дағышының жобасы әзірленіп жатыр. Бұл жерде су сорғыш стансалары орналастырылып, жиналған су залалсыздандырылады. Алматы әкімдігі Ерменсай ықшам ауданын сумен қамтамасыз ету мақ­­сатында «Нұрлытау» су тазарту стан­­­­са­­сын салатын мердігерге байқау жа­рия­лаған. Оған қоса жаңа тарату желі­лерінің құрылысы жүзеге асырылса, 2026 жылдың соңына қарай Ермен­сай мен Нұрлытау аудандарының 22 мың­нан астам тұрғыны сапалы ауызсумен қамтылуға тиіс.

Жаз айларында су тапшылығын көріп отырған Ерменсай тұрғындарының мәселелерін шешу мақсатында Әл-Фа­ра­би даңғылынан Арайлы көшесіне су құбырын тарту жұмыстары басталды. Аталған жоба аясында биыл көше бойындағы тұрғын үйлер мен жеке сектор жаңа су құбырына қосылады. Кейін бұл құбыр «Нұрлытау» су тазарту стансасымен біріктіріліп, осы аудандардағы су жүйесінің сенімділігін едәуір арттырады.

2024 жылы Медеу ауданының оңтүсті­гін су тапшылығынан құтқарған жаңа резервтік сумен жабдықтау жүйесі іске қосылып, Самал, Көктөбе мен Таулы қырат шағын аудандарының 50 мыңнан астам тұрғынының сауабын алған еді. Сол сияқты «Балқаш» ірі инфрақұрылымдық жобасы аясында Каменка үстіртіне де су тұрақты беріле бастады. Осы жобаның арқасында Көлсай шағын ауданының тұрғындары да орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Жыл соңына дейін Сұлусай мен Мұзтау шағын аудандарын сумен жабдықтау жобалары аяқталады. Осылайша, Алматыда Медеу ауданының оңтүстік бөлігін сумен жабдықтаудың резервтік жүйесін орнату тиянақталады.

Тағы бір оң бастама – «Инвестиция орнына тариф» саясаты аясында инфра­құрылымды жаңарту мен таби­ғи ре­сурс­­тарды үнемдеуге бөлінетін қара­жат көлемі де артып келеді. 2025 жылы қаланың су құбырлары мен кәріз жүйе­лерін жаңғыртуға «Алматы Су» қара­жаты есебінен 18 млрд теңге инвес­тиция тарту жоспарланған. То­зы­ғы жеткен 70 шақырымдық су құ­быр­­ларын ауыстыру барысында тиісті учаскелердің сусыз қалмауы қарас­тыры­лып, көлік қозғалысына кедергі туын­датпау ескеріледі. Биыл 4 сорғы стан­са­сы жөнделіп, 200 дана сорғы жаб­дығы, 444 дана жапқыш арматура, 4 транс­форматорлық қосалқы станса жаңартылып, 2 таза су резервуары жөнделіп, жаңадан салынады. Сондай-ақ қаланың су жүйесін жаңарту аясында өрт гидранттарын, су алатын ұңғымаларды жөндеу, арнайы техниканы жаңарту да қарастырылған. Кәріз суларын тазарту стансаларындағы тазалау технологиясын жаңарту жобалары басталды. Тазарту алаңдарында шөгінділерді өңдеу құрылыстары салынады.

Сәтімен мәреге жетсе, Ақсай өзенін­дегі салынып жатқан су дайындау стансасы Наурызбай ауданының 100 мың тұрғынын су тапшылығынан құтқаруға тиіс. Бүгінде Наурызбай ауданындағы су тапшылығын жою мақсатында қуаты тәулігіне 22 мың текше метр болатын су дайындау стансасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Станса 100 мың адамды сумен қамтамасыз етеді. Құрылыс жұмыстарын аяқтау биыл қазан айы­на жоспарланған. Мамыр айын­да бұған дейін салынған Қарғалы сүзгі стан­са­сын­­да іске қосу-реттеу жұмыстары аяқталады.

«Су тазарту нысанының қалыпты жұмыс істеуіне қажетті техникалық кәріз коллекторының құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Бұл бастапқыда станса жобасына енгізілмеген еді», дейді І.Қазиев.

Аталған коллектордың құрылысы осы жылдың маусымында аяқталған соң стан­саны іске қосуға болады. Қарға­лы өзенінен алынатын суды тазалау – Наурызбай ауданын, оның ішінде Қарағайлы, Құрамыс, Таусамалы, Тасты­бұлақ шағын аудандарын сапалы сумен үздіксіз қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар агломерация есебінен қаланың батыс бөлігінде пайда болған суға деген сұранысты қамтамасыз ету мақсатында қуаты тәулігіне 43 мың текше метр болатын «Барлық» су жинағыш резервуары жобаланып жатқанын айта кету керек.

Мегаполистегі суға қатысты қорда­лан­ған мәселелерді кешенді түрде шешу мақсатында Бостандық ауданының оңтүстік бөлігінде сумен жабдықтауды жақсарту жұмыстары да қолға алынғалы тұр. Себебі Бостандық ауданының оңтүстік бөлігінің тұрғындары жылдар бойы «Водснаб» ЖШС, «Ерменсайводгаз» ЖШС, «Баур ЛТД» ЖШС сияқты жеке су жеткізушілер қызметтерінің сапасы мен қымбат тарифтеріне шағымданумен келеді.

«Бұл бөлік ешқашан «Алматы Су» қызмет көрсету аймағына кірген емес, сон­дықтан қалыптасқан жағдайды жақ­сар­­туға мүмкіндік беретін пәрмен­ді тетік­тер болған жоқ. Бүгінде «Вод­снаб» (бұрынғы – Орхан) ЖШС-мен сот талқылаулары жалғасып жатыр. Деген­мен қала басшылығы оның аяқталуын күтпей, жағдайды түбегейлі өзгертіп, жақын арада сумен қамтамасыз етуге қа­тыс­ты оң шешімдер қабылдады», дейді «Алматы Су» ШЖҚ КМК директоры.

Қорыта айтқанда, мұның барлығы санамалап шығуға оңай болғанымен, көп қаражат пен күш-жігерді, кәсіби тұрғыда жоспарлауды қажет ететін, мегаполистің ең өткір мәселелерінің бірін реттейтін іс-шара болып отыр.

 

АЛМАТЫ