
Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Боз төбенің басындағы зиратта майдангер Адай Есенғалиев жерленген. Ол 1943 жылдың басында 18 жасқа толып, майданға аттаныпты. Жеңіс күнін Берлин қаласында қарсы алып, 1950 жылы елге оралды. Табиғатынан тұйықтау майдангер соғыс туралы әңгімеге сараңдау еді. Өзінің бай баласы ретінде қуғын көрген жастық шағы ойына оралды ма, әлде сүйегі табылмаған әкесі Иманқожаның рухы алдындағы өтелмеген парызы жанына тыныштық бермеді ме екен?
Иманқожа ХIХ ғасырдың басындағы Қазақстанның батыс өңірінде өмір сүрген ірі байлардың бірі болған. Шілдеде суатқа құлаған үйір-үйір жылқысы көлдің суын сарқып ішеді екен. Төрт түліктің қадірін жетік білетін бай шұрайлы қоныс іздеп, өріс жаңарту үшін жыл он екі ай көшіп-қонып жүреді. Қазан революциясынан кейін «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген жалаң ұранмен байлардың мал-мүлкін жаппай конфискелеу, қудалау науқаны қызған кезде Иманқожа бай үдере көшіп, өріске сыймайтын малымен майлы қиян Маңғыстауға табан тірейді. Осы қасиетті топырақта 1925 жылы дүниеге келген ұлына Адай есімін береді.
Ұлан-ғайыр қазақ даласын шарпыған «революция алауынан» оңай құтылмасын сезген Иманқожа кішкентай Адайды аталас ағайыны Саянға аманаттап, Еділді бойлап, Сарытау (Ресейдің Саратов облысы) асады. Бұл жақта да қызыл революция дүмпуі шыдатпай, қайтадан Нарын жақты бетке алады. Қазір Қызылқоға ауданы аумағындағы Тайсойған құмынан тиянақ табуға тырысады. Қалың елі қазағының жоғын жоқтаған Алаш идеясы көңіліне қонған Иманқожа бай көмек ретінде алашордашыларға 4-5 үйір жылқысын береді. Көшіп-қонып жүрген аласапыранда дүниеге келген төртінші ұлының есімін алашордалықтардың құрметіне Алаш деп атайды.
«Мыңғырған мал біткен Иманқожа байдың соңғы тұрақтаған жері – Нарын құмына жалғас жатқан Бекетай құмындағы Кетешағыл қонысы. Одан әрі ізі жоқ. Қанша іздестірсек те, ешқандай дерек табылмай тұр. Сол маңайдағы мұсылмандар қауымына Адайұлы Нұрмағамбет бастаған ұрпақтары белгі қойды», дейді мемлекеттік қызмет саласының ардагері Сағынғали Шотпақов.
Қатардағы жауынгер Адай Есенғалиев Ковель қаласы үшін болған ұрыста ерекше ерлік көрсеткен. Ол жау тылына жасырын барлау жүргізіп, қарсы жақтың бір миномет батареясы, үш пулемет нүктесі, бір танкіге қарсы бекініс, үш блиндаждың орналасқан жерін анықтаған. Сөйтіп, оған ұрыс тактикасын ұйымдастырып, жау шебін бұзып өтуге жол ашқан. Осы ерлігі үшін барлаушы А.Есенғалиев 1944 жылы 13 шілдеде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Ал 1-Белоруссия майданының 165-минометшілер полкінің құрамындағы барлаушылар взводының қатардағы жауынгері А.Есенғалиев Бобруйск, Каленкович, Мозр қалаларын жаудан азат етудегі ерлігі үшін III дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды. Кейінірек Варшава қаласы үшін болған қиян-кескі шайқаста Висла өзенінен «тіл» әкелгені үшін II дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Көп ұзамай Одер өзенінде болған шайқаста да батылдығымен көзге түскен аға сержант А.Есенғалиев I дәрежелі «Отан соғысы» орденін кеудесіне қадады.
Батыл барлаушы А.Есенғалиевтің I дәрежелі Отан соғысы орденіне байланысты түсініксіз жайт бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін оның марапаттау қағазындағы мәліметті түпнұсқа көшірмесін сол күйінде бергенді жөн көрдік.
«В боях с немецко-фашисткими захватчиками товарищ А.Есенгалиев показал образцы, смелости и мужества. 30.04.45 г. он участвуя в разведгруппе, которая вела разведку боем в районе города Бранденбург из своего автомата лично убил 16 солдат и офицеров противника и содействовал в захвате 6 пленных.
