
Адалдық – адамның ішкі өзегін қалыптастыратын қасиет қана емес, қоғам дамуының басты қозғаушы күші. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен және биылғы Ұлттық құрылтайда осы өзекті мәселеге баса мән беріп, жастар тәрбиесіне қатысты нақты бағыт-бағдарды айқындап берді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап еліміздің әр өңірінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Ақсақалдар кеңесі құрылды. Бұл – ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға, сонымен қатар жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беруге бағытталған маңызды қадам болды. Қазір республикада 1 260 Ақсақалдар кеңесі жұмыс істеп тұр. Құрамында 7 500-ден аса азамат бар.
Мәселен, Қостанай облысында кеңес 2023 жылдың 19 қаңтарында құрылып, оған зиялы қауым өкілдері мен түрлі этностан 22 азамат енді. Ал облыс көлемінде кеңес мүшелерінің жалпы саны 300-ден асады.
Кеңес жоспарына сай отыздан аса бағыт қамтылып, халықпен тікелей жұмыс жүргізіліп жатыр. Негізгі бағыттың бірі – «Адал азамат» жобасы. Бұл – Мемлекет басшысының әділетті қоғам құру идеясын жүзеге асыруға негізделген. Мақсат – жоғары адамгершілік қасиеттерге ие, азаматтық жауапкершілігі зор, еңбекке адал, бірлік пен заңдылықты қадірлейтін тұлғаларды тәрбиелеу.
ҚХА «Адал азамат» қоғамдық жобасын белсенді іске асыру және жалпыұлттық құндылықты ілгерілету үшін Ақсақалдар кеңесі базасында ақпараттық-түсіндіру тобын құрды. Арнайы әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, өңірде әр салада еңбек еткен ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен кең ауқымды насихат жұмыстары жүріп жатыр.
Ұйымдастырылатын дәрістер – сананы тәрбиелейтін тағылымды кездесулер. Олар Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Бауыржан Момышұлы атамыздың, әл-Фараби секілді ұлы ойшылдардың даналық сөздері мен Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда жүктеген тапсырмаларына негізделіп өтеді. Жастарға адалдықтың мәні мен әділдіктің күнделікті өмірдегі көрінісі, шынайы патриотизм ұғымы түсіндіріледі.
Мәселен, 10 сәуірде еліміздің түкпір-түкпірінде «Ақсақал тағылымы» атты кең көлемді іс-шара ұйымдастырылып, дәрістер өткізілді. Бастама арқылы Ақсақалдар кеңесі этносаралық келісім мен бейбіт өмір құндылығын насихаттауға тырысты. Одан бөлек, биыл халықтың проблемалық мәселелерін қарау және оларды шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының қатысуымен «Даналық көпірі» интерактивті кездесулері ұйымдастырылды. Мәселен, Қостанай қаласындағы кездесуде облыс тұрғындарынан 20-дан аса сұрақ келіп түсті. Көтерілген өзекті мәселелер уақтылы шешілуі үшін жергілікті жауапты органдарға жіберілді.
Былтырғы ҚХА сессиясында Президент Ассамблеяның қоғамдағы нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм мен ысырапшылдық сияқты әлеуметтік мәселелермен күресудегі рөлін ерекше атап өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жастарды қорғау – бүкіл қоғамның жауапкершілігі екенін баса айтты.
Бүгінде облыстық Аналар кеңесімен бірлесе осы бес әлеуметтік кеселдің алдын алуға бағытталған тақырыптық дәрістер, тәрбие сағаттарын өткізіп тұруды қолға алдық.
Кейінгі уақытта қоғамда «Адал азамат» жобасының әсерін байқап жүрміз. Өңірлерде жастар өз еркімен волонтерлік қозғалыстарға қатысып, әлеуметтік жобаларды іске асырып, экологиялық сенбіліктер мен қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады. Бұл олардың қоғам өміріне енжар қарамайтынын, жауапкершілік жүгін сезіне бастағанын көрсетеді. Яғни жастар тек тыңдаушы емес, нағыз бастамашыл, идея ұсынушы, әрекет етуші азаматқа біртіндеп айналып жатыр.
Айта кету керек, жақында Қостанайда алғаш рет ақсақалдарға арналған семинар-тренинг өтті. Іс-шарада ақсақалдар «Адал азамат» жобасының мазмұнымен терең танысып, әдістемелік материалдар алды. Енді олар өз аймақтарында жастармен етене жұмыс істеп, жобаның құндылықтарын насихаттауға кіріседі.
Қалқаман ЖАҚЫП,
Қостанай облысындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы