Жастар • 23 Сәуір, 2025

Жастар және сайлау тәжірибесі

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенттері мен елордалық жастарымен кездесті.

Жастар және сайлау тәжірибесі

Толыққанды интерактивті форматта өткен кездесуде 400-ден аса студент, ОСК жанындағы Жас сайлаушылар клубының, елордалық жастар ұйымдарының өкілдері мен жас сайлаушылар арасынан шыққан белсенділер бас қосты. Іс-шараға Орталық сайлау комиссиясының, аталған комиссия жанындағы Сараптамалық кеңестің мүшелері, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ астаналық аудандардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері және Астана қаласы мәслихатының депутаттары қатысты.

ОСК төрағасы комиссияның қызметі, еліміздің сайлау жүйесі мен сайлау органдарының дамуы туралы айтып, пайымдау, миссия, құндылықтар, қағидаттар, мақсаттар, басымдықтар секілді комиссияның стратегиялық даму бағыттарына барынша мән берді.

Жастармен диалог барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды конституциялық реформасы шеңберінде сайлау жүйесінің трансформациялануы мәселесіне ерекше назар аударылды.

– Ел азаматтарының сұранысы бойынша бүгінде мәслихат депутаттарының 90%-дан астамын халық тікелей сайлайды. Сондай-ақ ауылдық округтер, кенттер мен аудандық маңызы бар қалалар әкімдерінің 97%-ға жуығы тікелей әрі жасырын дауыс беру негізінде сайланды. Бұл азаматтық қатысу мен биліктің есеп беруін кеңейтудің маңызды қадамы, – деп атап өтті.

Интерактивті сұрақ-жауап сессиясы барысында кездесуге қатысушылар сайлау жүйесін дамыту мен сайлау рәсімдерін жетілдіру мәселелеріне жоғары қызығушылық танытты. Мәселен, №15 мектеп-лицейдегі өзін-өзі басқару ұйымының президенті Қайрат Құлхожақымет білім мекемелерінде өзін-өзі басқару ұйымдары мен оларды сайлау туралы, студент Ерсін Қалдыбек әкім сайлауына түсетін кандидаттарға қойылатын талаптар, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранты Нариман Абай мәслихат депутаттарын кері шақырып алудың тәртібі мен рәсімдері және ауылдық деңгейдегі сайланатын әкімдерге де қатысты кері шақырып алу институтын енгізудің мүмкіндігі туралы сұрады. Осы академияның басқа магистранты Айсана Рахимова сайлаушыларға есептен шығару куәліктерін беру рәсімін цифрландыруды ұсынды. Ал студент Аяулым Әбубәкірова сайлаушылардың электоралды белсенділігін арттыру жолдарына қатысты сұрақ қойды. Кездесудің белсенді қатысушыларына ОСК-нің 30 жылдығына орай шығарылған сайлау тақырыбындағы ғылыми басылымдардың көшірмелері табыс етілді.

Кездесу электоралды күн тәртіптің негізгі мәсе­лелері, оның ішінде сайлау белсенділігі, сайланбалы лауазымдарға кандидаттарға қойылатын талаптар, дауыс берудің электрондық және қашықтан нысандарын енгізу, т.б. мәселелерде жастар арасында дәстүрлі онлайн-сауалнамамен аяқталды. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, респонденттердің 46,2%-ы сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтар сайлауда және референдумда дауыс бермеуі керек. Ал 45,7%-ы сот қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныған және бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың дауыс беруге құқығы жоқ екенін атап өтті.

Жастардың басым көпшілігі (86,8%) прези­денттікке үміткер қазақ тілін білу үшін лингвис­тика­лық емтихан тапсыруы керек деп санайды. Сауал­намаға қатысқандардың 67,1%-ы прези­дент­тікке кан­дидаттарға елде тұру мерзімі бойынша, ал Мәжіліс де­путаттығына – сайлау округінде тұру мерзімі бо­йын­ша қойылатын талаптарды қолдайды. 47%-ы дәс­түрлі бюллетеньмен дауыс беруді жөн көреді екен. Сауалнамаға қатысқан сұхбат­тасушылардың жар­тысынан астамы (55,1%) тол­тырылған бюллетеньмен суретке түсуге (селфиге) ты­йым салуды енгізу қажет деп санайды, ал 39,7%-ы сай­лау мен референдумдарда заң бұзушылықтар мен манипуляциялар себебінен интернет арқылы дауыс бермейтінін білдірді. Респонденттердің 28,2%-ы сайлау мен референдумдарда мерзімінен бұрын (көпкүндік) дауыс беруді енгізуді қолдамайды.

Кездесудің соңында ОСК төрағасы Н.Әбдіров жастарға қарата жас сайлаушылар арасында сайлау мәдениетін арттыру, ауылдар, кенттер, қалалар, аудандар әкімдерін, мәслихаттар мен Мәжіліс депутаттарын сайлауға жастардың қатысуының маңыздылығын түсіну қажет деп атап өтті.