5.05.45 г. Товарищ Есенгалиев начальником разведки дивизиона двигался в передовой цепи пехоты. Северо-западнее города Бранденбург в районе Фл.Кютцков противник оказал сопративление. Под прикрытием огня дивизиона батальон атаковал противника. В атаке участвовал товарищ Есенгалиев, который из личного оружия убил 10 гитлеровцев, этим самым способствовал пехотному подрезделению овладеть населенным пунктом Кютцов.
Достоин Правительственной награды Ордена Славы I-й степени.
Командир 135 минометного полка полковник (Гурьянов). 11.5.45».
Бұл ерлік шежіресіне үңілсеңіз, 1945 жылдың 5 мамырында болған ұрыс қимылдары нақты деректермен келтірілген. Ал 11 мамырда жоғары наградаға ұсынылған.
Бірақ қазақ жауынгеріне тиесілі I дәрежелі «Даңқ» орденін қызғанған жоғары деңгейдегі басшылық А.Есенғалиевтің соңғы шайқастағы ерлігін көпекөрінеу бұрмалаған. Сөйтіп, I дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ауыстырып жіберген. Өтірікшінің айғағы қасында дегендей онысы «байқаусызда» құжатта көрініп қалыпты. Жоғарыдағы 1945 жылғы 11 мамырдағы барлаушы А.Есенғалиевті наградтау туралы ұсынысты қара сиямен бір сызып, I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталсын деп 1945 жылғы 24 мамырда қол қойған генерал полковник Казаков екен.
Әттең тағдырлы тұлға Адай Есенғалиевке ерлігіне сай тиесілі марапаты табысталса, үш дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері ретінде Кеңес Одағының батырына теңестірілетін еді. Сонда батыр жауынгерлердің қатары тағы бір адамға толығатыны даусыз болатын. Махамбет ауданының тұрғындары Кеңес Одағының батыры Г.Канцевпен бірге А.Есенғалиевтің де ерлігін дәріптеп жүрер еді. Дегенмен Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ерлігі ескеріліп, еліміздің жоғары марапаты «Халық қаһарманы» атағы берілсе, батырдың ерлігіне лайықты құрмет болары анық.
Майдангер Адай Есенғалиев 1950 жылдың соңында соғыстан кейін елге жеткенде тауы тасқа шағылғандай болды. Өзін соғысқа аттандырған ауылы Бақсайдағы бір ферма түгелімен Қалмақ Республикасына көшірілген. Нәубет жылдары әкесі Иманқожадан көз жазып қалып, тәрбиесін көрген Саян ағасын іздейді. Бақсайдағы барлық мал фермасында меңгеруші болып, елге пайдасын тигізген Саян ағасы да соңғы мобилизациямен Сталинград майданына аттанған. Бір өкініштісі, соғысқа аттанған күннің ертеңіне тылдағы жауапты тұлға ретінде оны жұмыс орнында қалдыру жөніндегі жоғары жақтың рұқсат қағазы (бронь) келеді. Бірақ бұл кезде бәрі кеш еді. Сөйтіп, Сталинградты қорғау үшін болған сұрапыл шайқаста әкесіндей болған ағасы Саян Есенғалиұлы да мерт болады. Сүйегі сол жақта қалды. Бұл күнде оның есімі Волгоград қаласындағы Мамай қорғанында орнатылған ерлік тақтасында жазылған.
Ал Адай Есенғалиев Есбол ауданындағы Кулагино кеңшарына жұмыс іздеп келіп, Қанымзияға үйленеді. 1950–1952 жылдар аралығында Есбол аудандық сотында сот орындаушысы болып қызмет атқарады. Көп ұзамай бауырының майданнан оралғанын естіген інісі Алаш іздеп келіп, өзімен бірге Қалмақ Республикасына көшіріп әкетеді. Онда 1972 жылға дейін Юстин ауданына қарасты Харба селосында есепшілік жұмысты істейді. Сол жылы көппен бірге елге оралып, 1985 жылға дейін әртүрлі мекемеде диспечер, кадр бөлімінің инспекторы қызметін абыроймен атқарып, зейнет демалысына шықты. Үш жылдан кейін өмірден озды.
Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,
Махамбет ауданының құрметті азаматы